Соңғы жылдары жұрт: «Кімде-кім Рамазан айының басталуын ескертсе, оған тозақ оты харам етіледі» деген сөзді хадис деп таратуда.
Алайда бұл – хадис емес, Алла Елшісіне (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын) жала жабу. Біріншіден, мұндай сөз ешбір хадис жинақтарында келмеген және оның Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дейінгі иснады (хадисті жеткізушілердің тізбегі) көрсетілмеген.
Екіншіден, Рамазан айының басталуы жаңа айды көрумен анықталады. Қазіргі таңда көпшілік мұсылман мемлекеттерде айдың туылуы осылайша белгіленеді. Сондықтан оны көрмей тұрып, алдын-ала нақты күнін айту дұрыс емес. Мұндай діни мейрамдар мен рәсімдерді орындау барысында әрбір азамат өзі тұратын елдің Діни басқармасы жариялаған мәлімдемеге (пәтуаға) мойынсұнғаны дұрыс.
Үшіншіден, Рамазан айының басталуын хабарлаған адамның тозақ отынан құтыла салуы шариғат қағидаларына жанаспайды. Себебі, жәннатқа кіру мен тозаққа түсу мұндай істермен емес, шариғат міндеттеген істерді орындаумен белгіленеді. Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жала жабу, оның атынан біліп-білмей түрлі қисынсыз сөздерді айту – үлкен күнә. Мұндай іс-әрекет сол «хадисті» айтушы және таратушы адамның тозаққа түсуіне себеп болуы мүмкін. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім біле тұра менің атымнан жалған сөз сөйлесе, ол (баратын) жерін тозақтан дайындай берсін», – деген (Бұхари, Тирмизи). Тағы бір хадисте: «Кімде-кім менің атымнан жалған екенін біле тұра бір хадисті айтса, онда ол – өтірікшілердің бірі», – делінген (Мүслим). Ғалымдар жалған хадис айтудан қайтарып, оны таратуға тыйым салған. Мұндай әрекетке барған адам тәубе етіп, Алла Тағаладан кешірім тілеуі керек деген.
материал «Оразаға қатысты 200 сұрақ» кітабынан алынды,
ummet.kz