26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Періштелердің ерекшеліктері

Ақида
Жарнама

Періштелер нұрдан жаратылғандықтан, сол жаратылысына тән өзіндік ерекшеліктерге ие. Олардың бұл ерекшеліктерін төмендегідей реттілікпен жүйелеп көрсетуге болады:

 

  1. Періштелер нұрдан жаратылған көзге көрінбейтін тіршілік иесі. Олар ішу, жеу, жынысқа бөліну, үйлену, ұйықтау, шаршау, жалығу, жас, кәрі болып бөліну секілді адамзатқа тән сипаттан ада. Олар Аллаға құлшылық ету ісінде ешқандай шаршау дегенді білмейді. 24 сағаттың ішінде толассыз құлшылық ете береді. Құранда бұл жайында: «Көктер мен жердегілер Алланыкі. Оның қасындағылар Оған құлшылық қылудан дандайсымайды да шаршамайды. Олар күндіз-түні Алланы дәріптеуден (тасбих айтудан) жалықпайды» (21.Әнбия, 19-20) ‑ дейді.

 Жоғарыда айтып өткеніміздей періштелерде жынысқа бөліну, яғни әйел, еркек деген ұғым жоқ. Егер біз періштелер әйел, еркек болып бөлінеді деп айтатын болсақ, күнәһар әрі өтірікші боламыз: «Олар Алланың құлдары періштелерді өздерінше әйелдерге балайды. Олар періштелердің жаратылуын көріп пе еді? Олардың бұл куәліктері жазылып, сұралады» (43.Зухруф-19).

«Енді олардан сұра: «Қыздар Раббыларыныкі де, ұлдар олардыкі ме? Немесе періштелерді ұрғашы жаратқанымызға олар куә ме? Сақ болыңдар! Олар өтіріктерін сапыра береді» (37.Саффат, 149-151).

 «Сөз жоқ, періштелерді әйел жынысы дейтіндер – ақыретке сенбейтіндер. Бұл сөздерінде ешқандай негіз жоқ, тек құрғақ қиялға сүйенеді, ал құр болжам ештеңеге тұрмайды» (53.Нәжм, 27-28).

  1. Періштелер Аллаға ешқашан қарсы келмейді. Тек Алланың әмірлерін бұлжытпай орындайды да, қандай мақсат үшін жаратылған болса, соны ғана істейді. Үнемі Алланы дәріптеумен, мадақтаумен, тасбих айтумен болады. Періштелердің бұл кейпін Құран аяттары анық түрде біздерге білдіреді. Аяттарда былай дейді: «Өздерінен үстем болған Раббыларынан қорқады. Әрі берілген бұйрықтарды орындайды» (16.Нахыл-50).

          «Сонда олар: «Аллатың баласы бар» деді. Алла одан пәк. Олай емес, періштелер ардақты құлдары. Олар одан оза сөз сөйлемейді. Сондай-ақ олар Оның әмірін ғана орындайды» (21.Әнбия, 26-27).

«(Мұхаммед (с.а.у.)) періштелерді ғаршының айналасында Раббыларын дәріптеген түрде көресің» (39.Зумәр – 75).

«Періштелер Алланың өздеріне берген әмірлеріне қарсы келмейді. Не бұйырылса, соны орындайды» (66.Тахрим – 6).

3.Періштелер қанатты болғандықтан өте жылдам әрекет етеді. Күш‑қуаттарының молдығы сондай, олардың күші жетпейтін нәрсе жоқ. Жылдамдықтары біздің қиялымызға келмейтіндей дәрежеде өте жылдам, аспан мен жерді бір сәт ішінде аралап шығатындай қабілетке ие. Бірақ, олардың аталмыш ерекшеліктері әркез Алла Тағаланың рұқсатымен ғана жүзеге асады. Осы айтылған ерекшеліктер төмендегі аяттан да белгілі болып отыр: «Көктерді және жасаған сондай-ақ екі, үш және төрт қанатты періштелерді елші қылған Аллаға барлық мақтау лайық. Ол жаратуда қалағанын арттырады. Күдіксіз Алланың әр нәрсеге толық күші жетуші» (35.Фатыр – 1).

Аятта періштелердің қанаты болатындығы айтылады. Сондықтан да мұсылман кісі үшін періштелердің қанаты болатындығына сенуі парыз. Ал періштелердің қанатының қандай екендігін оларды жаратқан Алла Тағала мен періштені өз бейнесінде көрген пайғамбарлар ғана біледі. Періштелердің қанаттарының әртүрлі болуы олардың Алланың әмірлерін орындау барысындағы жылдамдығы мен Алла құзырындағы дәрежелеріне бай- ланысты.

 «Көкті төңіректеп періштелер ұшып жүреді. Раббының аршысын сегіз періште (төбелеріне) көтеріп тұрады» (69.Хаққа-17). Алланың жаратқандарының ішіндегі ең үлкені – Арш. Міне осыншама үлкен нәрсені қияметке дейін 8 періште көтеріп жүретін болса, олардың қаншалықты алып екенін және де орасан зор күшке ие екенін көзге елестету де, ойлау да мүмкін емес.

Періштелер әп‑сәтте өте ұзақ қашықтықтағы бір мекенге барып‑келу қабілетіне ие. Шамамен айтсақ, періштелердің жылдамдығын жарық сәулесіне теңеуге болады. Мәселен, жарық сәулесінің жылдамдығы 1 секундта 300 000 шақырым делік. Сол секілді періштелер де 1 секундта 300 000 шақырым, бәлкім одан да жылдам қозғалар. Ал жер шарының диаметрі 40 000 шақырым екенін ескерсек, періште көзді ашып-жұмғанша жер шарын 7 рет айналып шығу қабілетіне ие болып шығады. Дегенмен періштенің көкке шығуы, түсуі адамдардың әрекетіне ұқсамайды. Олар осыншама жылдам бола тұрып, кейбір мекенге жету үшін бір күндік уақыт жұмсайды: «Ол жоғары орынға періштелер және Жәбірейл бір күнде шығады. Оның қашықтығы (жер өлшемімен) 50 000 жылдық» (70.Мағариж – 4).

 4.Періштелер Алланың әмірі мен рұқсаты бойынша түрлі бейнеге өте алады. Мәселен, Жәбірейл Пайғамбарымызға (с.а.у.) уахи әкелгенде кейде Дихя есіміндегі сахабаның бейнесінде келген. Сонымен қоса, ешкім танымайтын өзге де кейіпте келетін кездері де болған. Құранның мазмұндық желісіне сүйенсек, періштелер Алланың әмірі бойынша адам бейнесінде Хазіреті Мариям анаға, Ибраһим (а.с.) және Лұтқа (а.с.) келген.

Мариям анаға Алла Иса пайғамбарды әкесіз туылатындығын білдіру үшін Жәбірейлді адам бейнесінде жібереді: «(Мұхаммед (с.а.у.)) Құрандағы Мариямды айтып бер. Сол уақытта ол тұрған үйінің шығыс жағындағы бір орынға жекеленіп барды. Сонда олардың бер жағынан шымылдық ұстап қойған еді. Сондай- ақ оған рухымызды (Жәбірейлді) жібердік те, ол оған толық адам бейнесінде көрінді. (Мариям): «Егер сен тақуа болсаң да, сенен Аллақа сиынамын», деді. (Рух): «Мен саған бір таза бала беруге жіберілген Раббыңның елшісімін» деді» (19.Мариям, 16-19).

Ал, Ибраһим (а.с.) пайғамбарға келген періште оған ұлды болатындығын білдіріп сүйіншілейді. Хазіреті Ибрахим пайғамбар әдепкіде оларды құдайы қонаққа балап, ас дайындайды. Аятта бұл мәселе былайша баян етіледі: «Расында елшілеріміз (періштелер) Ибраһимге хош хабармен сәлем берді. Ибраһим олардың сәлемін алып, сонда дереу пісірілген бұзау әкелді. Ибраһим олардың қолдарын оған тигізбегенін көріп, оларды жатырқады да олардың бұл әрекетін жақтырмады. Олар: Қорықпа! Расында біз Лұт қауымына жіберілдік, деді». (11.Худ, 69-70).

5.Періштелердің ең басты ерекшелігі – олардың көзге көрінбейтіндігі. Періштелердің көзге көрінбеуі олардың нұрдан жаратылу ерекшелігі мен біздің оларды көруге қабілетіміздің жетпейтіндігін білдіреді. Егер Алла бізге толықтай кәміл көру қабілетін беретін болса, онда біз періштені де, қала берді шайтанды да көрер едік. Бірақ, бұл Алланың заңдылығына үйлеспейді. Асылында, періштелерді тек пайғамбарлар ғана өз бейнесінде көре алады.

6.Періштелер ғайыпты яғни келешекті білмейді. Себебі, ғайып, тек Алла Тағалаға ғана аян. Ал, періштелердің тек Алланың үйреткен нәрселерін ғана біле алатындығы аятта анық айтылған: «Алла Адамға (а.с.) атауларды тегіс үйретті де сонан соң оларды періштелерге көрсетіп: «Айтқандарың рас болса, Маған осы нәрселердің аттарын айтып беріңдер» деді. Пе- ріштелер: Сен пәксің! Біз Сенің үйреткеніңнен басқа білеріміз жоқ. Әрине Сен толық білуші, өте данасың деді» (2.Бақара, 31-32).

Ал мына аят ғайыпты, яғни келешекті Алладан басқа ешкімнің білмейтіндігін паш етеді: «Ғайыптың кілттері Оның жанында. Оны Ол өзі ғана біледі» (6.Әнғам – 59). «Көктер мен жердегі көместі (ғайыпты) Алладан басқа ешкім білмейді» (27.Нәмл – 65).

(Материал "Иман негіздері" кітабынан алынды)

ummet.kz

 

 

Бөлісу: