25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Уахи және уахидің келу жолдары

Ақида
Жарнама

Қасиетті кітабымыз Құран Кәрім Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) уахи арқылы түсті. Уахи сөзі - жасырын сөйлесу, сыбырлау, айту, сөйлеу, ишара ету деген мағыналарға келеді.

Алла Тағала елшілеріне кез‑келген қалаған құбылысты не оқиғаны уахи арқылы білдіреді. Уахидің қандай болатындығы мен қалай әсер ететіндігі бізге беймәлім, ол Алла пен пайғамбар арасындағы сырлы сөйлесу халі. Хазіреті Пайғамбарымызға уахи мынадай жолдармен келген:

  1. Шынайы түс. Уахидің ең көне келу түрі шынайы түс арқылы жүзеге асқан. Мысалы, Хазіреті Ибраһим түсінде ұлы Исмайылды сойып жатқанын көреді. Соңынан Алланың әмірімен ұлы Исмайылды құрбандыққа шалмақ болғаны баршамызға мәлім (қараңыз: 37.Саффат, 104- 105). Сондай-ақ Юсуф (а.с.) пайғамбардың түсінде күн мен айдың және 11 жұлдыздың өзіне сәжде еткенін көруі, (қараңыз: Юсуф сүресі) уахидің осы түріне жатады. Сол секілді Хазіреті Пайғамбарымыздың да көрген түстері айна-қатесіз дәл келіп отыратын. Бұл жөнінде Айша анамыз: «Пайғамбарымыздың көрген түстері дәл келетін. Бұл түстер таң нұры секілді анық еді» (Бухари, Бәдиул уахи 3) дейді. Сол себептен сахабалар Пайғамбарымыз ұйықтап жатқанда, өзі оянбайынша тұрғызып, мазаламайтын еді.
  2. Хазіреті Пайғамбардың ояу кезінде Жәбірейіл көрінбестен жүрегіне уахиді үрлеуі. Аятта бұл уахи түріне былай деп тоқталады: «Оны (Құранды) Жәбірейл (Рухул Қудус) келтірді. Ескертушілерден болуың үшін жүрегіңе қондырды. Ап-ашық бір араб тілінде түсірді» (26.Шуғара, 193-195).
  3. Жәбірейіл кейде уахиді адам бейнесіне әкелетін. Бұл уахи алудың ең жеңіл түрі. Риуаят бойынша, Жәбірейіл көбіне Дихя есімді сахабаның бейнесінде келетін.
  4. Жәбірейіл көрінбестен, шыңғырлаған немесе араның ызыңдаған даусына ұқсас дауыспен уахи әкелетін. Уахидің ішіндегі ең қиыны осылай келген уахи еді. Мұндай жолмен келген уахилер көбіне ескерту, қорқыту түрінде айтылған аяттардан тұратын. Осы жолмен уахи келгенде Хазіреті Пайғамбарымыз қатты қобалжып, дірілдеп, терлеп кететін. Айша анамыз былай дейді: «Қатты суық бір күні Хазіреті Пайғамбарға уахи келгенін көрдім. Сондай суық күні уахи келіп кеткенде, Расулуллаһтың маңдайынан суық тер шығатын» (Бухари, Бәдиул уахи – 2).
  5. Жәбірейлдің өз бейнесінде уахи әкелуі. Мұндай уахи 23 жылдың ішінде екі-ақ рет болған. Алғашқысы - Хира үңгірінде, екіншісі - Миғражда, яғни Сидратул Мунтахада Жәбірейілді көріп, уахи алады. Хазіреті Пайғамбар Жәбірейілді Хира үңгірінде алғаш өз бейнесінде көрген кезде қорқыныштан талып қалған-ды.
  6. Хазіреті Пайғамбардың ояу күйінде Алла Тағаламен сөйлесіп, уахи алуы. Миғражда Хазіреті Пайғамбар перде арқылы Алла Тағаламен сөйлесіп, бес уақыт намазды, «Бақара» сүресінің соңғы екі аятын алған.

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz 

Бөлісу: