26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Адамдардың барлығы мәзһабсыздыққа бет алса не болмақ?

Адамдардың барлығы мәзһабсыздыққа бет алса не болмақ?

Ақида
Жарнама

«Егер адамдарды құрылыс-сәулет саласында сәулетшінің сөзін тыңдамауға, оның кеңесін алмауға шақырсақ; денсаулық саласындағы проблемалар мен оларды шешуде дәрігерлермен кеңеспеуге, сөздерін тыңдамауға шақырсақ; өнеркәсіп саласында осы саланың мамандарының тәжірибесінен, кеңесінен, мағлұматтарынан пайдаланбауға шақырсақ не болар еді?

Сондай-ақ барлық саладағы мамандарға бағынбауға шақырып, оның орнына осы саланың барлығында әркім өз бетінше ізденіп, осы ізденісінің нәтижесінде жеткен жеке шешіміне сүйенуге шақырсақ және адамдардың осы ісін мақұлдап, олар осыны іске асырса не болар еді? Күмәнсіз бұл істің ақыры – өркениет пен тіршілікті құлдыратып, жоюға алып баратын бассыздық қана.

Адамдар «көркейтеміз» деп ғимараттардың қирауына, «айықтырамыз» деп науқастардың бақилыққа аттануына, «кәсіп етеміз» деп кедейлік пен жоқшылыққа жол ашады. Себебі олар ізденісті (ижтихадты) орынсыз жерде, шарттарын ескермей іске асырды. Қоғамдағы әрбір топтағы адамдардың арасын байланыстырып тұратын бірін-бірі қолдау, жәрдемдесу, білім алу, басшыға бағыну сияқты Алла Тағаланың жалпы жаратылысқа қойған заңдылығын есепке алмады. Бұл заңдылық жас балаға дейінгі барлық адам, тіпті мәзһабсыздықты уағыздаушылар да білетін ақиқат нәрсе. Бірақ діни біліктілік пен халал – харам үкімдері саласында да дәл осы заңдылық болатындығын бұл адамдар неге түсінбейді екен. Мұны біле алмадық! Дүнияуи біліктілікте барлық адамды өз бетінше ізденіспен шешім қабылдауға итермелеуден туындайтын нәтиже қандай болса, шариғат ғылымдары мен халал-харам үкімдерінде барлық адамды өз бетінше ізденіспен шешім қабылдауға итермелеуден туындайтын нәтиже де дәл сондай. Бүгін біздің қолымызда мүжтаһид ғалымдар мен олардың ғұлама ізбасарларының жинақтап, дайындап кеткен фиқһ еңбектерінде адамның жеке өмірі мен әлеуметтік хал-ахуалына қатысты мәселелер толық қамтылған. Оны қажетімізге қарай қолдануға ешбір кедергі жоқ. Осы фиқһи бай мұраны «мұсылмандарды жаппай ижтихадқа шақыру» деген ұранның табанының астына тастар болсақ, онда бұл фиқһтың халі мүшкіл болмақ.

Одан кейін мызғымас ұстанымдарға құрылған асқақ фиқһ ғимаратының орынынан зілзаладан кейінгі қираған қоқыс үйіндісін ғана табамыз. Осылай болатындығы талассыз ақиқат. Бүгінгі күні әрбір мұсылман үшін жеке өміріне қатысты намаз, ораза, зекет сияқты діни мәселелердің үкімдерін білудің оңай жолы бар. Шариғи үкімдердің жиынтығын қамтитын төрт мәзһабтың бірінің кішкене кітабын оқу арқылы бұған қол жеткізе алады.

Әйгілі сахабалар мен табиғиндардан пәтуа сұраушылардың халі қалай болса, бүгінгі адамдардың да егер өзі мүжтаһид болмаса, дәлелдерді түсініп, меңгеруі шарт емес. Егер сен халал мен харам үкімдерін төрт имамның біріне ілесіп әлгі кітаптардан жаттап алуына кедергі болып ижтихад пен зерттеуді мойнына міндеттер болсаң, онда сенің ашықтан-ашық: «Туындаған мәселеге қатысты әркімнің жеке пікірі – Аллаyың үкімін білдіреді» дегенмен бірдейсің. Бұдан кейін тек Ислам шариғатын жеке-жеке, бөлек-бөлек жүйесіз мәселелер күйінде көру ғана қалады. Себебі әркім өз бетінше үкім шығарса, бұдан ары жинақ халіне келтіру кімге қажет. Ал егер біреуді осы имамдар мен кітаптардан ұзақтатқаннан кейін, оны өзге адамдардың ижтихадымен жазылған кітаптарға итермелеп, олардың артынан еруге, жолын ұстануға шақыратын болсаң, онда сен Әбу Ханифаның, Шафийдің, Маликтің және Имам Ахмедтің ізіне еруден алыстатып, соңғы уақытта шыққан «пәленше түгеншенің» ізіне еруге ауыстырудан басқа еш нәрсе істемегенің.

Бұл әрекет төрт имамға деген қызғаныш пен өшпенділіктен басқа еш нәрсе емес. Сондай-ақ, әлгі «пәленше-түгеншелердің» соңынан соқыр сеніммен еріп, пікірлерін жаю ғана. Бірде жанымда намаз оқып, «ташаххуд» отырысында саусағын үздіксіз қимылдатқан студентке:

– Неге саусағыңды бұлай қимылдатасың? – дедім. Ол Пайғамбарымыздың сүннеті екендігін айтты. Мен:

– Бұл жайында қандай хадис бар? Оның сахихтік дәрежесі қандай? Хадистегі қай сөз осылай үздіксіз қимылдату керектігін көрсетеді? – деп сұрадым. Әлгі студент:

– Білмедім. Бірақ «бір кісіден» сұрап аламын, – деді. Әттең ол (өзінің дәлелден хабарсыз екенін білген соң) «Бұл мәселеде Имам Малик мәзһабын ұстанамын» дегенде ғой. Өзін де, өзгені де әуреге салмас еді. Сонымен қатар мойнындағы міндетін орындаған болар еді. Демек бұл жігітті өзге біреуге тәуелді қылып қою үшін ғана, төрт мәзһаб имамының біріне ілесуден тыйған. Ол әлгі «бір адамның» соңына өмір бойы ерсе де, оған осы жолды үйреткендер төрт имамның мәзһабын ұстанушыларға «бір мәзһабпен шектелу харам» деп айтатыны сияқты, оған «саған бір адамның артынан еруің харам» демейді. Бұл оқиғадан фанатизмнің ең сұмдық сипатын, ең зиянды көрінісін көруге болады.

Мүжтаһид дәрежесіне жетпейінше төрт имамның біріне ілесудің қажеттілігі жайлы әкелген дәлелдерімізді ешбір ынсапты адам жоққа шығара қоймас. Егер оны түсінсе, адамдардың барлығын ижтихад жасауға; өзінен бұрын миллиондаған мұсылмандардың ергеніне қарамастан, мүжтаһид имамдардың соңынан еруді тәрк етуге; (әр түрлі негізсіз пікірлер Алланың шариғатын бүлдіретіндігіне қарамастан) әрбір адамды өз түсінгені мен түйгеніне қарай өз бетінше Құран мен хадистен халал-харам үкімдерін шығаруға шақырмас болар. Адамдарды қарама-қайшылыққа алып баратын осындай есіктің айқара ашылуы Ислам мен Ислам шариғатын аяқтан шалушыларға «ижтихад сылтауымен» Исламға іріткі салуға мүмкіндік беретіндігі баршаға аян.

...Сендер (мәзхабсыздар), ғасырлар бойы шариғи тұрғыдан дұрыс екендігі талассыз мойындалған имамдардың артынан ерген мұсылмандарды жайына қалдырыңдар! Егер ижтихадты қаласаңдар, мүжтаһид имамдардың кезінде пайда болмаған бүгінгі күнгі жаңа мәселелердің үкімдерін шығару үшін ижтихад жасаңдар! Сонда біз сендерге табыс пен зеректілік тілеп дұға етеміз. Бірақ сендер, «өмірді сақтандыру», «анонимдік және акционерлік компаниялардың түрлері», «әлеуметтік қамсыздандыру түрлері және әртүрлі келісім шарттардағы өтемақылар» сияқты бүгінгі күні ижтихад жасалып үкімі айқындалуы тиіс болған, бұрынғы имамдар қозғамаған нәрселерден қашасыңдар. Бұл мәселелерде зерттеу жасаудан қашасыңдар да, төрт имамның ижтихадтарын келеке қылып, адамдарды оларға еруден, оларды басшылыққа алудан сақтандырасыңдар.

Құдай ақы, бұл мәзһабсыздардың ішінен бірдебірінің осы бүгінгі шығып отырған, халықтың күнде үкімін сұрап жүрген жаңа мәселелерді зерттегенін көрмедім. Қайта орнығып бекітілген нәрсені жығуға бар күшін салады.

Әй, мәзхабты мойындамайтындар! Сендер мұсылмандардың таңдаулы имамдары жинақтап, олардан кейін мұсылмандар арасында ұрпақтан-ұрпақ қабылдап келе жатқан орнықты бекітілген үкімдерді жайына қалдырыңдар! Сендер мүжтаһид имамдардың ешбірінің зерттеуі мен көзқарасында айтылмаған, бүгінгі шығып отырған, мұсылман жұртшылығы шариғи үкімін біле алмағандығы үшін мазасызданып жүрген жаңа мәселелерге көмектесіңдер! Егер ижтихадтарыңнан нәтиже шығарып, оны Құран мен хадистегі дәлелдеріне ұштастыра алсаңдар әрі өздеріңе тән үкім шығару жолдарыңды сомдап көрсете алсаңдар, онда төрт имамды бірдей алдарыңа тізе бүктіріп береміз. Сонымен қатар, олардың ижтихадтарын сендердің ижтихадтарыңмен мансұқ етуге жол ашып, барлық адамдарды сендердің соңдарыңнан еруге шақырамыз».

материал «Мәзһаб туралы таным» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: