25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Шиит ағымы және олардың діни ұстанымдары

Шиит ағымы және олардың діни ұстанымдары

Ақида
Жарнама

«Шиа» сөзі  «жақтау», «қолдау» деген мағынаны білдіреді. Ағым ретінде «шиа» атауы -  Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) 632 жылы қайтыс  болған соң Хазіреті Али және оның ұрпақтарын халифалыққа ең  лайық кісі деп, Алиді Құран мен хадис арқылы тағайындалған хақ халифа ретінде қабылдаушы, халифалықтың да осы әулетке тән екендігін айтушыларға берілген.

Тарихқа үңілсек, Хазіреті Алидің халифа (656-661 ж.) болып тұрған кезінде оның жағында болып, сөзін, ісін  мақұлдап, оны  жақсы  көріп, сол тұстағы жанжалдарда жалғыз тастамай, жанын пида етушілерге «шиа-и Али» (Алидің  жақтаушылары) деп алғаш рет атала бастағанын көреміз. Олардың қатарында ұлы сахабалар да бар еді. Бұлар әуелде шын мәнінде «шиит» сөзіне лайық болатын. Шындығында, олар Хазіреті Алиді Хазіреті Пайғамбарға (с.а.у.) ең  жақын  туыс әрі хақ халифа ретінде  қолдаған еді. Олар мұсылмандар арасында бүлік шығармады, дінге дінде болмаған нәрселерді енгізбеді, тек турашылдықты ұстанды. Алайда бертін келе, Ислам дінін әлсірету, мұсылмандар арасында бүлік шығару мақсатында осы атты жамылып, өз мүдделеріне пайдаланған саяси топтар бой көрсете бастады. Шын мәнісінде, мұсылман қауымы Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.)  ұрпақтарын шынайы жақсы көргендіктен, оларға деген құрметтері де шексіз еді. Пайғамбар (с.а.у.) әулетін дінімізде «Әһлу бәйт» деп атайды. Саяси топтағы арандатушылар әһлу бәйттің өшін аламыз, оларға көмектесеміз деген жалған ұранмен халықты билікке айдап салып отырды. Кейбір саяси оқиғалардан кейін осы ұранды ұстанушылар саны артып, уақыт өте келе мұның ақыры үлкен күшке айналды. Бұл саясиланған діни топқа ұстанған бағыты мен ұраны үшін «шиит» деген ат  берілді. Алғашқы шииттер тарих сахнасына қашан шықты деген сауалға тарихшылар тарапынан  көптеген  пікір айтылған. Тарихи деректерге сүйене отырып, осы мәселеге қысқаша шолу жасайық.

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) қайтыс болған кезде халифа сайлау мәселесі көтеріледі. Сонда кейбір сахабалар Хазіреті Алидің халифа болуын жақтап, пікір айтқан. Міне осы алғашқы қадам еді деп тұжырымдаған тарихшылар бар. Шииттердің шығуы үшінші халифа Османның  (656 ж.) шәһид  етілуінен кейінгі ішкі жанжалдар кезінен бастау алады деген екінші бір тұжырым бар. Бұл тұжырым бойынша, Хазіреті Алиді жақтап, керек болса жанын пида етуге дайын болған Жәмәл (656 ж.) мен Сыффин (567 ж.) соғыстарында Алиді қолдаушылар алғашқы шиит ағымын қалыптастырды деп түсіндіруде. Алайда, бұл  айтылған пікірлер ақиқатқа үйлеспейді. Өйткені Хазіреті Али ешқашанда жамағаттан бөлініп шықпаған, шығуға да жол бермеген. Сондықтан шииттік әрекеттер Хазіреті Алидің  кезеңінде емес, екінші ұлы Хазіреті Хусейннің  шәһид  етілуінен (680 ж.) кейін сахнаға шыға бастаған.  661 жылы Хазіреті Али бір харижит тарапынан шәһид етілгеннен кейін халифалық билік Әбу Суфянның ұлы Муауияға өтті.

Ол 19 жыл Ислам әлемін басқарып, 680 жылы қайтыс болды. Муауия қайтыс болған соң мұрагерлік жолмен ұлы Язид әкесінің орнына таққа отырды. Язид таққа отырысымен өзінің халифалығын нықтау үшін жан-жаққа шабарман жолдады. Мақсаты – алдымен бетке ұстар кісілерден бірінші кезекте өзіне берілгендігі жайында уәде алу. Сол кездегі абыройлы кісілердің қатарында Хазіреті Хусейн де бар еді. Бұл ресми байғатты (қол тапсыру) жер-жердегі әкімдер халифа атынан алатын еді. Сол кездегі Мәдина әкімі Уәлид ибн Утба Хазіреті Хусейнді осы мақсатта шақыртқан кезде ол өзгелерден оқшауланып, жеке байғат бермейтінін, тек халықпен бірге ресми түрде байғат беретінін айтып келіспейді. Жеке өзін шақыртудың астарында саяси мән бар екенін түсініп, әкімнің құзырынан шығып кетеді. Халифа Муауияның өлгені туралы хабар елге таралғанда Ирак аймағындағы мұсылмандар арасында алыпқашпа әңгіме желдей есті. Халифа билігін толыққанды қолдамайтын куфалық  мұсылмандар Хазіреті Хусейнді Мәдинадан Куфа қаласына шақырады. Мақсаттары – оны халифа етіп сайлау еді. Қайта-қайта  шақырудың  нәтижесінде Хазіреті Хусейн бала-шағасын алып, туыстарымен бірге жолға шығады. Олардың саны 80-ге де жетпейтін. Оның Куфаға баруы жаңа саяси оқиғалардың басталуына себеп болатынын сезген халифа, Куфаға жеткізбеуді ойлайды. Жолын кесу үшін жарты жолда халифаның бұйрығымен кері қайтуға да, Куфаға баруға да рұқсат етілмей, қоршауға алынады. Қоршау бірнеше күнге созылып, Хазіреті Хусейн және жанындағы туыстары су тапшылығынан қатты қиналады. Хазіреті Хусейн келісімге келу үшін барлық мүмкіндікті қарастырады. Өкінішке орай, келісім нәтиже бермеген соң екі жақ шайқасады. Хазіреті Хусейннің жанында туыстарынан құралған санаулы ғана жасағы болды. Соған қарамастан едәуір қарсылық көрсетті. Ақырында туыстарымен бірге 680 жылы 10-шы қазан күні Кербала деген жерде шәһид етті.

Хазіреті Хусейн шәһид етілген соң Ислам әлемінде халифаға деген наразылық күшейді. Хазіреті Хусейн және туыстарының кегін аламыз дегендердің қарасы көбейіп, шииттік әрекеттер саяси бағытта өрбіді. Кербала оқиғасын пайдаланып шыққан саяси оқиғалар шииттік бағыттың етек алуына ұйытқы болды. Хазіреті Хусейннің шәһид етілу хабары Ислам әлеміне жайылған соң жан-жақтан халифа билігіне қарсы бас көтерулер басталды. Осылардың алғашқысы Мәдина қаласындағы Абдуллаһ ибн Ханзала  тарапынан болған көтеріліс еді. Халық оның маңайына жиылып, Хазіреті Хусейннің өшін алу үшін халифа Язидқа қарсы шықты. Халифа Язид оларға алдымен ескерту берді. Ашынған халық ескертуге құлақ аспай, халифаға қарсы шығып, 682 жылы тамыз айында Мәдина  маңында  шайқасты. Шайқас халифа  әскерлерінің пайдасына шешіліп,  көтерілісшілер аяусыз жазаланды. Осылайша алғашқы шииттік көтеріліс талқандалды. 683 жылы Куфада халифа билігіне қарсы жасырын көтеріліс ұйымдастыру әрекеті  басталды. Бұл көтерілісті ұйымдастырушы – Сүлейман ибн Сурад. Олар өздерін «тәууәбун», яғни «тәубе етушілер» деп атады. Уақытында Хазіреті Хусейнді қоймай Куфаға шақырып, Кербалада қоршауға алынған кезінде оған ешқандай көмек бере алмай, оның аянышты өліміне себепші болғандықтан кінәларын мойындап, айыптарын өтеу үшін ұйымдасқан көтерілісшілер болатын. Сол себепті өздерін «тәубе етушілер» деп атады. Көтерілісшілер 684 жылы ұйымдасқан түрде Кербалада халифа билігіне қарсы шығады. Хусейн ибн Нумайрдың  қарамағындағы он екі мың іріктелген халифаның атты әскері Сүлейман ибн Сурад бастаған көтерілісшілермен шайқасып, тәууәбиншілерді түгел қырып, шииттерге  тағы да  соққы  береді. Тәууәбун көтерілісінің ақырын күткен екінші бір көтерілісші Мухтар ибн Әби Убайд Әс-Сақафи да халықты халифаға қарсы шығуға, Хазіреті Хусейн мен оның туыстарының өшін алуға үндеді. Атақ пен мансап құмар Мухтар алдымен Мәдинаға барып, Хазіреті Алидің ұлы Мұхаммед Ханафимен кездесіп, әһлу бәйттің өшін алу үшін көтеріліс жасайтынын айтады.

Кездесудегі негізгі мақсаты – Мұхаммед Ханафидің көзқарасын білу әрі оның бір ауыз сөзін өз пайдасына қолданып, дегеніне жету. Бірақ ойындағысы болмай, Мұхаммед Ханафиден қолдау таппай кері қайтады. Куфада өзін күтіп отырған жақтастары алдында абыройын түсірмеу үшін жалған сөйлейді. Ол: «Мұхаммед Ханафи мәһдилігін (құтқарушы) жариялады, мен де оның орынбасарымын. Келіңдер, әһлу  бәйттің және Кербала оқиғасына қатысы барлардың өшін алайық», – деп жар салды. Бұл үндеу ашулы халыққа қатты әсер етті. Аз уақыт ішінде көптеген қолдаушы тауып, 685 жылы Куфа әкімімен шайқасып, жеңіске жетеді. Артынша Ирак аймағын өз билігіне алады. Абыройын одан әрі көтеру әрі айтқан сөзін орындау мақсатында Кербала оқиғасына қатысы барларды анықтап, ұстап, өлтіреді. Расында да оның осы әрекетіне халық риза болады. Мұхтарға да керегі сол еді. Ол көздеген  мақсатына  жеткен  соң,  өз  саясатын  жүргізуге тырысты. Кербала оқиғасын пайдаланып, шектен тыс шыққаны үшін Мекке әміршісі Абдуллаһ ибн Зубайрдың қаһарына ұшырап, 687 жылы сәуір айында ордасы талқандалып, шайқаста өлтіріледі. Кейінірек Зәйд ибн Али ибн Хусейн Умея билігіне  қарсы  шығып, өзінің халифалығын жариялады. Бұл Хазіреті Алидің ұрпағынан  шыққан  алғашқы  көтерілісші болатын. Ол да аталары сияқты (аталарынан мақсат Хазіреті Али кезінде орталықты Мәдинадан Куфаға көшірген, ұлы Хусейн де куфалықтардың шақыруымен жолға шыққан) Куфаға барып, жақтаушыларын  ұйымдастырды. Куфалықтар  халифа әскерімен Майдан  даласында бетпе-бет кездескен кезде атасы Хазіреті Хусейнге опасыздық жасағандай оған да опасыздық жасап, Майдан алаңын тастап қашты. Зәйд  өзіне  берік  әскерімен  соңғы деміне дейін  шайқасып, 740 жылы  Майдан алаңында ерлікпен қаза  тапты. Осы шайқаста Зәйдтің баласы Яхия Майдан алаңынан қашып, Бәлх қаласына паналайды. Хорасан аймағында астыртын үгіт-насихат жүргізіп, қолдаушылар жинайды.

Бұл әрекеттерден хабардар болған халифа оны қуғынға ұшыратты. Яхия бар жиған әскерімен 742 жылы халифаға қарсы көтеріліс жасап, шайқас алаңында қаза тапты. Осылайша умеялықтар зәйдия шииттерінің көтерілісін  біржолата талқандаған болды. Енді Ислам тарихы бойынша құрылған шииттік сенімді ұстанушы мемлекеттерге қысқаша тоқталып өтейік. Шииттер Умея әулетінің билік (661-750 ж.) кезеңінде ешқандайда салтанатпен хандық құру мүмкіндігіне қол  жеткізе алмады. Ал Аббас әулеті 750 жылы Умеяд билігіне қарсы төңкеріс ұйымдастырған кезде шииттерді шебер пайдалана білді. Бірақ аббасилер билікке келген соң әуелде шииттерге оң көзбен қарағанымен биліктің тұғырын нықтау үшін саяси қарсыластарын бақылауға алады. Ол тұста негізгі саяси қарсыластарының басым көпшілігін шииттер құрайтын. Бақылаудың ақыры қуғындауға ұласады. Бұл әрекетке наразы болған шииттер халифа билігіне қарсы  ұйымдасады. Алайда Аббаси халифалары бұлардың алдын алу үшін әһлу бәйт өкілдерін қудалап, аяусыз жазалағандықтан орталықтан алыс өзге аймақтарға қашуға мәжбүр болады. Ол аймақтарда дербес хандықтар құруға қол жеткізеді. Бұл хандықтардың көпшілігі Иран аймағында құрылып, ақырында тәуелсіз  шиит мемлекетіне  қол  жеткізді.

Бұл хандықтардың реті төмендегідей: Идрисилер хандығы. Бұл хандық 788 жылы Хазіреті Хасанның ұрпағы Идристің басшылығымен Фес қаласында құрылған. 974 жылы Андалусия умеяттары жағынан  саяси  меншігінен айырылды. аберистан Зәйдия хандығы. 864 жылы Рейлік (қазіргі Тегеран) Хасан ибн Зәйд Каспий теңізінің оңтүстігінде Зәйдия хандығын құрды. Бұл хандықты 1041-1042 жылы Селжук сұлтаны Тұғрул басып алып, Селжук  империясының қол  астына өтеді. Бірақ саяси  белсенділігін одан әрі  жалғастыра береді. Фатимит  хандығы (халифаты). Исмайлия шиит ағымының Алжирдегі өкілі Әбу Абдуллаһ Хасан ибн Ахмадтың жүргізген насихаты  қиналған  халықты өз  жағына  тартуға  мүмкіндік  тудырды. Шииттер  сол аймақта үстемдікке қол жеткізген соң исмайлия шиит ағымының имамы әл-Мәһди Әбу Мұхаммед Убайдуллаһ Иеменнен Алжирге көшіп келіп, 909 жылы халифалығын  жариялайды. Халифаттың атауын Хазіреті Фатима анамыздың құрметіне арнап «фатимит» деп атады. Орталық халифат билігінің әлсіздігін пайдаланып, Мысырды жаулап алады.

Крестшілермен болған шайқастарда батырлығымен аты шыққан әйгілі суннит қолбасшы Салахуддин әл-Әйюби 1171 жылы Мысырға жорық жасап, Фатимит халифатын құлатты. Гилиян  мен Дайламандағы шиит  хандығы. 932  жылы Әбу Фадл  Жағфар ибн Мұхаммед осы аймақта шиит хандығын құрған. Бұл хандық 1041 жылы исмайлия шиит ағымының қол астына кіріп, саяси үстемдігінен біржолата айырылды. Бууәйхидтер хандығы. Каспий теңізінің оңтүстік жағалау аймағында ирандық Али ибн Бууәйхи Имамуддәулә 932 жылы Бууәйхид хандығын құрыған. Хандықтың күшейгені соншалық Бағдаттағы Аббасид халифасына дегендерін істете алатын деңгейге жетеді. Шиит сенімінде болулары мен Аббасид халифасына өктемдік етулері сүннит сенімін ұстанушы Селджук түрік хандығының оларға қарсы соғыс ашуына ұйытқы болды. Нәтижеде  1062 жылы түріктер тарапынан құлатылып, тарихпен қош айтысты. Бауанди Испахбадтар  хандығы. 943 жылы Шәхрияр ибн Шаруин шығыс Ирандағы Шахрияркух аймағының әміршісі болды. Бұл биліктің өмірі  қысқа болып, 1000 жылы әміршілеріне у беріп өлтірілген соң хандық ыдырап кетті. Мазядилер билігі. 961-1150 жылдар арасында Хилла мен Ирактың оңтүстік  батысында үстемдік  құрған. Сулейхиттер. 1047-1138 жылдар аралығында Иеменде билік құрған хандық. Исмайлия шиит сенімін ұстанған бұл әулет билігі Мысырдағы фатимиттерге тәуелді  еді. Рассилер. Рассилер 1069 жылдан бастап Йеменде дербес билігін жариялаған Зәйдия шиит сенімін ұстанушылардан еді. Олар Сана қаласын орталық етіп, сол аймаққа билік жүргізді. Зәйдия шииттерінің ең көп шоғырланған мекені – Йемен   . Зәйдия шииттері әлі  күнге дейін Йеменде өз сенімдерімен өмір  сүруде. Исмайлия  сұлтандығы. Хасан Саббах Исмайлия шииттерінің Иран өкілі ретінде халифаға бас көтеріп, 1090 жылы Казбиндегі Аламут қамалын басып алып, Иран Исмайлия  сұлтандығын құрды. Мақсаты – фанатик шииттерді тәрбиелеп, Иран, Ирак, Сирия және Анадолы (қазіргі Түркия) жерлеріне тапсырмамен астыртын жіберіп, халық арасына бүлік шығару. Бұларды сол кезде «батынилер» деп те атады. Халифа әскерлері қанша рет қамалды қоршауға алғанымен нәтиже шығара алмады.

Ақыры 1256 жылы моңғол қонтайшысы Құлағу алынбастай көрінген Аламут қамалын талқандады.  Сефевит хандығы: 1502 жылы Иранда имамия шиит сенімін ұстанушы Исмайл Сефевидің көтеріліс жасауымен Сефевит хандығы құрылды. Ол өз  тәжіне он  екі  қатардан  тұратын ораулы қызыл жіп байлады. Бұл он екі қатар жіп имамия шииттерінің он екі имамын білдіреді. Сонымен қатар әскерлерінің бас киімдеріне де он екі қатар қызыл жіпті байлатады. Сол себепті оларды «қызылбас» деп атаған. Қазақ халқы арасында әлі күнге дейін парсыларды «қызылбастар» деп атау әдеті осыдан қалған. Шах Исмайл мемлекеттің ресми мәзһабы ретінде «имамия» етіп жариялады. Соның әмірімен азанға «Әшһәду әннә Алиюн уәлиюллаһ» (куәлік етемін Али Аллаһтың досы) сөзі қосылды.

Шах бұл әміріне қарсы  шыққандарды қатаң жазалап, тіпті  өлім жазасына кескен. 1736 жылы Надир шах өз  хандығын  жариялап, Сефевит хандығын ресми түрде құлатты. Зенд  хандығы. 1750 жылы Зенд Керим хан билікке келді. Бұл  хандықтың  өмірі  қысқа  болып, 1779 жылы Керим ханның өлімінен кейін ішкі тақ талас  нәтижесінде  ыдырады. Кажар  хандығы. 1779 жылы Керим хан өлген соң билікке  келді. Ол XVІІІ ғасырдың аяғында феодалдық Иран еуропалық капиталист мемлекеттердің отаршылдық экспанциясының нысанына айналды. Кажар  әулеті билік  кезеңі  барысында үстем таптарға қарсы күресті. Осы күресте Иран халқына кеңес үкіметі көп  көмек берді. 1925 жылы отызыншы  қазанда Реза  хан  көтеріліс жасап, биліке келіп, Кажар әулеті  құлатылды. Пехлеви  әулеті. Реза  хан 1925  жылы таққа  келген соң шахтық  режимді орнатты. Реза хан монархиялық Иранды тоталитарлық  жүйедегі осы  заманғы диктатуралық мемлекетке айналдырып, халықты саясаттан,  қоғамдық  ұйымдардан, мәдени іс-шаралардан аулақ  ұстауды басты бағыт етіп  қояды. 1978 жылы желтоқсан айында саяси  толқулар  болып, шах  өршіген көтерілісті баса алмаған соң 1979 жылы 16-шы қаңтарда Ираннан түпкілікті кетеді. Иран Ислам республикасы. Имам Аятолла Хомейни жағынан 1979 жылы 12-ші ақпанда ескі жүйе (режим) құлатылып, «Иран Ислам республикасы» дүниеге  келді. 1979 жылдың 1-ші сәуірінде бүкілхалықтық референдум өткізіліп, Иран заңды түрде «Иран Ислам республикасы» болып  жарияланды. Бұл республика шииттердің үлкен ағымы болған имамия идеологиясымен және Аятолла Хомейнидің орнатқан заңдылықтарымен басқарылуда. Қазіргі таңда Иран халқының 95 пайызы шиит сенімінде, 4 пайызы сүннит сенімінде.

Міне осындай кезеңдерді өткерген шииттер тарих бойынша орталық халифа билігіне бағынбай дербес хандықтар құрып, ақырында дегендеріне жетті. Шииттер өз діни ұстанымдарын дұрыс деп есептеп, көп мәселеде сүнниттермен келісе бермейді. Исламда қайсы бір топ ақида мәселесінде басқаша пікір айтатын болса яки сенімдері өзгелерден бөлек болса, ондай топты «фирқа», «мәзһаб» деп атаған. Сондықтан «шииттер» осындай мәселелерді қозғағандықтан, олар да бір «мәзһаб» болып саналады.

дереккөз: fatua.kz

ummet.kz

Бөлісу: