26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құран Кәрім туралы

Ақида
Жарнама

Алла Тағаланың шексіз рақымдылығының асыл айғағындай болған, Жаратқанның ең соңғы қасиетті кітабы – Құран Кәрім.

Бүкіл мұсылман жұртының жансарайының шуағы мен тіршіліктегі темірқазығына айналған Қасиетті Құран Кәрім 610 жылы Жәбірейіл періште арқылы бүкіл адамзатқа жіберілген соңғы пайғамбар Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) түсіріле бастады. Құранның алғашқы аяттары Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) 610 жылы Рамазан айында Хира үңгірінде Ұлы Жаратушыға мінәжат үшін барғанында нәзіл болғаны баршамызға белгілі. Алғашқы түскен аят «Алақ» сүресінің бастапқы 5 аяты еді. Содан бастап 23 жыл ішінде Құранның барлық аяттары рет‑ретімен түсіп бітті.

Құран аяттарының түсуінің өзіндік ерекшеліктері бар. Хазіреті Пайғамбарымызға (с.а.у.) кейбір аяттар бірде ұзақ болып түссе, бірде қысқа, кейде сүренің толығы түсетін. Құран Кәрімге «Құран» деп Аллатың өзі ат бер- ген: «Шын Мәнінде ол ардақты Құран» (56.Уақиға-77). «Құран» атауымен қатар, Китаб, Фурқан, Кәләмуллаһ, Хақ секілді атаулар да қолданыста кездеседі. Бұл атаулардың өзін және де өзге Құранға қатысты атауларды Құранның ішінде көптеп кездестіруге болады.

Құран Кәрім соңғы иләһи кітап, әрі алдыңғы иләһи кітаптардың барлығының бір Жаратушы тарапынан түсірілгендігін растайды: «Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеруші (Мұхаммед (с.а.у.)) Алладан саған алдындағыны растаушы Құранды шындық бойынша түсірді. Бұның алдында Таурат пен Інжілді түсірді» (3.Али Имран, 2-3).

 Құран аяттары негізінен белгілі бір оқиғаға яки сұралған сұрақ пен тілек‑дұғаларға немесе шешімі қиын кезеңдерде тура жол нұсқап, мәселенің ақиқатын білдіру мақсатында Алла Тағала тарапынан уахи арқылы түсірілген. Сондықтан Құранның тәпсірі жазылатын аяттарға түсініктеме берген кезде міндетті түрде оның түсу себебін (сәбәбі нузул) негізге алып, сол аят тұрғысында жан‑жақты терең мағлұматқа ие болу шарт. Онсыз аяттағы айтылған үкім мен мақсат түсініксіз болып, басқа ұғымға қолданылып кетуі әдбен мүмкін. Ал оның нәтижесі күрделі пікір қайшылықтарының тууына алып келеді.

Ислам тарихын парақтасақ, Алла Тағаланың пайғамбарларды үнемі елдің азғындаған, күпірлік етек алған тұста жібергендігін байқаймыз. Ал пайғамбарлар болса, ел арасында жайлаған жаңсақ пікірлерді, таралған түрлі қисынсыз әдеттер мен әдепсіздіктерді реттеуде соларға қарсы мұғжизалар көрсетіп, Алланың шексіз құдірет иесі әрі өзінің шынайы пайғамбар екендігін дәлелдеген. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Әрбір пайғамбарға өз заманындағы адамдарды сендіру үшін бір мұғжиза берілген. Маған мұғжиза ретінде берілген нәрсе, тек Аллатың маған уахи еткені ғана» (Бухари, Иғтисам – 1) – дейді.

Мысалы Хазіреті Мұса (а.с.) Ферғауын және оның еліне пайғамбар болып жіберілген кезде, Мысырлықтар арасында сиқыршылық етек жайған еді. Мысырлық сиқыршылар қандай да бір жіп, арқан секілді нәрседен жылан жасайтын. Міне сондай сиқыршылық жайлаған елге Хазіреті Мұса елші болып келісімен үлкен мұғжиза көрсетеді. Ферғауынның сиқыршыларымен үлкен бір алаңда кездесіп, күш сынаспақ болады. Хазіреті Мұса Алланың құдіретімен қолындағы аса таяғын жерге тастаған кезде үлкен айдахарға айналып, сиқыршылардың жіптен, арқаннан жасаған жыландарын бір-ақ жұтып, жиылған елді таң‑тамаша қалдырады. Бұрын-соңды мұндай жайтпен кездеспеген сиқыршылар Алланың құдіретіне бас иіп, Хазіреті Мұса пайғамбарға иман етеді. Яғни шарықтау шегіне жеткен сиқыршылықтың өзі Алланың құдіреттілігінің аясында түкке тұрғысыз құбылыс екендігін Хазіреті Мұса пайғамбар осылайша дәлелдейді.

Ал Хазіреті Иса пайғамбардың тұсы емшіліктің көптеп тарауына дөп келетіні белгілі. Ол кезеңде ел арасында түрлі ауруларға қарсы ем-дом шаралары молынан жүріп жатады. Хазіреті Иса пайғамбар өзінің пайғамбарлығын, Алланың хақ екендігін дәлелдеу үшін түрлі мұғжизалар көрсетеді. Сол мұғжизалардың ең үлкені өлген адамды қайта тірілту, көзі көрмейтін соқырлардың жанарын ашу, сол кездегі аса қауіпті алапес ауруына ұшырағандарды емдеуін бөле‑жара айтуға болады. Сөйтіп, адамдарға Алла Тағаланың шексіз құдірет иесі екендігін дәлелдейді. Осыған ұқсас мұғжизалардан мақсат, ел арасындағы емшіліктің қаншалықты күшті болғанымен өлген адамды тірілуге яки соқыр адамды жарық дүниемен қайта қауыштыруға дәрменсіз екендігін мойындату еді. Солай болды да. Халық Хазіреті Исаның хақ пайғамбар екендігін лек‑легімен мойындауға көшкенде, яһудилердің қастандығының салдарынан пайғамбарлық мерзімі небәрі 3-ақ жылға созылды.

Ал Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) болса, сол кездегі араб еліне Құранды тәблиғ етумен теңдессіз үлкен мұғжиза жасады. Жоғарыда хадисте келтірілгендей, Хазіреті Пайғамбарымыздың мұғжизасы Құран еді. Жаһилиет дәуірінің арабтары мәнерлеп сөйлеу мен әдеби көркем сөйлеуде, шешендік пен өлең айтуда алдарына жан салмайтын. Суырып салма ақындар, сарай шайырлары, сатирик ақындар, мадақ ақындар секілді ақындар қатары өте көп тұғын. Қала берсе, ақындықтарымен екі тайпа жарысып, жеңілген тайпа ызасынан соғысып кететін немесе қандай да бір дауды ақындар бір ауыз шумақпен шешіп беретін. Өз руынан шыққан ақынның сайыста жеңілуі бүкіл ру үшін өліммен тең еді. Жыл сайын араб өлкесіндегі ақындардың ірі‑ірі жыр сайыстары болып тұрды. Мұндай аламан өлең жарыстар халық көп жиналатын жәрмеңкелерде, әсіресе «Уқаз» жәрмеңкесінде өтетін. Сондай жарыстардан жүлде алған әйгілі ақындардың өлеңдері қымбат матамен тысталып, сыртына алтын жалатылып іліп қою үрдісі қалыптасты. Араб әдебиетінде мұндай ақындарды «Муаллақа ақындары» деп атады. Мұндай атақ-даңққа ие болған жеті ақынның есімі белгілі. Бұлардың соңғысы Ләбид есімді ақын Құран Кәрімдегі «Бақара» және «Али Имран» сүрелерін естіген кезде: «Бұдан кейін маған өлең жазу ұят болады», - деп, Құранның алдында еріксіз бас иген екен.

 Аллатың кереметі, ақынымен мақтанатын араб халқына Құран түсіріп, ауыздарына құм құйылғандай жұмған ауыздарын аштырмай тастайды. Өйткені, Құран әрі айтылуы жағынан, әрі мағына жағынан таңғажайып кереметке бергісіз құбылыс болатын. Құран аяттары өлеңге мүлде ұқсамайтын, аңызға, ертегіге, қара сөзге де мүлдем келмейтін мағынаға ие болды. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) Құран аяттарын алғаш үйреткенде жерлестері Құранды келеке етті. Қала берді, Құран аяттарын Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) өзі ойдан құрастырып айтады, және ондайды біздің ақындарымыз да шығара алады деген сандырақтарға жол берді. Иә, Құранға жасалған мұндай әдепсіздікке қарсы Алла Тағала былай деп аят түсірді:

«(Мұхаммед) «Егер адамдар мен жындар осы Құранның ұқсасын келтіруге жиналса, тіпті олар бір- біріне көмекші болса да келтіре алмайды - деп айт» (17.Исра – 88).

«Я болмаса олар: Құранды өзі жасап алды дей ме? Жоқ, олар иман келтірмейді. Ендеше,егер шыншыл болса (сөздерінде тұрса) Құран сияқты бір сөз келтірсін» (52.Тур, 33-34).

Әрине, Алланың айтқан бұл сөзіне арабтар түгіл, күллі әлем жұмылса да Құран аяттарына тең келер ешбір туынды жасай алмасы айдан анық еді. Арабтар бұл мәселеде шарасыздық танытқан соң, Алла Тағала оларға ең болмаса Құранға ұқсас 10 сүре, оған күштері жетпесе, тіпті болмағанда 1 сүре құрастырыңдар, құдіреттеріңді көрейін деп талап қояды:

«Немесе олар: Құранды өзі жасады дей ме? (Мұхаммед (с.а.у.)) оларға: Егер айтқандарың шын болса, Алладан өзге көмекке шақыра алатындарыңды шақырыңдар да, ол сияқты жасама он сүре келтіріңдер деп айт» (11.Һуд-13).

«Егер құлымызға түсіргенімізден күдіктенсеңдер, онда сендер де соған ұқсас бір сүре келтіріңдер, Алладан өзге көмекшілеріңді де шақырыңдар, егер сөздерің рас болса. Егер оны істемесеңдер (әзір келтірмесеңдер, келешекте) сірә істей алмайсыңдар. Ендеше отыны адамдар, тастардан болып кәпірлер үшін әзірленген оттан қорқыңдар!» (2.Бақара, 23-24).

Құран адамзат тарихында өзінің мұғжизалығымен тыңдаушыны баурап алатын бірден бір баға жетпес кітап. Сөзі мен мағынасының байлығы оның тек қана Жаратушыдан екендігін толықтай айғақтайды. Мысалы, Мекке мүшріктері Хазіреті Мұхаммедті (с.а.у.) өлтірмек болып шешім қабылдағанда Хазіреті Омар: «Мұхаммедті (с.а.у.) мен-ақ өлтіремін. Елдің бірлігі үшін ешқандай ақы да алмаймын», - дейді. Бірақ, жаны жайсаң Омар «Таһа» сүресін оқығанда оның адам сөзі болуы мүмкін емес екендігін еріксіз мойындап, бірден иман келтіреді. Мүшріктердің көсемі Әбу Суфиян, Әбу Жәһил және Ахнес Құранның шексіз кереметіне өздерін қалайша алдырып қойғанын білместен түн жарымда бір-бірінен жасырынып келіп Пайғамбарымыздың Құран оқыған әуенін үш күн қатарынан тыңдаған еді. Олар Пайғамбарымызға қарсы шығушылардың көсемдері болатын. Сөйте тұра, олар неліктен Құран тыңдаған сәтте өздерін ұстай алмады? Тағы бірде мүшріктердің беделді кісілерінің бірі Утба ибн Рабиға Хазіреті Пайғамбарымызға келіп: «Не қаласаң берейік. Бай болғың келсе дүние берейік, әмірші болғың келсе Меккеге әкім етейік, қаласаң Меккенің ең сұлу деген қызын некелейік, тілегіңді түгел орындайық. Тек райыңнан қайтсаң болғаны», - дейді. Сонда Хазіреті Пайғамбарымыз жауап ретінде «Фуссилат» сүресін оқып береді. Утба Құранның соншалықты керемет мағыналы сөздерінен кейін үн-түнсіз, басы салбырап өзін күтіп отырған достарына барып:

«Не айтарымды білмеймін. Өмірімде естімеген, теңдесі жоқ сөз естідім. Өлең де емес, сиқыр да емес, палшылық та емес, мен білетін ешбір нәрсеге ұқсамайды. Ей, Құрайш тайпасы, мені тыңдаңдар! Оны еркіне жіберіңдер. Естігендерім адам сөзіне ұқсамайды. Ол өз дегенінде табысқа жете алмаса, арабтар Оны жөнге салар, біз де құтыламыз. Ал егер Ол табысқа жетіп жатса, ол жеңіс сіздің де жеңісіңіз болмақ!» ‑ дейді.

 Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар оқу-жазу білмейтін елші бола тұра Алладан келген уахиді адамдарға үйретумен, Құранның хақтығын әлемге паш етті. Жай паш етіп қана қойған жоқ, жұртшылықты Оның тұңғиық сырына нұсқады. Асылында, Құран Кәрім көптеген ғылыми мәселелерді бұдан 14 ғасыр бұрын айтып кетті. Ғылым  мен техника дамыған бүгінгі күнде ашылып жатқан жаңалықтардың Құран Кәрімге тікелей қатысты екенін әлем ғалымдары бірінен соң бірі мойындауда. Сондықтан ғылым дамыған сайын Құран да жасара түсуде. Бұл да болса, Қасиетті Құран Кәріміміздің Алла Тағала тарапынан түскендігінің басты айғағы.

а) Құранның жазылуы

 Бүкіл адамзатқа Алла Тағаланың Ұлық аманаты һәм баға жетпес сыйы болып табылатын Құран Кәрім - Ислам дінінің бірінші және бірегей кітабы. Аспан әлемдері мен жер бетіндегі адамзаттың арасындағы дәнекері.

Жоғарыда Құран 23 жыл ішінде түрлі оқиғалар, сұрақтар мен қажеттіліктерге сәйкес түсіп отырды дедік. Хазіреті Пайғамбарымыз дүниеден қайтқанға дейін Құран аяттары түсіп отырғандықтан оның бір кітап болып жинақталу мүмкіндігі болмады. Себебі, сүренің аяқталғанын немесе аяқталмағандығын Пайғамбарымыздың өзі де білмеді. Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) Алла Тағаладан келген уахиді өзінің уахи жазушыларына айтып, бірден қаламға алдыратын. Түскен аяттардың қай сүреге тиесілі екендігін де айтып беретін (Дегенмен Құранның Хазіреті Пайғамбарымыздың кезінде кітапқа жинақталмауының өзіндік себебі бар). Хазіреті Пайғамбарымыздың уахи хатшыларының қатарынан: Хазіреті Зәйд ибн Сабит, Муаз ибн Жәбәл, Убей ибн Қағб, Әбу Зәйд, Әду Дарда, Абдуллаһ ибн Мәсғуд, Али ибн Әбу Тәліб және Хазіреті Осман секілді сахабаларды ерекше атап өтуге болады.

Хазіреті Пайғамбарымызға әр жылы рамазан айында Жәбірейл келіп, сол уақытқа дейін Құраннан түсіргендерін бастан аяқ қайталап хатым еттіретін. Ал сахабалар болса жаңа түскен аяттарды яки толықтай сүрелерді тез жазып, әрі сол ізін суытпай жаттап алатын.

Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) дүниеден өткен соң кейбір сахабалар Құранды кітап ретінде топтастыру қажеттігін сезініп, өз беттерінше аяттарды жинақтауға көшеді. Мысалы, бұл тұрғыда Хазіреті Абдуллаһ ибн Мәсғуд, Убей ибн Қағб, Хазіреті Әлидің жинақтаған нұсқаларын айтуға болады. Алайда бұл нұсқалар қазіргі Құран тәртібінің реттілігімен құрылмаған болатын.

Хазіреті Әбу Бәкір 632 жылы халифа болған кезінде кейбір араб тайпалары халифаға бағынбау әрекеттеріне көшеді. Мұнымен қоса, дәл сол кезде төрт бірдей жалған пайғамбарлар шығып, олармен кішігірім соғыстар жүрді. Осы соғыстардың ішіндегі ең ауыр шайқас жалған пайғамбар Мусәйлиматул Каззабпен болған Ямама шайқасы еді. Міне, осы шайқаста 70 қари шәхит болғандықтан шайқастан кейін Хазіреті Омарды Құран мәселесі қатты мазалайды. Өйткені бір шайқаста 70 қари шәхит болса, мұнан соң да қаншама қақтығыстар болуы әбден мүмкін еді. Ал солардың әрбірінде қарилар осылай шәхит бола берсе, Құранның келешек халі қандай болмақ? Бұл жерде ашығын айту керек, Құранның да алдыңғы үмметтердің кітаптары секілді бұзылу мен ұмытылуға жетелер белгілі бір дәрежеде қаупі болды. Хазіреті Омар бұл мәселені Хазіреті Әбу Бәкірге жеткізеді. Бірақ, Хазіреті Әбу Бәкір Хазіреті Пайғамбардың өзінің мұндай іске бармағандығын айтып, Құранды жинақтау ісіне бірден келісе қоймайды. Хазіреті Омар болса, бұл істің жақсылықтан басқа әкелер пайдасының болмайтындығына ант ішіп, түсіндіреді де, Әбу Бәкірді бұл іске көндіреді. Осы келіссөздердің нәтижесінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) уахи хатшысы, ақылды, алғыр қари Зәйд ибн Сабитке Құранды жинақтау жұмысы тапсырылады. Зәйд ибн Сабит бастаған алқа мүшелері Құранды жинақтауға көшеді. Сол кезде Құран аяттары негізінен құрма жапырақтарына, тастарға, маталарға, сүйектерге жазылған еді.

 Хазіреті Зәйд ибн Сабит Құран аяттарын жинақтауда сахабаларға мынадай шарт қойды: 1. Құран аяттары тек жаттап алған, яғни ауызша үлгіде ғана емес, сонымен бірге жазбаша парақшаларын да қоса алып келу және салыстыру. 2. Уахиден жазып алынған парақшаларды дәл Хазіреті Пайғамбардың құзырында жазып алғанын көрген екі куәгер болуы тиіс. Басқалай жағдайда аяттардың ол түрлері қабылданбайды. Осындай қатаң талаптармен жиналған Құран аяттары бір кітап күйіне келтіріліп, халифа Хазіреті Әбу Бәкірдің өзіне тапсырылады. Бұл жинақтау жұмысы Хазіреті Пайғамбарымыз дүниеден озғаннан кейін, араға алты ай салып барып іске асқан болатын. Хазіреті Әбу Бәкір қайтыс болмай тұрып, қолындағы алғашқы Құранды Хазіреті Омарға тапсырады. Хазіреті Омар көзі тірісінде өзінен кейінгі халифаны көре алмағандықтан өз қызы әрі Пайғамбарымыздың жұбайы Хазіреті Хафса анамызға тапсырып кетеді.

Хазіреті Омардан кейін халифа болып Хазіреті Осман тағайындалғаны мәлім. Хазіреті Османның халифалық кезінде ислам діні кеңінен қанат жайып, көптеген елді мекендер мен тұтастай бір аймақтар Ислам дінін қабылдап жатты. Асылында, Құран жеті қырағатпен (диалект – ләхжә) түскендіктен қари сахабалар жаңадан мұсылман болғандарға Құранды түрлі қырағатпен үйретіп жатты. Нәтижесінде сахабалардың әр аймақта қоныстанғандығының себебінен, жер‑жерде үйретіліп, оқылып жатқан Құран аяттарының қырағаттары да әр түрлі болды. Тіпті, әр мұсылман тек өзінің үйренген әдісін ғана дұрыс деп, өзге әдісті қате деп санауға көшті.

Хазіреті Осман тұсында Азербайжан мен Арменияны алу мақсатындағы жорықта осындай түсініспеушілік туды. Ирактан келген сарбаздар мен Сириядан келген сарбаздар арасында Құранды дұрыс оқу мәселесіне бай- ланысты үлкен шу шықты. Бұл жасақтың қолбасшысы Хазіреті Хузайфа ибн әл-Яман мәселені одан әрі өршітіп алмауды көздеп халифаға: «Әй, муминдердің әміршісі! Бұл үммет яһудилер мен христиандардың өз кітаптарына қатысты талас шығарғаны іспетті, бұлар да аят қырағаттары үшін қырқысып кетпей тұрғанда мәселені біржақты етіңіз», - дейді. Бұл Хазіреті Османның халифалығының екінші, һижраның 25 жылы болатын. Хазіреті Осман Хазіреті Хафса анамызға хабар жолдап, қолындағы Құранды сұратады. Анамызға Құранды бірнеше нұсқа етіп көбейткен соң, түпнұсқасын қайтарып беретіндігін де айтып білдіреді. Онан соң Хазіреті Осман Құранды көбейту ісі мен оны бір ғана қырағатпен (диалектпен) яғни Құрайыш диалектісімен ғана жазуды төрт сахабаға тапсырады, олар: Зәйд ибн Сабит, Абдуллаһ ибн Зубайр, Сайд ибн Ас және Абдуррахман ибн Харис ибн Хишам атты сахабалар еді. Алқа төрағасы етіп Зәйд ибн Сәбитті сайлайды. Оларға Құран Құрайыш диалектісімен түскендіктен Құрайыш тілімен ғана жазылып, көбейтілу керек екені шегелеп тапсырылады. Хазіреті Осман үш құрайштық сахабаға: «Егер де сіздер Құранмен байланысты бір мәселеде Зәйдпен келісе алмай қалсаңыздар, оны Құрайш тілімен жазыңыздар. Өйткені Құран Құрайыш тілімен түскен»,- деді. Құрылған алқа мүшелері қажетті нұсқаларды жазып біткен соң, Хазіреті Осман өзге Құран аяттары жазылған нұсқаларды, парақшаларды біржола жағып жіберу қажет деп әмір етеді. Әрине, бұл шешім – кейінірек тууы әбден ықтимал негізсіз мәселелердің алдын алу мақсұтындағы сақтық әрекет еді. Көбейтілген Құран нұсқалары Куфа, Басра, Шам, Мекке, Мадина қалаларына жіберіледі. Келесі бір риуаятта Йемен мен Бахрейн қалаларына да бір‑бір нұсқадан жіберілген деседі. Түпнұсқаның өзі әдепкі уәде бойынша Хазіреті Хафса анамызға қайтарылып беріледі. Хазіреті Хафса қайтыс болғаннан кейін, сол кездегі Мадина әкімі Маруан ибн Хәкәм бұл түпнұсқа Құранды Хафсаның інісі Абдуллаһ ибн Омардан сұратады. Ол кісі (Абдуллаһ ибн Омар) сұраушының сөзін екі етпестен, Құранды дереу Маруанға бергізеді. Ал Маруан болса, ол Құранды жақтырып жібереді.

Міне, Құранның жазылу ерекшелігіне қатысты біз білетін қысқаша тарихы осылай болып келеді. Бүгінде әлемнің түкпір‑түкпірінде оқылып, қолданылып жүрген Құран – Хазіреті Османның жинақтап, жаздырған Құраны. Сондай-ақ сүрелердің орналасуы да сол кездегі тәртіппен жазылған.

ә) Аяттардағы харекет пен грамматикалық белгілер

 Ежелден қолданылып келе жатқан араб әріптері әуелде харекетсіз, нүктесіз, тәнуинсіз, шәддәсіз еді. Жаһилия дәуіріндегі араб әліпбиі мен кейінгі араб әліпбиінің арасындағы айырмашылықты мұсылмандар заманның талабына сай өзгертуге мәжбүр болды. Жаһилия дәуірінде болсын, Пайғамбар дәуірінде болсын, төрт халифа тұсында болсын арабша оқып жазу мұсылмандар үшін аса қиын шаруа емес болатын. Себебі, арабтар жазылған әріптерге қарап жеңіл түрде ажыратып оқи беруші еді. Сондықтан алғашқы Құран аяттары жазылған парақтар мен кітаптар да осы іспетті үйреншікті әріптерден тұратын. Мұндай жазу әлбетте, сауаты бар, көзі ашық араб үшін ешбір қиындық тудырмайтын. Ал уақыт өте келе, Ислам дінінің шеңбері кеңейіп, арабтардан да өзге ұлт өкілдері мұсылмандықты қабылдағаннан кейін араб тілінің грамматикалық ерекшеліктері бұзыла бастайды. Сөйтіп, әсіресе, тегі араб емес мұсылмандар күн өткен сайын Құран аяттарын оқу мәселесінде едәуір қиындықтарға тап болады. Қиындықтар былай тұрсын, бірте‑бірте аяттар жекелеген сөздер қате оқылып жатты. Осыдан келіп, Құран тілін шұбарлауға жол бермей сақтап қалудың жолдары қарастырыла бастады.

 Араб тілінің синтаксисін алғаш бір ізге келтіріп, реттеуші Хазіреті Әли болып саналады. Хазіреті Әлиден Әбул Әсуәд әд-Дуали есімді (өл.69/688) кісі грамматикалық заңдылықтарды үйреніп, біліктілігімен көпке танылды. Кейінірек ол кісіден де көптеген шәкірттер дәріс алып, Құранның қырағаты мен әдеби жағын зерттеуде ілкі қадамдар жасалды. Әбул Әсуәд өз заманындағы танымал лингвист маман болғандықтан оған тіл саласын ретке келтіретін жаңа бір әдістеме енгізу жөніндегі ұсыныстар түсе бастайды. Осындай ұсыныстың алғашқысын Басра әкімі Зияд ибн Сумәйя (өл.53/673) жасайды. Ғалым бұл ұсынысты орындаудан алғашқыда бас тартады. Ал Зияд ибн Сумәйя болса, уақыт өткен сайын араб тіліне байланысты түсініспеушіліктің арта түсетінін алдын ала пайымдап, бірде бір кісіге Әбул Әсуәд әд-Дуәлидің өтетін жолына отырып бір аятты әдейі қате оқуды бұйырады. Сөйтіп, уағда бойынша әлгі кісі Әбул Әсуәдтің өтіп бара жатқанын көріп, «Тәубе» сүресінің үшінші аятындағы («Әннәллаһә бәриюн минәл-мүшрикина уә расулуһу») «расулуһу» сөзін, әдейі бұрмалап «расулиһи» деп оқиды. Ал бұлай оқылғанда аяттың мағынасы мүлдем өзгеріп шыға келеді. Яғни, аяттың негізгі мағынасы «Расында Алла және Елшісі мүшріктерден безеді», деген болса, «Расулиһи» деп оқығанда: «Алла мүшріктерден және елшісінен безеді», деген ұғымды білдіреді. Мұны құлағы шалған, қырағы Әбул Әсуәд: «Адамдардың жағдайы мұншалықты болады деп ойламадым», - деп, Әкім Зиядқа өзі барып, оның ұсынысын орындайтындығын білдіріп, өзіне көмек беретін хатшы (катиб) сұрайды. Зияд ғалымға арнайы көмек беретін хатшы ретінде 30 кісі жіберді.

Әбул Әсуәд 30 хатшының ішінен зерек бірін таңдайды да, бір қолына Құранды, бір қолына қаламсапты беріп: «Мен оқығанда аузымнан шыққан бір сөз фәтха (ә) болып оқылса, әріптің үстіне бір нүкте қой, егер кәсра (и) болып оқылса әріптің астына бір нүкте қой. Ал егер дамма (у) етіп оқысам, әріптің алдына бір нүкте қой, тәнуин оқысам екі нүкте қой», - деп үйретеді. Әбул Әсуәд Құранды жайлап, асықпай, ежелеп оқиды. Хатшы айтылған белгілерді қойып, бет біткен сайын Әбул Әсуадқа беріп отырады. Ол да харекеттерін тексеріп барып, ары қарай жалғастырып, Құранға бастан аяқ нүкте қойып шығады.

Құран біраз уақытқа дейін осы әдіс бойынша оқылды. Дегенмен, арабша білмейтін мұсылмандар үшін бұл да ауыр болды. Кейінірек араб филологиясында танымал Халил ибн Ахмед (өл.175/791) Құранды оқуда жаңаша әдіс қолданады. Оған дейін Құран әріптерінде тек харакелерді білдіретін нүктелер ғана болып, әріптерді бір-бірінен ажырататын қазіргідей астында, үстінде нүктелер болмады. Яғни, бә, тә, сә, нун, секілді әріптердегі нүкте кейіннен қойылды. Осындай ұқсас әріптердегі қиыншылықты шешу үшін Халил ибн Ахмед әріптерді ажырату мақсатында нүктелер қойып шықты. Алдыңғы Әбул Әсуәдтың үлгісімен қойылған нүктелермен араластырмау үшін ол нүктелерді бөлек түсті сиямен белгіледі. Сонымен харакеттегі нүктенің орнына фатха (ә), кәсра (и), дамма (у), тәшдид, тәнуиндер өз орнын тапты. Құранның осы оқу жүйесін Ислам әлемінің бәрі дерлік толықтай қабыл етіп, мұнан былай аяттарды осы әдіспен осылай оқуға көшті.

Алайда, әрбір жаңа іске азды‑көпті сын болмай тұрмайтыны да белгілі. Құран әріптеріне грамматикалық өзгешеліктер енгізуге қарсы болғандар да аз болмады. Мысал ретінде айтар болсақ, олардың санатында Абдуллаһ ибн Омар, Абдуллаһ ибн Мәсғуд сынды белгілі сахабалар да болды. Аталмыш кісілер Құранға ешқандай өзгеріс енгізуге болмайды деген пікірді басшылыққа алып, бұл іске аса оң баға бере қоймады. Бірақ, қалай дегенде де Құран әріптеріне қатысты грамматикалық өзгерістер енгізу шын мәніндегі қажеттіліктен туындағаны белгілі жайт.

б) Құран Кәрімнің өзге иләһи кітаптардан айырмашылығы

Жер бетіне жіберілген пайғамбарлардың соңғысы, екі дүниенің шамшырағына айналған Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) Алла Тағала соңғы иләһи кітап Құранды түсірді. Сол себепті де, Құранның алдыңғы иләһи кітаптарға қарағанда бірқатар ерекшеліктері бар:

  1. Құран – Хазіреті Пайғамбарымызға алдыңғы иләһи кітап секілді бірден толық бір кітап ретінде түспеген. Керісінше 23 жыл ішінде түрлі оқиғалар мен сұрақтарға жауап ретінде және қажеттіліктерге байланысты аят-аят болып, яки сүре ретінде түсті. Бұл оның дер кезінде жатталуына себеп болды. Ал өзге кітаптар бірден кітап ретінде түскен болатын.
  2. Құран ең соңғы иләһи кітап. Құраннан кейін қияметке дейін басқа кітап түспейді. Алдыңғы кітаптар тек өз заманы мен сол ғасырдың қажеттілігіне жауап берсе, Құранның үкімдері қияметке дейін күшін жоймайды.
  3. Құран бізге дейін ешбір өзгеріске түспей жеткен қасиетті кітап және қияметке дейін өзгеріске ұшырамайды. Себебі, Алла өзге иләһи кітаптарға бермеген кепілдікті Құранға берген: «Әлбетте, Құранды біз түсірдік, қорғаушысы да әрине бізбіз!» (15.Хижр – 9).
  4. Құран Хазіреті Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) ең үлкен әрі мәңгілік мұғжизасы (кереметі). Сөздері мен мағынасы да өз алдына теңдессіз мұғжиза (Бұл мәселе жоғарыдағы арнайы тақырыпта қозғалған болатын).
  5. Құранның және бір басты ерекшелігі, ол әрбір заманның талабына жауап бере отырып, сонымен бірге ғылым дамыған сайын жасара түсетіні. 14 ғасыр бұрынғы Құран ақиқаттарын адам баласы ешуақытта жоққа шығара алмайды және бұл шындық күні бүгінге дейін дәлелденіп келеді.

Сондай-ақ Құран бізге ғылымның көптеген салаларынан хабар беруде. Ал Құраннан бұрынғы иләһи кітаптарды ашып қарасаңыз ешбір жерінде медицинамен, астрономиямен т.б. ғылым саласымен байланысты айтқан жаңалықтарды яки кеңестерді табу мүмкін емес. Жаратушының соңғы хақ кітабы Құрандағы ақиқаттар болса, рет‑ретімен адамзат игілігі үшін толассыз ашыла бермек: «Құранның шын екендігі айқындалғанға дейін әлемдегі және өздеріндегі белгілерімді жедел көрсетеміз. Расында Раббыңның әр нәрсеге куә екендігі саған жет- кілікті емес пе?» (41.Фуссилат – 53).

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынған)

Ummet.kz

Бөлісу: