Оразаның мүміндер өміріндегі маңызы ерекше. Бұл айда мұсылман баласының ниеті мен амалы үйлесіп, жақсылыққа ұмтылады.
Ізгі ғұламалардың бірі «Ережеп – желге, Шағбан – бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбанда суарылмаса, Рамазанда қандай егін күтуге болады» деген екен. Сол айтпақшы, Рамазан – рухани азық жинайтын берекелі ай. Пенде ораза кезінде өзінде бар нығметтің берекесін сезінеді, қадіріне жетеді.
Оразаның әр сәті – сауап. Отыз күн бойы ораза ұстап, кез-келген жағдайды, сындарлы сәтті сабырмен қабылдап, қайырын Құдайдан күтетін болсақ, ораза ұстаған адамның әр сәті сауапқа толы. Ал ораза ұстаушының бір күндік сауабы мен сыйы қандай?
Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Алла разылығы үшін бір күн ораза ұстаған адамды Алла Тағала осы бір күндік оразасы себебімен тозақ отынан жетпіс жыл ұзақ ұстайды». (Бұхари: «Жиһад», 36; Мүслим: «Сиам», 167-168)
ummet.kz