27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Қонақжайлылық – асыл дінімізбен астасқан қазақы қасиет

Қонақжайлылық – асыл дінімізбен астасқан қазақы қасиет

Дәстүр даналығы
Жарнама

Қонақжайлылық қазақтардың ежелгі қасиеті. Бұл жөнінде XIX ғасырдың аяқ кезінде Ресей зерттеушісі Виктор фон Герн былай деп жазған болатын: «Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды ақкөңілділігімен және қонақжайлылық қасиетімен таңғал- дырады. Мұның өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет. Үйге келген қонақ оларда әрқашан үй иесінің қамқорлығы мен қорғауында болады.»

XIX ғасырда Қазақстанда болып, оны зерттеген неміс зерттеушілерінің бірі Ф. фон Хелльвальд та былай деп жазады: «Қырғыз-қайсақтар барынша қонақжай, мейірімді болып келеді. Олардың киіз үйіне кіріп жайғасқан кез келген жатжерлік адамның өзімді біреулер тонап немесе өлтіріп кетеді-ау деп қауіптенбей, алаңсыз ұйықтай беруіне әбден болады».

Қазақтың дархандық, жомарттық қасиеті бұрынғы көшпелі ата-бабаларынан үзілмей келе жатқан дәстүр. Ислам діні келген соң осы дәстүрлерді одан әрі бекітіп, оларға мұсылмандық реңк берді. Қасиетті аяттар мен ардақты Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиеттері, сахабалардың сөздері ілкіде қалыптасқан ізгілік ұстанымдарын одан әрі нақтылап, олардың басты мақсаты Жаратқанның жарылқауына жету екендігін түсіндіріп, қайта жаңғыртты. Кейіннен қазақтар сақилық қасиет сөз болғанда Атымтай жомартты мысалға келтіретін болды. Ал, Атымтай персонажының түп негізі араб дәстүрінде мәшһүр болған Хатим ат-Таи, яғни Таи тайпасынан шыққан Хатим деген кісі. Арабтар оны жомарттықта мысалға келтіретін. Мұсылманшылықпен бірге келген бұл мысалды қазақтар жатсынбай, өзінікіндей етіп өңін келтірді. Хатим ат-Таиға тілі келмегендіктен Атымтай деп қазақыландырып алды. Уақыт өте келе ол адамның араб екендігі ұмытылып, қазақы мысалға айналды.

Кең сахараны жайлаған қазақ халқында қонақ кәдесінің орны ерекше. Әр үйде қонаққа арналған сый-сияпат алдын ала дайын тұратын. Бұл үрдіс қазірге дейін сақталған. Қонақтың сыбағасы әрқашан дайын тұрады. Мейман күту қазақтың заңына айналған. Егер қонаққа лайықты құрмет көрсетілмесе, халық биі үй иесіне айып салатын. Қонаққа деген мұндай құрметтің бір негізі Ислам дінінде жатыр. Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін», – деген.[1] Ұқба ибн Амирден (р.а) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Қонақ күтпейтін жанда қайыр жоқ», − деген.[2]

Қазақтар қонақты арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ, қылқыма қонақ деп төртке бөлген. Солардың ішінде құдайы қонақ үй иесі танымайтын бейтаныс жан, жолаушы. Отағасы оны бұрын-соңды көрмеген адамын «Құдайы қонақпын» десе болды, жылы шыраймен қарсы алып отырған. Халық нақылында қонақтың құрметін білдіретін «қырықтың бірі – Қыдыр», «қонақтың өз ырыс-несібесі, құт-берекесі бар» деген сияқты ұғымдар қалыптасқан. Мейман бейтаныс болса да, үйдің төріне шығарылып, қонағасы беріліп, құрмет көрсетіледі. Қазақта қонақ болудың қатып қалған мерзімі болмайтын. Арнайы қонақтар апталап, айлап мейман болатын.

Ал, «үш күнге дейін қонақ» дейтін қағида көбіне құдайы қонаққа қатысты айтылатын. Оған дейін келген кісінің мақсаты сұралмайтын. Аталмыш қағиданың діннен алынғанына дау жоқ. Оған төмендегі риуаят дәлел болады. Әбу Шурейх Хуейлид ибн Амрдан (р.а) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күнінен иман келтірсе, қонағының сыйын жақсылап берсін», – дейді. Сахабалар: «Оның сыйы не?» – деп сұрағанда, ол (с.ғ.с.): «Оның сыйы – бір күн және түн. Қонақ ету үш күн, одан асқаны үй иесінің садақасы», – деген.[3]

Ансарлықтың қонақ күтуі

Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта бірде Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) бір кісі келіп, өзінің аш екендігін білдіреді. Пайғамбар (с.ғ.с.) оны тамақтандыруды әйелдерінің біріне тапсырмақ болғанда ол жұбайы: «Өзіңді ақиқатпен жіберген Алланың атымен ант етейін, үйде қара судан басқа ештеңе жоқ», – дейді. Сосын басқа бір әйеліне жібермек болғанда, одан да сондай жауап алады. Сөйтіп, Пайғамбардың (с.ғ.с.) үйінде қонақ күтерлік жағдай жоқтығы анықталады. Ақырында Алланың Елшісі (с.ғ.с.) сахабаларына қайырылып: «Мына кісіні кім қонақ етеді?» – деп сұрайды. Сонда ансарлардың бірі тұрып: «Мен қонақ етейін, уа, Расулулла!» – дейді. Сөйтіп, оны мейман ету үшін алдымен әйеліне барып: «Үйде бірдеңе бар ма еді?» – деп сұрайды. Әйелі: «Балалардың талғажу етіп отырған азығынан басқа ештеңе жоқ», – деп жауап береді. Күйеуі: «Оларды бірдеңемен алдандырарсың. Қонағымыз үйге кіргенде шамды сөндір. Біз бірдеңе жеп отырғанға ұқсайық. Ал, ол тамақ жеп болған соң шамды жақ», – дейді. Сөйтіп бар тағамын қонаққа беріп, оны разы қылады да, үйде ештеңе жоқ екендігін сездірмейді. Сол ансарлық таңертең алдына келгенде Алланың қалауымен оның ісінен хабардар болған Пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла кешегі түні жұбайыңмен екеуіңнің қонағыңа жасаған істеріңе риза болды», – деп, ізгі ісінің сауабымен сүйіншілейді.[4]

Дастархан әдептері

Қазақ халқында сақталған әдептілік дәрістерінен нағыз мұсылман ұстанымының көрінісін көреміз. Солардың бірі дастарханда отыру, тамақтану әдебі. Енді халық санасында сақталған сол әдептерді хадис шәрифтермен ұштастырып көрелік. Дастарханға отырғанда Алланың атын ауызға алып, тамақты табақтың жақын жерінен оң қолмен алып жеу ата-бабадан келе жатқан дәстүрлі әдеп. Бұл Пайғамбардың (с.ғ.с.) өсиеттерінен алынған өнегелер. Омар ибн Әбу Сәләмә (р.а) былай дейді: «Маған Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Уа, бала! Алланың атын атап, оң қолыңмен же. Өзіңе жақын жерден же», – деп айтты».[5]

Қазақтың қонақжайлылығы, көңілінің мырзалығы - дәстүр мен діннің біте қайнасып бөлінбес дүниеге айналғандығының бір мысалы. Ар-ұжданның ақ туын көтерген ата-бабаларымыз кейінгі ұрпағына ең басты байлық – дін дәстүрлерімен өрілген теңдессіз ділімізді, ұлттық болмысымызды, салт-сана, әдет-ғұрпымызды атаның батасымен, ананың ақ сүтімен бойымызға дарытып кетті. Қоғамды ынтымаққа ұйытатын, бірлікке бастайтын осынау құндылықтарды қадірлей білейік.

Материал «Дін мен дәстүр 1» кітабынан алынды

Ummet.kz


[1] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

[2] Ахмет риуаят еткен

[3] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

[4] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

[5] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

Бөлісу: