26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Айтыстағы хадис пен сүннет

Айтыстағы хадис пен сүннет

Дәстүр даналығы
Жарнама

Халық ауыз әдебиетінің маңызды бір саласы – айтыс. Сөз өнерін қадірлейтін халқымыз оны сүйіп тыңдап, айтыскерлерге үйінің төрінен орын берген. Міне, осындай қастерлі өнер туындысы – айтыс арқылы да ата-бабамыз халыққа дінді насихаттауды ұмытпаған.

Дін қызметкерлері, әсіресе имамдар Ислам дінінің халық арасында кең өріс жаюы, діни терминдердің халықтың құлағына сіңіп, көкірегінен орын тебуі үшін ақындарды осы мәселелерде сөйлетуге тырысқан.[1] Исі мұсылман айтыскерлеріміз де діни тақырыптарда қалыс қалмай өздерінің тапқырлықтарын байқатып отырған. Мысалы, Болық пен Елентайдың айтысында мұның жарқын көрінісін көруге болады.

Болық:

Ақын жігіт атанған Елентайым,

Өнерпаздың өнерпаз білер жайын

Жауап бер бір азырақ сөз сұрайын:

Әуелі не жаратты бір құдайым? – десе, Елентай оған:

Болық, маған белгілі сенің сырың,

Біздерден артық емес айтқан жырың.

Бұрынғы даналардан есітемін

Жер мен көк жаралды елден бұрын,[2] – деп жауап береді.

Міне, бұл айтыста әлемнің жаратушысы Алла екені, Оның әлемді жаратуы жайлы тақырыпты қозғайды. Ал, Рысжан мен Әсеттің арасында өткен айтыста Исламның бес шарты баяндалған: Рысжан:

«Ра», «мем», «нон», «хи» менен «зи» оған ерген,

Бұл бес әріп бес сөздің бесеуінде

Білдің бе мағынасы қайдан келген? – деп жұмбақ етіп жасырғанда, Әсет ақын:

Бір сарай нұрланады Мекке-дүр «мем»,

Хажы – парыз, бай кісіге хақтан келген.

«нон» – намаз, «ра» – руза, «зи» – зекет-дүр,

Парыздың енді бірі – иман білген,

Хажы Исламның бесіншісі «хи» деген сол[3], –деп жұмбағын жаңылмай шешіп береді.

Осындай діни мәліметтер қамтылған айтыстарда айтыскерлеріміздің хадис пен сүннеттерге сүйеніп, сөз сөйлегендерін көруге болады. Мысалы, жоғарыда айтылған Болық пен Елентайдың айтысына қайта оралайық.

Болық:

Елентай, жақсы жауап береді екен,

Сұрауға тағы бір сөз келеді екен.

Дүниенің әуелінде жер жаратылса

Қара жерді көтерген немене екен?

Елентай:

Қыз Болық, өлең айт деп қылдың тілек,

Шошымас сұрағанда біздің жүрек.

Жаралған алып болып бір көк өгіз

Тұрады мүйізімен жерді тіреп.

Болық:

Елентай сөйлер сөзге кемел екен,

Сұраса жақсы жауап береді екен.

Қара жерді көтерген өгіз болса,

Көк өгізді көтерген немене екен?

Елентай:

Жаратқан өзі жарлық қылған дейді,

Ешкім күмән қылмайды бұған дейді.

Қара жерді көтерген ол көк өгіз

Табанымен тас болып тұрған дейді.

Болық:

Бұларды ақылменен оңдай ма екен?

Мүйізі ол өгіздің талмай ма екен?

Көк өгізді көтеріп тұрған болса

Қара тастың шамасы қандай екен?

Елентай:

Қазақтың оны білер баласы жоқ,

Ішінде көп оқыған данасы жоқ.

Дүниенің айналасы теңіз дейді

Айтылған қара тастың шамасы жоқ.

Болық:

Елентай, сөйлер сөзге шебер екен.

Бұл сөзіме не жауап берер екен.

Айналасы шамасы алыс болса

Қара тасты көтерген немене екен?

Елентай:

Әр нәрсе де өзінің сыйымында,

Жарамастай нәрсе жоқ қиын мұнда.

Көк өгізді көтерген ол қара тас

Бір балықтың тұрады екен иығында.[4]

Болық пен Елентай айтқан дүниенің жаратылысы жайлы мәліметтерді хадис кітаптарына енген мына хадистен көруге болады: «Жер судың үстінде, су бір жартастың үстінде, жартас болса балықтың үстінде, балық болса екі аяғы бос кеңістікте тұрған бір періштенің үстінде».[5] Бұл хадис жайлы мұсылман ғалымдар түрлі жорамалдар айтқан. Хадисші Әлбани бұл хадисті ойдан шығарылған деп бағалаған.[6]

Ұлбике мен Күдері қожа арасында өткен айтыста да Ұлбике бұл әлемде алғаш не жаратылған деп сұрағанда, Күдері қожа:

Әуелі Мұхаммедтің нұрын қылған,

Он сегіз мың әлемнен бұрын қылған,[7] – дейді.

Бұл жерде Күдері қожаның мына хадиске сүйеніп жауап бергенін көруге болады: «Алланың алғаш жаратқаны сенің пайғамбарыңның нұры, ей, Жабир!»[8] Осы айтыста Ұлбике де есім сұраудың сүннет екенін, өзінің де осы сүннетті ұстанып, қарсыласының аты-жөні кім екенін сұрайтынын айтады. Ұлбикенің ұстанған сүннеті: «Бір кісі біреумен танысқанда атын, әкесінің атын және кімдерден екенін сұрасын. Себебі, бұл әрекет жақындықты арттырады»,[9] – деген хадистен шыққаны түсінікті. Жарылқасын ақын да бір айтыста Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіне меңзеп, қарсыласына былай дейді:

Жарқыным, сәлем берсең, сәлемет бол,

Жетеді мұратына өлмеген құл.

Сіз сәлем берсеңіз, біз әлік алдық,

Сүннеті пайғамбардың қазулы жол,[10] – дейді.

Сонымен қатар, ақын Әбубәкір Кердері бір күні татар ақыны Нұрыммен кездеседі.

Нұрым ақын:

Қазағым сен білмесең мен айтайын

Қазақты бір рауаятта «кәпір» деген, – деп оның мысын баспақ болады. Сонда Әбубәкір дереу оған хадиспен жауап қатып:

Кәпір деп мұсылманды діннен шықтың

Байқасаң мұның түбі бір іс болар,[11] – дейді. Бұл жерде Әбубәкір Кердері нық сеніммен кесіп айтқан тұжырымын мына хадистен шығарғаны белгілі: «Бір адам біреуге «кәпір» деген кезде екеуінің біреуі кәпір болады. Егер айтылған адам кәпір болса, әлгі адамның сөзінің рас болғаны. Ал, егер олай болмаса, айтушының өзіне айтқан сөзі кері оралады (өзі діннен шыққан болады)».[12]

 Осылайша айтыс өнерінің майталмандары сөздерінің өтімді, өткір әрі басымдыққа ие болуы үшін хадистерді дәлел ретінде қолдануы, оның халқымыздың діліне сіңісті болып, күнделікті қоңыр тіршілігінде көрініс табуы сүннет жолымен жүріп, хадистерді ту еткендігінің бұлтартпас айғағы болса керек. Пайғамбарымызға (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) деген сүйіспеншілігін басына тәж еткен халқымыз хадис пен сүннетті кейде тура, кейде жаңылыс қолданса да, оны рухани өміріне арқау еткенін осындай өнер туындыларынан да көруге болады.

Материал «Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] С. Мұқанов, Айтыс, 8-б., А., 1941.

[2] Айтыс, I, 304-б., А., 1998.

[3] Сабит Мұқанов, Қазақ қауымы, 203-б., А., 1995.

[4] Айтыс, II т., 63-64-бб.

[5] Хәйсәми, Мәжмәуз-зәуаид, VIII т., 131-б.

[6] Мұхаммад Насируддин әл-Әлбани, Силсиләтул-әхадисид-даифә уал-мәудуа, 308-б, Бейрут, 1985.

[7] Айтыс, I т., 79-80-бб.

[8] Кәшфул-Хафа, I т., 265-266-бб.

[9] Тирмизи, Зухд, 53.

[10] Айтыс, 183-б.

[11] Әбубәкір, Қазағым, 229-230-б.

[12] Бухари, Әдеп, 73.

Бөлісу: