Қадірлі оқырман! Тәуекелге бел буып, төл газетімізді аштық. Қолыңызда – «Мұнараның» қанатқақты нөмірі. Тілеулес ниет танытып қойсаңыз болғаны.
Ойшыл Рудаки: «Өмір – теңіз, жүзем онда демеңіз, ізгіліктен жасалмаса кемеңіз», – демей ме? Мақсатымыз айқын: ақпарат кеңістігін ізгілікке толтыру. Рас, бүгінде адамның ой-пікірін бір арнаға бұруда бұқаралық ақпарат құралының маңызы артып келеді. Өйткені, болған оқиғаға әркім әр ракурстан қарайды. Оны өз деңгейінде қорытып, сараптайды.
Алайда, біз көп жағдайда ақпараттың бәрін ақиқат деп қабылдап, оны өзгеге тарата береді екенбіз. Ал Алла Тағала Құранда «Хужурат» сүресінде біреу хабар әкелсе, оны анықтауды, әйтпесе бір елге кесіріміз тиіп кететінін ескерткен. Бұл аят әуелі әр нәрсенің анық-қанығын біліп алуды үйретеді. «Мұнара» объективті ақпарат таратумен қатар, салт-дәстүр, тарих, білім, медицина, т.б. салалар бойынша ғалымдардың ізденістерін, зерттеу мақалаларын тұрақты түрде жариялайды. Өйткені, Ислам құлшылық пен тіршілікті үйлестіре отырып өмір сүруге үндейді.
Біз иман ұғымын «ұят болады, обал болады, сауап болады» деген бірауыз сөзге сыйдыра білген халықпыз. Ислам құндылықтарын қазақы таным-түсінік аясында насихаттау, бірлік пен ізгілікті ту ететін, елдің ертеңіне елеңдейтін ер-азаматтардың патриоттық сезімін ояту – «Мұнара»-ның басты мұраты.
Асыл дініміз адамды өткеннен өнеге алуға, бүгінмен өмір сүруге, болашаққа жоспар құруға шақырады. Ислам – өркениет діні. Ол ешқашан кертартпалыққа жол бермейді. Құран – әр адам баласының білім алып, ізденуіне жол ашатын, надандықтан, зұлымдықтан қашық болуға үйрететін, керісінше ілім мен өркениет жолына бастайтын Хақ кітап. Ислам – ешқашан ғасыр соңында қалмайтын, керісінше ғасырды, заманды алға жетелейтін дін. Төл газетіміздің ұстанымы осы: жастардың санасына сәуле шашу, рухани таным көкжиегін кеңейту.
«Мұнара» осы бағытта өз оқырманына құнды дүниелер ұсынбақ. Оқыңыз, ой түйіңіз!
Игі ниетпен,
Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти