26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Пайғамбар» сөзінің шығу төркіні

«Пайғамбар» сөзінің шығу төркіні

Ақида
Жарнама

«Пайғамбар» сөзінің этимологиясына, яғни шығу тегіне үңілсек, ол парсы тіліндегі «пейгам» (хабар) «бер» (әкелуші)[1] деген сөздерінен алынған. Қазақша «хабаршы» деген мағынаны білдіреді. Бұл сөз түркі халықтарында да сол негізгі қалпында және тура мағынасында қолданылады.

«Пайғамбар» сөзі араб тілінде «расул» (елші) және «нәби» (хабаршы) деп қолданылады. Расул мен нәби сөздері пайғамбар деген мағынаны бергенімен, екеуінің арасында атқарған қызметі мен міндеттеріне байланысты айырмашылық та бар.

Бұл сөздерді діни терминологиялық тұрғыдан алғанда, «расул – «Алла Тағаланың адамдар арасынан елшілік үшін таңдаған және уахи арқылы Алланың әмірлері мен тыйымдарын адамзат баласына жеткізу міндеті жүктелген құлы әрі елшісі» дегенді білдіреді. Басқаша айтқанда, «жаңа кітап пен жаңа шариғатты адамзатқа түсіндіруге міндеттелген елші».

Ал «нәби» сөзіне «Алланың әмірлері мен тыйымдарынан хабардар етуші», өзінен бұрын келген пайғамбардың ісін жалғастырған хабаршы деген анықтама беруге болады. «Нәби» мен «расул» ұғымдарының арасында айырмашылық міне осында. Осы анықтамалардан байқағанымыздай – ақиқатты үндеуді міндеттеген Хақ Тағаланың абыройлы елшілері.[2]

Құрандағы «расул» және «нәби» ұғымдары

Қасиетті Құран Кәрімде «расул» мен «нәби» ұғымдарының қолданылуында біршама айырмашылық бар екендігін байқаймыз. Мәселен, «...Ол расул әрі нәби еді»[3]; «Сенен бұрын ешбір расул да, нәби де жіберген жоқпыз...»,[4] – деген аяттарда «расул» мен «нәби» сөздерінің жеке-жеке айтылуы олардың бір мағына бермейтіндігін түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) да: «Хабаршылық пен елшілік менен кейін тоқтайды. Енді нәби де, расул да келмейді»,[5] –  деген болатын. Бұл да біз қарастырып отырған екі ұғымның арасында айырмашылық бар екенін көрсетеді.

Олай болса, әрбір расул нәби болғанымен, әр нәби расул бола алмайды.[6] Мәселен, Мұса (ғ.с.) нәби әрі расул еді. Өйткені оған уахи арқылы кітап (Таурат) келген әрі ол бір дінді уағыздады. Ал оның бауыры Харун (ғ.с.) нәби ғана. Оған уахи келгенімен, кітап түсірілмеген. Ол Мұсаға (ғ.с.) келген шариғат негізінде әрекет еткен. Ал соңғы пайғамбар Мұхаммед (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) нәби әрі расул. Өйткені оған (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) Құран түсірілген һәм жаңа әрі соңғы дінді уағыздаған.

 Пайғамбарлар бүкіл ғұмырын осы «сиратул-мустақим», яғни Хақ Тағаланың тура жолына арнаған. Ал бұл жолдың бүкіл расулдар мен елшілерге ортақ атауы – Ислам. Пайғамбарлар насихаттаған сенім негіздерінің арасында ине жасуындай да айырмашылық жоқ. Өйткені олардың барлығы бір ғана сенімге шақырды. Оны Құрандағы мына аяттардан көруге болады: «(Мұхаммед) Сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек оған: «Күдіксіз Менен басқа ешбір тәңір жоқ. Онда Маған ғана құлшылық етіңдер» деп қана уахи етіп жібердік»[7];

Нұх (ғ.с.): «Раббыларыңнан жарылқау, кешірім тілеңдер. Өйткені Ол өте кешірімшіл»[8]

Һұд (а.с.): «Уа, халқым! Алла Тағалаға құлшылық қылыңдар. Одан өзге ешбір құдай жоқ. Серік қосып, Хақ Тағалаға жала жабудасыңдар»[9]

Салих (а.с.): «Уа, халқым! Алла Тағалаға құлшылық қылыңдар! Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол сендерді топырақтанжаратып әрі сонда өмір сүргізді. Ендеше, сол Жаратқаннан қолдарыңды жайып жалынып, жарылқау тілеңдер. Һәм тәубе етіңдер. Сөзсіз Ол құлдарына өте жақын, олардың тілеген тілектеріне сөзсіз жауап береді»[10]

Жүсіп (а.с.): «Уа, менің бір қапастағы жолдастарым! Бөлек-бөлек тәңір жақсы ма? Әлде әр нәрсеге өктем жалғыз Алла жақсы ма? Сендердің де, аталарыңның да табынып келгені ойдан шығарылған бос тірліктер. Алла оларға табынуға қатысты ешбір дәлел түсірмеген. Үкім Аллаһ тағалаға тән. Ол өзіне ғана құлшылық жасауды бұйырған. Міне тура дін осы. Бірақ адамдардың көбі білмейді»[11]

Шұғайып (а.с.): «Уа, халқым! Алла Тағалаға құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан өзге ешбір тәңірлерің жоқ. Сондай-ақ өлшемнен, таразыдан жегенді қойыңдар. Расында қазір молшылықтасыңдар. Бұлай кете берсеңдер, азапқа ұшырайтын күннен қорқамын»[12]

Мұса (а.с.): «Ей, елім! Егер Аллаға иман келтірген болсаңдар, сондай-ақ мұсылман болсаңдар онда Аллаға тәуекел қылыңдар»[13] деді т.б.

Материал «Пайғамбарларға иман» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Ибн Манзур, Лисанул Араб, 1990. «рсл», «нбә» бабы; Ш.Гөлжук, С.Топрак, Кәлам, Кония, 1996, 302-б.

[2] Тафтазани, Шархул-мақасид, Бейрут, 1989, ІІ/173

[3] «Мәриям», 19/51

[4] «Хаж», 22/52

[5] Тирмизи, Сүнән, ІІ/51; Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, ІІІ/267

[6] Абдулкаһир әл-Бағдади, Усулуд-дин, Бейрут. 1981. 154-б.

[7] «Әнбия», 21/25

[8] «Нұх», 71/10.

[9] «Һұд», 11/50.

[10] «Һұд», 11/61.

[11] «Жүсіп», 12/39-40.

[12] «Һұд», 11/84.

[13] «Жүніс», 10/84-86.

Бөлісу: