25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Төрт мәзһабты біріктіріп, ең дұрысын алсақ болмай ма?

Төрт мәзһабты біріктіріп, ең дұрысын алсақ болмай ма?

Ақида
Жарнама

Мәзхабтарды теріс түсіну мен түсіндірудің бір себебі мәзһабтар арасы айырмашылықтардың болуы. Бұл айырмашылықтардың қаншалықты жөн, қаншалықты теріс екенін төменде қарастыратын боламыз. Бірақ одан бұрын осы қате түсінікке себеп болған нәрсеге тоқталу керек сияқты.

Мәзһабтар арасы айырмашылықты, дінде бөлінушілікке теңестіру түсінігі Құран мен хадисте кездесетін «ихтилаф» сөзінен туындауда. «Ихтилаф» сөзі – «әртүрлі болу, әркелкі болу, келіспеу, қайшы пікірде болу, айтысып-тартысу, қайшылық, таласқа түсу» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан «ихтилаф» сөзін барлық жерде шариғатқа қайшы істі білдіреді деу дұрыс емес. Құран мен хадисте де орнына\ қарай бірде тыйым салынса, бірде қошталып отырады. Мәзһабтар арасындағы айырмашылық та осындай қошталған «ихтилафтардың» қатарына жатады. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үмметімнің (кейбір мәселеде) әртүрлі көзқараста болуы – рақымдылық», – деген. Хадистегі «әртүрлі көзқарас» арабшадағы ихтилаф сөзінің аудармасы. Ал мұсылман қауымының арасын бұзатын айтыс-тартыс «ихтилафы» нағыз шариғат тыйым салған ихтилаф. Құранда бұлар жайлы: «Алланың құзырында шынайы дін – ислам. Сондай кітап берілгендер өздеріне мәлімет келгеннен кейін араларындағы күңшілдіктен ғана талас-тартысқа түсті. Кім Алланың аяттарына қарсы келсе, күдіксіз Алла тез есеп көруші». Аяттағы «талас-тартыс» сөзі арабшадағы «ихтилаф» сөзі. Бұл жердегі ихтилаф мұсылмандардың сақтануы тиіс «ихтилафтардың» қатарына жатады. Ихтилаф жайында дұрыс түсінік қалыптастыру үшін оның себептерін, сипаттарын білу қажет. Онсыз қайсысының тыйым салынған, қайсысының рұқсат етілген ихтилаф екенін білу қиын.

Қайшылыққа түсудің себептері

Қайшылыққа түсудің себептері әр түрлі. Дегенмен оларды негізгі екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – мінез-құлықтан туындайтын; екіншісі – пікір әркелкілігінен туындайтын қайшылықтар. Қайшылықтың туындауына себеп болатын мінезқұлықтарға төмендегілерді жатқызуға болады.

1. Менмендікпен өз пікірін жоғары санау.

2. Өзгелер жайлы жаман ой мен дәлел-айғақсыз кінәлауға құмарлық.

3. Өзімшілдік пен нәпсіқұмарлық. Осының нәтижесінде атақ пен мансапқа құмарлық пайда болады. Бұл өзгелерді мойындамауға алып барады.

4. Жеке тұлғалардың немесе топтардың фанаты (жанкүйері) болу.

Ихтилаф тақырыбындағы материалдар Юсуф әл-Қардауидің «әс-Сахуат-ул Исламия байна-л ихтилаф-ил машруғ уаттафарруқ-ул мәзмум» кітабы бойынша дайындалды.

Мәзһабты қате түсіну және түсіндіру себептері

Ислами тәрбие саласындағы ғалымдардың пікірінше бұлардың барлығы адамдарды рухани қатерге ұшырататын ең нашар мінез-құлықтар. Ислам уағызшысын былай қойғанда жәй бір мұсылманның өзі бұл мінездерден құтылуы үшін күрес жүргізуі қажет. Мұндайда шайтанның құрығынан құтылып, олардың орнын жақсы мінез-құлықтармен толтыруы үшін нәпсі тәрбиесі қажет-ақ. Ал осы нашар да қатерлі мінездерден бастау алатын қайшылықтар – бөлінушілік пен жамандыққа алып баратын қайшылықтар. Мұның ешбір пайдалы тұсы жоқ.

Пікірден туындаған қайшылықтар

Пікірден туындайтын қайшылықтарға келетін болсақ, бір істе бірнеше көзқарастың пайда болуынан шығады. Бұл іс шариғаттың фиқһи тармақтарында және иман негіздеріне әсер етпейтін кейбір итиқади мәселелердегі қайшылықтар сияқты ғылыми теориялық болуы да немесе саяси ахуалға байланысты шешім қабылдауда болатын қайшылықтар сияқты іс-тәжірибелік болуы да мүмкін. Екі жақтың тәжірибе, білім, көрегенділік, зеректілік сияқты ерекшеліктерінің нәтижесі ретінде туындаған қайшылықтар. Мұнда адамның өскен ортасы мен заманының да әсері болады. Мұндай қайшылықтарға жалпы өмірден көптеген мысалдар бере аламыз. Мәселен бір істің алға жылжып оң нәтиже беруі үшін әр түрлі көзқарастар айтылады. Бірі пайдалы жағын көрсе, бірі зиянды жағын байқайды. Сондай-ақ тарихи оқиғаларға баға беруде де әрқилы пікірлер айтылып жатады. Ойшылдар мен ғылым адамдарын бағалауда да сондай. Бірі жетістігін тізбектесе, бірі кемістігін санауы мүмкін. Осылардың ішіндегі ең кең тараған қайшылықтар фиқһтың тармақ мәселелерінде кездеседі.

Шариғаттың фиқһ саласындағы көзқарас қайшылықтырының себебі мыналар: Құран мен хадис мәтінін түсінуде көптеген мектептердің қалыптасқандығы; Құран мен сүннеттен анық үкім таппағанда сол екеуіне сүйене отырып, өз ізденісімен үкім шығаруда әр түрлі қағидаларға жүгінуі;

Бірінің кеңшілік жағын, бірінің рұқсат шеңберін тар ұстауы сияқты ғылыми-әдістемелік жолдар мен бірінің табиғаты қатты, ал бірінің табиғаты жұмсақ болуы сияқты толып жатқан себептері бар. Мәзһабтар арасы айырмашылықтың барлығы осыған мысал бола алады. Яғни ғылыми әдістемелік жолдың нәтижесі ретінде пайда болған.

Фиқһи айырмашылықтарда назар аударатын жәйттер

Шариғат тармақтарының кейбірінде әркелкілік болуы табиғи нәрсе, әрі үммет үшін мейірім мен кеңшілік. Соған қарамастан дін саласының ғибадат және құқықтық үкімдерінде адамдардың барлығын бір пікірге біріктіргісі келетіндер бұл істерінің мүмкін еместігін білуі тиіс. Олардың қайшылықтарды жоюға күш салулары қайшылық ауқымының кеңеюінен басқа еш нәрсеге алып бармайды. Өйткені, шариғаттың ұстанымы саналмаған үкімдерді түсінуде әркелкілік болуы табиғи қажеттілік екенін айттық. Біз қаламасақ та, бұл әркелкілікті қажет ететін себептер бар. Олар – дін болмысы, тіл құрылымы, адам табиғаты және жалпы жаратылыс пен өмір заңдылығы. Шариғат осылардың барлығымен қатысты болғандықтан олармен өзара үйлесімділік сақтайды. Әйтпесе, өміршеңдігін жоғалтқан өзге діндерден айырмашылығы болмас еді.

материал «Мәзһаб туралы таным» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: