02
Сенбі,
Қараша

һижри

Бауыржан МЫРЗАҚҰЛ: Абай есімі – Ибраһимнің қысқарған түрі

Бауыржан МЫРЗАҚҰЛ: Абай есімі – Ибраһимнің қысқарған түрі

Мақалалар
Жарнама

Абай есімі – қазақ һәм әлем тарихындағы ең ұлы есімдердің бірі десек артық айтқандық емес. Оған Абайдың ғибратты ғұмыры мен артында қалған өлмейтін, өшпейтін рухани мұрасы дәлел. Біз кейде қазақтықты айтқанда Абайды мысалға келтіріп жатамыз. Бұл дегеніміз – нағыз қазаққа жаны ашыған, қазақтың маңдайын күнге өптіріп, ел қатарына қосқысы келген Абайдың қам-харекетіне деген құрмет десе болғандай.

Әрі Мұхтар Омарханұлы да қазақ әлемін «Абай жолы» шығармасы арқылы дүниеге танытты емес пе! Осы ретте Ахмет Байтұрсынұлының мына сөзі еріксіз ойға оралады: «Қазақтың бас ақыны – Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ...»

Иә, Абайдың мұсылманша азан шақырып қойған есімі – Ибраһим. Кәдімгі Құранда аты аталған 25 пайғамбардың бірі. Бұл есімді қазақ топырағынан қасиетті Меккеге аттанып, қажылық парызын өтеп, сонда «тақия» (қажыларға арналған қонақ үй) салдырған әкесі Құнанбай қойған. Ал Абайды жеңгелері қазақы дәстүр бойынша атын атамай «Телғара» десе, Зере әжесі Абай деп еркелеткен.    

Енді біз Зере әжеміз Ибраһим атты немересін не үшін Абай деп атаған және бұл есім нендей мағыналар береді деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Біз ең алдымен қазақ есімдерінің мағыналары жазылған еңбектерге үңіліп көргенде Абай есімінің түрлі мағына беретінін аңғардық: абайлағыш, байқағыш, ойшыл [1].

Екінші бір деректе Абай туғаннан тым сүйкімді болғандықтан, Ибраһим деп қойған немересінің атын араб тілінде «сүйкімді» деген мағынаны беретін «Абайым», «Абай» сөзімен атаған дейді. Содан Абай атанып кеткен екен [2]. Бұл дау тудыратын мәселе, өйткені Зере әжеміз немересін арабтың сөзімен еркелетсе, бұл сөз қазір неге қолданыста жоқ?..

Ал Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан өз естелігінде «Негізі хатқа аты Ибраһим (Авраам) болса да, қазақ даласы шешесінің (әжесінің Т.Ж.) еркелетіп қойған нәзік есімімен Абай деп атап кеткендіктен, біз де солай қолданамыз» деп жазғады [3].

Бір деректе арабтың «сүйкімді» мағынасын беретін «абай» сөзі, бір деректе «ойшыл», бір деректе қазақтың сақтану мәнді «абай болу» деген төл сөзі десек де, біз де қадари-хәліміз жеткенше өз ойымызды ортаға салып көрелік:

Әкесі Құнанбай қажы азан шықырып қойған Ибраһим есімін қазақ даласында арабша сауаты бар адамдардан бөлек қарапайым халық өз тіліне ыңғайлап «Ыбрайым» деп атаған. Өйткені қазақ тілінің өзіндік дыбысталу заңдылығы құрамында «һ» дыбысы бар араб сөздерін өзгеріске түсіріп, аталған дыбыстан «й» дыбысын жасауға бейім. Мәселен, арабтың «Илаһ», яғни «Илаһым» сөзі тілімізде «лайым» болып айтылатынын біреу білсе, біреу білмейді. Сол секілді «Ибраһим» сөзі де «Ыбрайым» ретінде кең қолданысқа енген. Бұл атау кейіннен «Ыб(ы)рай» болып қысқарған (Ыбырай Алтынсарин, Үкілі Ыбырай).

Сөйтіп «Ыбрай» сөзінің «р» дыбысы шала айтылып, «Ыбай» дегенге жақындаған болса керек. Бәрімізге белгілі, әлем тілдерінің біразында (қытай, француз, ағылшын, т.б.) «р» дыбысы жазылса да жартылай немесе мүлдем оқылмайтын кездері болады. Яғни «р» дыбысының тіл ұшынан шығатынын ескерсек, ауызекі тілде бұл дыбыстың «Ыбрай» сынды сөздерде түсіп қалу иқтималдығы барын көреміз. Жалпы кейбір сөздердегі «р» дыбысының өзгеру, ауызекі айтылымда түсіп қалу мәселесі Б.Сағындықұлының «Қазақ тілінің тарихы» атты еңбегінде айтылады. Мәселен, онда «бір» сөзінің құрамындағы «р» дыбысының тілдің даму эволюциясында өзгерістерге ұшырап, тіпті түсіп қалуын былайша түсіндіреді: бирлан-билан-биан-бен... [4]  

Содан жасы келген Зере әженің Ыбрай(ым) немересін «Ыбай-Ыбай» деп еркелетіп, артынан бұл есім Абай деп өзгеруі әбден мүмкін. Сонымен қатар «Ыбрай» сөзіндегі «б» және «й» дауыссыз дыбыстары – «Абай» сөзіндегі «б» мен «й» дауыссыз дыбыстарымен сәйкесіп тұр!  

Ибраһим – Ыбрайым – Ыбырай – Ыбрай – Ыбай – Абай

Бір айта кететін жайт, қазақ дәстүрінде әйелдердің ер адамның есімін тікелей атауы әбестік саналған. Арқасүйер ерлеріне «отағасы», «қожайын» деп құрмет білдірген. Тіпті баласына пайғамбар есімі қойылса да, өз атымен атамай, осы дәстүрді ұстанған. Өйткені, пайғамбар есімі берілген баланы өз атымен атаса, оған ауырлық болады деп түсінген және пайғамбардың атын тікелей атамауға тырысып, кейде тілдері келмей қысқартып та айтқан.  

Мәселен, Шоқанның азан шақырылып қойылған аты – Мұхаммед-Ханафия. Мұхаммед пайғамбардың күйеу баласы хазірет Əлидің ең батыр ұлының құрметіне əрі «Болашақтың Мұхаммед-Ханафиясы болар ма екен?» деген тілекпен Қалқай ишан балаға осы атты қояды. Бірақ анасы Зейнептің оған тілі келмей, сəбиін «Қанаш» деп, ал былайғы жұрт «Шоқан» деп атап кетеді [5]. Яғни, Шоқанның анасы Мұхаммед-Ханафия деген ұзын-сонар атты қысқартып, алдыңғы Мұхаммед бөлігін түсіріп, тілге жеңіл болу үшін Ханафияның алғашқы екі буынын алып Қанаш (Ханаш) деп атаған.

Тілімізде мұндай еркелету мәнді білдіретін «-аш-ш» жұрнақтармен жасалып қысқарған есімдер баршылық:

Дін-Мұхаммед – Димаш, Абылай – Абош; Нұрасыл – Нұраш; Тұрар – Тұраш; Мұқасан – Мұқаш; Бекболат – Бекош; Сейсенбай – Сикош; Ерғали – Ерош; Бибі – Бикеш; Бағашар – Бағаш; ата – аташ(ым), көке – көкеш(ім); әке – әкеш(ім); ана – анаш(ым); бөпе – бөпеш(ім), т.б.

Сөзімізге тұздық ретінде Сәбит Мұқановтың Абай есімі туралы пікірін ұсынамыз:

«Ибраһим – дін кітаптарынан алынған, пайғамбардың аты. Бұл атты баласына жалғыз Құнанбай ғана емес, ислам діні өріс алған кезде көп қазақ қойған. Бірақ бірен-саран араб-парсы тілін білетін кісі болмаса, «Ибраһим» деген атты ешбір қазақ арабша түрінде айтпай, «Ибырайым» немесе «Ыбырай» деп атайды. Абайды өз тұсының ақындары «Ыбырай жас жолбарыс білектенген» (Біржан сал) деп, «Баласы Құнекеңнің Ыбырайым» (Қуанышбай ақын) деп мадақтаған. Ескі ауылда «Құнанбайдың Абайы» дегеннен гөрі «Құнанбайдың Ыбырайы» деген ат көп жайылған.

«Ибраһимді» «Ыбырай» демей, «Абай» деп алғаш атаушы, оның туған шешесі Ұлжан (Зере – Б.М.) деседі. «Абай» – қазақта бар сөз. Бұл сөзді қазақ «пана», «бақылаушы» деген мағынада қолданады. Қазақта «малыңа абай бол» деу, «малыңа бақылаушы бол» деудің, жақсы кісіні «елдің абайы» деу, «елдің панасы» деудің орнына жүреді. Бесік жырында ана өз баласын:

Әлди, әлди, абайым,

Атқа тоқым жабайын.

Ел қыдырған әкеңді

Қайдан іздеп табайын, –

деуі «панам, бақылаушым» деген ұғымнан шыққан. Сондықтан «Абай» есімі – қазақта ерте заманнан көп кездесетін ат» [6].

Түйін:

Кісі есімдері қаншалықты (еркелетіп) қысқартылып айтылса да, көбіне азан шықырып қойылған атынан ұзап кетпейтінін ескерсек, Абай есімін – Ибраһимнің, Қанаш, (Ханаш, Шоқан) есімін – Мұмаммед Ханафияның қысқарған түрі ретінде қарастыруға болады деген ойдамыз.

Бауыржан МЫРЗАҚҰЛ

azan.kz


 

Дереккөз:

http://bilim-all.kz/esimder/all 

https://infourok.ru/siniptan-tis-isshara-lilardi-lisi-abay-864188.html

https://abai.kz/post/12396

Сағындықұлы Б. Қазақ тілінің тарихы. – Алматы: «Қазақ университеті», 2011. – 85 б.

Рақымқызы Р. Бала Қанаштан – Шығыс жұлдызы Шоқан Уəлихановқа дейін // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Шоқан Уəлиханов (1835-1865). – 2011. – № 12 (24). – 5-9 б.

Мұқанов Сәбит. «АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ» монография // Таңдамалы шығармалар. Он алты томдық. Он алтыншы том. – Алматы: Жазушы, 1980. – 27-28-бб.

Бөлісу: