26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Періштелердің қанаттары бар ма?

Періштелердің қанаттары бар ма?

Ақида
Жарнама

Әдетте періштелер жайлы сөз еткенде, олардың қанаты бар ма, жоқ па деген сұрақтың ойға оралатыны белгілі.

Періштелердің қанаттары мен олардың саны жайлы мәліметтер Құран аяттары мен хадистерде де көптеп кездеседі. Құранда: «Көктерді және жерді жасаған сондай-ақ екі, үш және төрт қанатты періштелерді елші қылған Аллаға барлық мақтау лайық. Ол жаратуда қалағанын арттырады. Күдіксіз Алланың кез-келген нәрсеге толық күші жетеді»,[1] – деп екі, үш және төрт қанатты періштелердің бар екендігі айтылуда.[2] Аят соңындағы «Ол (Алла) жаратуда қалағанын арттырады» сөзі Алла Тағаланың одан да көп қанатты періштелерді жаратқандығына ишара болса керек.

Алайда періштелердің қанаты біздің түсінігіміздегі яғни құстардікіндей қанат емес. Қанаттарының бір ерекшелігі сол олар өте жылдам қимылдайды. Сол себепті олар Алла Тағаланың әмірін қас қағым сәтте орындайды.[3] Куртубидің «әл-Жамиу ли-әһкамил Құран» атты тәпсірінде пайғамбарымыз миғражға шыққанда Жәбірейілді 600 қанатпен[4] көргендігін айтса, Исрафил періштенің 12 000 қанатты екендігін, олардың бір қанатының өзі көкпен жердің арасындағы кеңістікті жауып тұрғандығын айтады. Әрине, мұны біз білетін қанат деуге келмейді. Періштелердің жаратылысының өзі бұл дүниедегі жаратылыстарға ұқсамағандықтан, олардың қанаты да дәлме-дәл құстардікіндей, не ұшақтың қанатындай дей алмаймыз.

Періштелер адам ойы мен қиялынан тыс тұрады. Сол себепті олардың шынайы болмысы Ұлы Алла мен оларды көрген пайғамбарларға ғана аян.

Материал «Періштелерге иман» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Фатыр, 35/1

[2] Табәри, әл-Жамиул Бәйан, 22/76

[3] М.Шаркауи, әл-Қуранул-Мәжид, Кайр, 1971, 164

[4] Бухари, Тафсир, Нәжім, 1; Бәдул-халқ, 6; Муслим, Иман, 280-282; Тирмизи, Тафсир, Нәжім, 3279

Бөлісу: