26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пәлекетке ұшыратқан байлық

Ғибратнама
Жарнама

Мәдиналық мұсылмандардың ішінде Сағлаба атты сахабаның дүние-мүлікке, байлыққа деген құштарлығы ерекше болатын. Жатса да, тұрса да «бай болсам мына жетім-жесірлерге, мұқтаж болғандарға көмек берер едім» деп бар аңсарының соған ауғаны соншалық, ойлай-ойлай шақшадай басы шарадай болып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылды. Ақыр соңында шыдамаған ол сүйікті Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) келіп:

 -  Уа, Алланың елшісі! Мен үшін «бай болсын» деп, дұға жасаңызшы?!– деп өтінді. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) оның бұл қалауына:

-  Шүкірін өтей алатын аз малың, шүкірін өтей алмайтын көп малдан артық емес пе? – деп жауап берді.

Бұл сөзге шынында да, ойланып қалған Сағлаба біраз уақытқа дейін тоқтамға келгендей болды. Сонда да «Тауықтың түсіне тары кіреді» дегендей, артынша-ақ баяғы әніне қайта басыпты. Тағы да шыдамай:

-  Уа, Расулаллаһ! Бір дұғаңызбен байлыққа кенелтіңізші? – деп, Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) етегіне жармасты.

Бұл жолғысына іштей ренжіп, қабағын түйген Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) оған ғибрат алсын деген ниетпен:

-  Аллаға ант етейін, егер шын қаласам мына тау-тастың бәрі маған алтын боп берілер еді, бірақ мен қаламадым, - деді.

Шындығында, Алланың ең сүйікті құлы Пайғамбардың үйінде апта бойы, тіпті ай бойы қазанға салар, тіске басар ештеңе табылмайтын. Күн ара ораза ұстайтын Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ауыз ашары жоқтықтан көбіне үш-төрт құрмамен ғана шектелгендігі баршаға аян еді.

Осыларды ойлаған Сағлаба тағы да біраз уақыт сабасына түседі. Уақыт өте келе «байболсам, кедей-кепшіктерге қол ұшын бермес пе едім, сөйтіп, көбірек сауап таппаймын ба?» - деген ой қиял әлі де мазалаған ол, ақыр соңында, үшінші рет Пайғамбарға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жүгінуді жөн көрді. Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) алдында бар уәдесін үйіп-төккен Сағлаба: «Сені Пайғамбар етіп жіберген Аллаға ант етейін! Егер Алла мені байлыққа кенелтсе, жарлы-жақыбайларға міндетті түрде қарасып, қорғанышына айналамын!» - деді сендіре.

Сағлабының мұнша тілегіне шыдамаған Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) «Аллаһым! Сағлабаны қалаған байлығына қауыштыр!» - деп қол жайып, дұға жасады.

Осы бір қасиетті тілектен кейін қой алып баға бастаған Сағлаба бұрынғыдай мешіттен шықпай, Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) артында үзбей намаз оқитындығы үшін «Мешіт құсы» деп аталғандығы былай тұрсын, енді мал соңынан қолы тимейтіндіктен тек қана бесін мен құптан намаздарына ғана мешітке соғатынды шығарды. Көбіне қазаға да ұшыратып жүрді. Аз уақытта берекеті асып-тасып, шалқыған үстіне шалқи түскен Сағлабаның малы көбейген сайын көбейіп, енді мыңғырған малға Мәдина төңірегінен жаңа жайылымдар іздеу керек болды. Сағлаба енді тек жұма намаздарына ғана мешітке келіп жүрді. Сөйткенше шөлдегі тың жайылым іздеген мал көп өтпей жұма намаздарын да ұмыттырды.

   Анда-санда өткен-кеткендерден елдегі хал-жағдайды сұрап, Сағлаба мал соңында салпақтап, шөл асып кете барды. Малдарымен қоса қара басының қамын ойлаудан аса алмай қалған күйге түсті. Сағлабаның көрінбей кеткенін байқаған Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) оның қайда екенін сұрағанда:

 - Мыңғырған малының соңында шөл кезіп кетті, - деген жауапты естігенде, іштей ренжіген Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) басын шайқап:

 -  Қап, Сағлабаға обал болған екен,- деді, аяныш білдіріп.

 Осы уақыттарда зекет-садақа жайлы аяттар түсіп, дәулетті мұсылмандардың жағдайы нашар мұсылмандарға көмектесуі туралы үкімдер келді.

 Аяттардың бұйрығын әр мұсылман шын ықылас-пейілдерімен шама-шарқынша атқарып жатқанда,  Сағлаба: «Бұларың қып-қызыл адамды талау емес пе?» - деп, «шығайбайшылыққа» басып, малының зекетін талап етіп барғандарды құр алақан қайтарды.

 Мұны естігенде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) тағы да: «Қап, Сағлабаға обал болған екен» - деп мұңайды.

  Сағлабаның «Байысам, мұң-мұқтаждарға қарасар едім» деп ант-су ішіп, артынша бұл уәдесінен айнып шыға келуіне байланысты «Тәубе» сүресінің мына аяттары келіп түсті:«Кейбір екі жүзділер: Алла бізді өз кеңшілігінен дүние, мал-мүлік, байлыққа кенелтсе, садақа беріп, игілерден болатындықтары жайлы Аллаға сөз береді. Ал олар Алла Тағала байлыққа қауыштырған кезінде, байлықтарына сараңдақ қылып, Алладан жүздерін бұрып (әміріне қарсы келіп), берген уәделерінен айныды».

 Осы аят арқылы Сағлабаның екі жүзділер қатарына жатқызылғандығы білініп, жаны ашыған бір туысының Сағлабаның жанына батыра айтуымен, Сағлаба кедейлердің ақысын беріп, Алла алдында екіжүзділіктен арылмақ болып, малын айдап әкелген оған Алла Тағаланың тыйымымен енді қабылдай алмайтындығын айтып, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) қарсылық білдірді.

 Кейіннен сүйікті Пайғамбарымыз дүниеден өткеннен кейін, одан кейінгі халифалар Абу Бакр және Омарға (Алла оларға разы болсын) малының зекетін беру үшін барса да, олар: «Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) қабылдамаған зекет малдарыңды біз қайтіп қабылдамақпыз?!» - деп Сағлабаның зекетін керексінбеді.

 Үшінші халифа Осман тұсында қайтыс болар алдында Сағлабаның құлағында: «Шүкірін өтей алатын аз малың, шүкірін өтей алмайтын көп малдан артық емес пе еді?!» деген Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) осы бір ғибратты сөздері жаңғырып тұрды.

Қорыта айтқанда, бай болайық, кедей болайық Алла өз пенделеріне ненің хайырлы екенін бізден жақсы біледі. Әрдайым қолымыздағы бар нәрсеге шүкір етіп жүрейік.

 

 

 

Бөлісу: