26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарларға деген қажеттілік

Пайғамбарларға деген қажеттілік

Ақида
Жарнама

Хақ Тағала адам баласын ең көркем бейнеде және жан-жақты қабілетті етіп жаратқан, әрі оған Алланы танып-білсін деп ақыл-сана берген. Жұмыр басты пенденің ақыл-ойы арифметика, геометрия, химия, астрономия, т.б. ғылым салаларындағы кей-бір сұрақтардың жауабын еш нәрсенің көмегінсіз-ақ өздігінен білуі мүмкін. Мәселен, төрттің жартысы екі болатыны немесе бүтіннің өз бөлшектерінен үлкен екендігі адамға мәлім. Бұл қабілет Алла Тағаланың зор нығметтерінің бірі.

Бірақ ақыл мен ой мүмкіндігі Алланың сипаттары мен көркем есімдеріне келгенде қауқарсыз, һәм шектеулі. Олардың бұл мәселеде әлсіздігі анық. Демек ақыл мен ой да кез келген мәселені толық қамтып, түп-төркінін ашып бере алмайды. Мәселен, құлшылықты өтеудің мәні, ақырет әлемі әрі біздің физикалық әлемнің тысында болып жатқан метафизикалық құбылыстар, т.б. жайлы адам ақылы көп нәрсе біле бермейді.

Демек, көздің көруі, құлақтың естуі шектеулі болғаны секілді ақыл мен ойлау қабілетінің де жете алмас биігі, ала алмас асқары, шыға алмас шыңы болады. Сондай-ақ жалаң ақыл залым адамды жазалау үшін дұрыс үкім бере алмауы немесе залымдардың зұлымдық жасауына кедергі бола алмауы мүмкін. Сондықтан Алла Тағала адам баласы екі дүние бақытына қол жеткізуі үшін әмбеге ортақ заңдылықтар бекітіп әмірлер берген. Міне, осынау өмір сүру заңдылықтарын ашып түсіндіру, адамдарға бас-көз болып, жол көрсету мақсатында мейірімі шексіз Жаратқан иеміз адамдардың өз арасынан пайғамбарлар жіберген.[1]

Адам баласы материалдық тұрғыдан қаншалықты жоғарғы деңгейге жетіп небір асуларды бағындырғанымен, рухани құндылықтардан тұтастай қол үзіп кете алмақ емес. Сондай-ақ қиын-қыстау кездерде адам өзін көбіне-көп жапанда жалғыз қалғандай сезінеді. Қол ұшын беретін, сүйеніш, демеу болатын дос іздейді. Басына іс түскенде, адам жақын досымен дидарласып, сырласып іштегі шерін тарқатқанда өзін жеңіл сезінетіні содан емес пе? Ал қайғы-мұңын бөлісе алатын адал дос таппаған қиын-қыстау кездерде қаншама адам балшы-балгерлерге барып, қателікке ұрынып жатады. Мұндай жағдайдың қаншамасын құлақ естіп, көз көріп жүр. Әлгіндей дуакештерге алданған адамдар көбіне психологиялық дағдарысқа шырмалып жатады. Бәлкім, пенде өзіне берілген қабілетті жеткілікті санайтын болар. Сөйтсе де, материалдық мүмкіндік пен әлеуметтік жағдайы жоғары саналған елдерде көкейінде иманы жоқ адамдардың көбі көзбояушы «көріпкелдерге» тәуелді болатындығы ащы да болса шындық. Сонымен қатар, іштей жегідей жеп мазалаған сауалдарға жауап таба алмай сабылып жүрген жандар да аз емес. Бұл адам баласының бүкіл қажеттіліктерін өзі көтере алмайтындығын көрсетсе керек. Озық технология мен медицинаның шарықтап дамыған заманында адамдардың өз өміріне өзі қол сұғуы күн санап көбейіп барады. Бұл да пенделік жүйелердің ашынып, аласұрған адам баласының жан-жүрегіндегі жарақатты емдеуге қауқарсыз екендігін көрсетеді. Жаратушы Хақ Тағала адамзаттың осы қажет-тіліктерін о бастан біліп, оларға медет болсын деп, әрі нағыз ақиқатқа көздерін ашсын деп пайғамбарлар жіберген.

Осылайша Ұлы Жаратушымыздың пенделерін тура жолға шақырып, жөн сілтейтін шамшырақ пайғамбарлары бірінен соң бірі керуендей тізіліп келіп отырды. Бұл жайлы Құранда: «Әр үмбеттің бір пайғамбары бар»[2], «Расында, әр үмбетке: «Аллаға құлшылық етіңдер, азғындардан аулақ болыңдар» дейтін елші жібердік»[3], «Әрине, сенен бұрын да олардың елдеріне елшілер жібердік»,[4] –деп баяндалады. Еңбекке құштар құмырсқаға, гүлдердің шырынын жинаушы бал арасына, теңіз түбін шарлаған балықтар мен көкті мекендеген құстарға міндеттерін үйретіп жол көрсеткен Ұлы Құдірет Иесі күллі болмыстан ардақты етіп жаратқан адам баласын қалайша ұмыт қалдырсын?! Күллі жаратылысты жаратып, олардың бүкіл қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз еткен Хақ Тағала, құмырсқаны да, бал арасын да көсемсіз қалдырмағаны секілді, адам баласын да жақсы мен жаманның парқын үйрететін пайғамбарсыз етпеген.

Әрбір пайғамбар өзінің саналы ғұмырын адамдық қасиеттерді кемелдендіріп, одан әрі шыңдап, жаратылыс мақсаттарын түсіндіруге арнағанын тарихтан білеміз. Бұған қоса, пайғамбарлар – адам баласына тәртіп пен әділеттілікті, қайталанбас үлгі-өнегені, Алла – адам – әлем үштігі туралы ұғымдардың мән-мағынасын үйреткен алғашқы мұғалімдер. Егер Алла Тағала адамзатқа елші жібермегенде, адам баласы ашық күнде жол таппай сандалар еді. Ақиқатқа үндеу мақсатында келген пайғамбарлар тек рухани насихатпен ғана шектелмей, адамдардың күнделікті өмірлерінде үлгі-өнеге болғандығы белгілі. Пайғамбарлар иләһи әмірлерді әуелі өздері орындап, сосын өзгелерге жеткізген. Ал жасаған ізгі амалдары үшін ешқашан да ақы күткен емес. Құранда айтылғандай, бүкіл пайғамбарлар өз үмбеттеріне: «Бұл үшін сендерден ақы сұрамаймын. Ақымды әлемдердің Раббысының өзі береді»[5], «Ей, адам баласы! Мен барлығыңа бірдей жіберілген Аллатың елшісімін. Ол сондай Алла, жер мен көктің иелігі Соған тән. Одан басқа тәңір жоқ. Ол тірілтеді және өлтіреді. Аллақа және Аллатың сөздеріне (жіберілген бүкіл кітаптар мен үкімдерге) сенген, оқу-жазуды білмейтін пайғамбарға иман келтіріңдер және оған еріңдер, сонда әрине тура жол табасыңдар де»[6], – дегені баяндалады.

Сол секілді Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллау ғаләйһи уә сәлләм) да бүкіл құлшылықтардың жөн-жосығын, тәртібін үйретіп кеткен-ді. Бір хадисінде: «Менің қалай намаз оқығанымды көрсеңдер, солай намаз оқыңдар»,[7] – деп баян еткен. Бұған қоса, «Сендерге екі нәрсе қалдырып барамын. Оларды тістей қатып нық ұстансаңдар жолдан адаспайсыңдар: Аллатың кітабы және менің сүннетім»,[8] – деген.

Пайғамбарларға деген қажеттіліктің себептерін былайша түйіндеуге болады: Адам баласы айналадағы жаратылыстарға қарап тұрып өз ақылымен Алла Тағаланы таба алғанымен, өзінің жаратылуындағы түпкі мақсат пен хикметті түйсініп, жаратушысына қалайша шүкіршілік (құлшылық) жасау керектігін өз бетінше ұға алмайды. Міне, осыдан адамдарға жөн сілтеуші пай-ғамбарларға деген қажеттілік туындайды. Сондықтан пайғамбарлардың келуі адам үшін аса маңызды әрі қажет. Тіпті пайғамбарға деген қажеттілік адамның өз болмысынан туындайды. Ұлы Жаратушы адамды ең кемел және көркем бейнеде жаратып, сансыз нығметтерге бөлеген. Өкініштісі сол, осыншама нығметтерге қарамастан, адам тек жақсылыққа ғана емес, пендешілікпен жамандыққа да бой алдырып жатады. Егер адамдардың қолында белгілі бір заңдылықтар мен тыйымдар жиынтығы болмаса, өздігінен жақсылық пен жамандықтың ара жігін нақты ажыратып, дұрыс шешім қабылдай алмайды. Біреуінің дұрыс дегенін екіншісі қате деп келісе алмай, ырду-дырдуға түседі. Әлемдегі мың құбылып бірінен кейін бірі күйреп жатқан жүйелердің болуы жалпы әлемдік бір бағытты қажет етеді. Олай болса, шынайы бақытқа қол жеткізгісі келген адам күллі ғаламды жаратқан, шексіз даналық иесі Алла тағаланың жіберген пайғамбарларына бойсұнуы керек. Жаппар иеміз адам баласын әуел баста жаратқанда-ақ оның неге мұқтаж екенін жақсы білгендіктен, өмір сүруін жеңілдету мақсатында үнемі қауымдар арасында елшілер жіберіп отырған. Тарих беттерін қанша парақтасақ та, жер беті ешқашан елшісіз қалған емес. Адам баласы күнделікті тұрмыста кездесетін істерді де елшінің көмегінсіз шеше алмайды. Бір тылсым күштің бар екенін сезгенмен, жаратылыстың мән-мағынасы мен мақсатын пайғамбарсыз жете білу қиын. Ақырет, харам мен халал, Жаратушыға шүкіршілік пен құлшылық сияқты амалдардың орындалу тәртібін көрсетуде де елшілердің атқарар рөлі зор. Осы орайда қай пайғамбар болса да, адамзаттың тұла бойына жақсылықтың дәнін егуге тырысқан. Міне, осындай жайларды жөнге келтіру үшін Алланың жіберген кемеңгер пайғамбарларына аса зәруміз.

Материал «Пайғамбарларға иман» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Мұхитдин Акгүл, 99 соруда Ефендимиз, Измир, 2008, 13-14-б.

[2] «Жүніс», 10/47

[3] «Нахыл», 16/36

[4] «Рұм», 30/47

[5] «Шұғара», 26/109

[6] «Ағраф», 7/158

[7] Бухари, Азан, 18; Әбу Дәуд, Салат, 46

[8] Муатта, Қадар, 3

Бөлісу: