26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Есімдер мен есімделуші (Исм және мусамма)

Есімдер мен есімделуші (Исм және мусамма)

Ақида
Жарнама

Әһлі сүннет ғалымдарының айтуы бойынша, есім мен сол есімді иеленуші – екеуі бір нәрсе. Жаһмия, мұғтазила және каррамия ағымдары «есім мен оны иеленуші: екі бөлек» дейді. Ашғарилердің кейбіреулері: «Есімдер – атаудан (тәсмия, атау) да, аталушыдан (мусамма, аталған) да басқа нәрсе» деп есептесе, тағы бір тобы: «есімдер үш түрлі болады.

Біріншісі – атағанның өзін, екінші түрі – аталушыдан бөлек нәрсені білдіреді. Үшіншісі – аталушыны да, одан бөлек нәрсені де білдірмейді» дегенді айтады. Кәлам ғалымдарының барлығы атаудың аталушыдан бөлек екендігін мақұлдайды. Өйткені, атау – сол есімді айтушы арқылы көрініс табады.

Бұл тұрғыда ең дұрысы – біздің көзқарасымыз деп білеміз. Себебі, «Алла» деп айтқан адамды «Алланы еске алды» деуге де, «Алланың атын еске алды» деуге де болады. Егер Алланың есімі мен Алланың заты бір болмағанда, бұл екі сөзді де дұрыс деп есептемеуге болар еді. Бұл ақиқатты Алла Тағаланың мына аяты да айқындай түспек: «Шексіз ұлылық иесі Жаратушыңның есімін ұлықта!». Біз намаздағы рукуғта «Ұлы Раббымды ұлықтаймын» дейміз. Сондай-ақ, араб тілді қауымдар тілді осылай қолданған. Ақын-жыраулары былай деген: Бір жылға дейін...сосын, сәлем аты сіздерге Жыл бойы көз жасын көлдеткен, айыптаудан құтылар. Бұл арадағы «сәлем аты сіздерге» деген сөз – «сәлем сіздерге» дегенді білдіріп тұр.

Мысалы, бір кісінің әйелінің аты «Зейнеп» делік. Ол: «Зейнеп талақ болсын» десе, талақ ету әйелдің атына емес, өзіне түседі. Кейде есім аталғанымен есімдеу (тәсмия) көзделуі мүмкін. Ал, мұндай жағдайда есім – есімделушінің өзін білдірмейді. Мысалы «атың кім?» деген сұраққа «атым Мұхаммед» деп жауап бересің. Ал, заттарға «не?» деген сұрақ қойылса, адамға «кім?» деген сұрақ қойылады да «Мұхаммед кім?» деп сұрағанда «Мұхаммед менің атым» деп емес, «Мұхаммед менмін» деп жауап бересің. Бұл да (логикалық тұрғыдан) біздің көзқарасымыздың дұрыстығын айқындай түспек.

материал «Матуридия ақидасы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: