26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Фиқһ әдебиеттерінде әдет-ғұрып ұғымының қолданылуы

Фиқһ әдебиеттерінде әдет-ғұрып ұғымының қолданылуы

Ақида
Жарнама

Ерте кезеңдегі шығармалармен қатар жалпы фиқһ кітаптарына назар аударғанда исламның негізгі ұстындарына қайшы келмейтін әдет-ғұрыптың құқықтық нормалар белгілеуде маңызды рөл ойнағаны байқалады. Тіпті ахад хабарларға (Ахад хадис – бір, екі немесе одан да көп адамдар риуаят еткен, бірақ риуаятшыларының саны мәшһүр хадистің дәрежесіне жетпеген хадис.

Ахад хадистің Пайғамбарымыздың тікелей өзінен басталатын тізбек байланысында сәл де болса күмән бар Міне, сондықтан ислам ғұламалары ахад хадиске «Тізбек бар, бірақ, күмәнді» деп қараған. Мүжтәхид ғалымдардан мұндай хадистерді дәлел ретінде санамағандар да кездескен) қайшы келген жағдайда қайсысын таңдау қажет екендігі мәселесі алғашқы мужтахид ғалымдар кезеңінен бастап қызу талқыға салынған. Пікірталасқа жол ашқан мәселелердің ең алғашқысы ислам құқығындағы «Амалу әхли-Мәдина», яғни пайғамбарымыздың көзін көрген сахабалардың орталығы – Мәдина халқының арасында кең тараған әдеттер мәселесі еді. Малики мәзһабының негізін қалаушы Имам Мәлік оның күшті дәлелге жататындығын, кейбір малики мәзһабының құқықтанушылары ахад хабарға қайшы келгенде мәдина халқының іс-амалдары негізге алынатындығын айтқан. Мазмұндықтұрғыдан ижтихадқа емес, пайғамбарымыздың көзін көрген сахабалардан келіп жеткен хабарларға сүйенгендіктен, Мәдина халқының үйреншікті әдеттерін таңдау қажеттігі мәселесін ханафи мәзһабының негізін қалаушылардың бірі, Әбу Ханифаның шәкірті Әбу Юсуф және басқа ғалымдар да қабылдаған.

Алайда, фиқһ методологиясына қатысты алғашқы кезеңдік еңбектерде әдетғұрыптың терминдік мәні мен діни дәлелдер қатарында саналу мәселесіне ерекше тоқталмағандығын көруге болады. XIII ғасырда өмір сүрген мәлики мәзһабының ғалымы имам Шиһабуддин әл-Қарафи еңбектерінде ислам құқығындағы әдетғұрыптың маңыздылығына тоқталып өткен. Ал, әдет-ғұрып сөзінің ең алғашқы анықтамасы ханафи мәзһабы ғалымы Әбулбәрәкәт ән-Нәсәфидің (710/1310) «әлМустасфа» атты еңбегінде кездеседі.

Әдет-ғұрыптың анықтамасы, діни дәлелдері, түрлері, шарттары мен фиқһтағы мән-маңызы секілді тақырыптар шеңберінде бөлек дәлел ретінде қолданылуына қатысты ең алғаш ауқымды еңбек жазған ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы – Ибн Абидин (1198–1252/1783–1836). Ол өзінің «Мажмуғату әр-расаил Ибн Абидин» атты трактаттар жинағында «Нәшру әл-ғұрып» деген атаумен ғұрып тақырыбына ауқымды орын берген.

Әдет-ғұрып дәлелі кейінгі кезеңде жазылған кітаптарда кең талқыланғанымен алғашқы кезең құқық методологиясына қатысты кітаптарда бөлек дәлел ретінде қарастырылмаған. Көбіне истихсан және истислах әдіснамасы негізінде қолға алынғандығын да айта кеткен жөн. Анықтамадан байқағанымыздай ғұрып ұғымы сөзге және іске де қатысты. Іске қатысты болған ғұрыпты фиқһ негіздері саласының ғалымдары «ғұрып амали» яғни іс-әрекеттік ғұрып, сөзге байланысты болғанын «ғұрып қаули» яғни сөздік ғұрып деп атаған.

Іс-әрекетке қатысты ғұрыпқа әдетте адамдар арасында қалыптасқан ішіпжеу, жанұяда қалыптасқан қатынастар, азаматттық қарым-қатынастар, некелескен кездегі қалың мал (мәһір) мөлшерін тағайындау секілді іс-әрекеттерді жатқызамыз. Мысалы, сауда-саттықта сатушы – «саттым, ал тұтынушы – «алдым» деп айтуы шарт. Алайда, халықтың арасында нақты осы сөздерді қолданып жатпай тек ақшасын беріп, затты сатып алу әдетке айналып кеткендіктен, бұл сөздерді қолданбай-ақ ақысын төлеп, затты алып кете беруге рұқсат берілген.

Ал сөздік ғұрыптарға белгілі бір сөздің негізгі тілдік мағынасында қолданбай адамдардың арасында кең таралған мағынасында және бір сөздің қоғамға қарай әрқилы қолданылуы жатады. Мысалы: Кейбір сөздің мағынасы әдет-ғұрыпқа байланысты бір басқа, ал тікелей сөздік мағынасы өзгеше болуы мүмкін. Бұндай жағдайда үкім әдет-ғұрыпқа байланысты бекітіледі. Егер біреу «бас сатып алмаймын» деп ант етсе, шариғат бойынша сертін бұзбауы қажет. Бірақ, ант еткен кісінің сөзі тікелей мағынасында барлық тіршілік иелеріне қарата айтылғанымен, әдет-ғұрпымызда олардың кейбіреуі бұл санатқа кірмейді. Егер ант берген адам көгершіннің, шымшықтың, торғайдың т. б. дене тұрқы шағын құстың басын сатып алса, оның берген серті бұзылмайды. Өйткені, олардың басы әдеп-ғұрпымызда пайдаланылмайтындықтан, «бас» есебінде қабылданбайды. Сондықтан, бұл жерде әдет-ғұрып шариғи дәлел болып саналады. Сондай ақ, ет сөзін балықтың етінен басқа жануарлардың еті үшін қолдану да сондай. Себебі, күнделікті қолданыста балықтың етін ешкім ет деп айтпайды. Қой, сиырдың етіне ет деп, ал балық етіне балық деп қана айтылады. Ислам құқығында ғұрып қолданыс аясына қарай жалпы ғұрып және жекелеген ғұрып деп те бөлінеді. Халықтың қажеттіліктерін өтеу мақсатында киімкешек, көрпе-төсек, құрал-саймандар өндіру, сатушының қолында жоқ нарсеге тапсырыс беру арқылы сауда жасасу, өлім-жітімге қатысты жоралғылар және оған жиналған жұртты мейрамханаларда күту, некелесу барысындағы рәсімдер секілді көптеген халықтар немесе дүйім бір елдің өмірінде қалыптасып, уақыт өтумен өзгеріске ұшырай қоймаған ғұрыптар жалпылама деп танылады. Ал белгілі бір қоғамда не ортада ғана орын алып, заманның өзгеруімен жаңғырып отыратын ғұрыптар жекелеген ғұрыптар болып саналады. Мысалы: Сауда-саттыққа қатысты саудагерлер арасындағы келісімшарттар мен тауарлардың құнын төлеу жолдары, жалға алған пәтердің төлемін бір ай немесе үш ай не бір жылға бірден төлеу, келісімшарттарды жаңарту, т. б. Жалпы ғұрып ижмаға тең дәрежеде қабылданып, құқықтық тұрғыдан дәлелге саналса, жекелеген ғұрып мәселесінде ғалымдардың көзқарастары әр түрлі. Ибн Абидин жекелеген әдет-ғұрыптың құқықтық норманы белгілуде негізге алынатындығы көзқарасының ханафи мәзһабының Бәлх мектебіне тән екендігін айта отырып, оған қатысты көптеген мысалдар келтірген. Мұндай әдеттер белгілі аймақ адамдарының арасында тарағандықтан сол аймақ үшін ғана дәлелге саналады.

Сонымен қатар ғұрып ислам құқығында шариғи тұрғыда жүгінуге жарамдылығы жағынан дұрыс және бұрыс деп екі категорияға бөлінеді. Шариғат негіздеріне қайшы келмей, арамды адал, адалды арам қылмай, адамдар арасында әдетке айналған ғұрып сахих, яғни дұрыс ғұрып деп аталады. Оған жоғарыда айтылған ғұрыптармен қатар ерлі-зайыптылардың қарымқатынасы, әйелдер мен бала-шағаға мал-дүние жарату, кедейлерді тамақтандыру, көршілермен байланыс, шариғатта тыйым келмеген өзара қаржылық қатынас, киім үлгісі, өсиет қалдыру, шариғатта арнайы нұсқау айтылмаған күнә мен тәртіпсіздік үшін «тағзир» (сөгіс) деп аталатын жазалау түрін белгілеу және т. б. жатады. Ал енді салт-дәстүрлердің бұрыс түрлері жайында айтар болсақ, онда бұған Ислам жарлықтарына, оның үрдісіне және таза рухына қайшы келетін, ортада ішімдік ішу мен зинақорлықтың таралуы, құмар ойындармен әуестену және т.б. сияқты дінге, адамгершілікке жат барлық нәрселер жатады. Яғни, әдет-ғұрып Құран, сүннет, ижма және сахабалардың іс-амалдарына қайшы келмеуі шарт.

материал «Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының

Ислам шариғатымен үйлесімі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: