27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Ораза ұстаушының сауапқа толы бір күндік жоспары

Ораза ұстаушының сауапқа толы бір күндік жоспары

Ораза

1. Сәресі уақыты

Мұнда біз үш амалды жасаймыз:

1) Екі рәкағат намаз оқу;

2) Сәресі ішу, оны соңғы уақытқа дейін кешіктіру сүннет;

3) Сәресі уақытынан яғни, таң намазының уақыты кірмес бұрын 5-10 минут қалдырып, сол кезде күналарыңды еске түсіріп, истиғфар айту (Алладан кешірім сұрау).

2. Таң намазының уақыты

Таң намазының уақытында мынадай он амалды атқарғанымыз жөн:

  • Азанды тыңдау мен қайталау және азан дұғасын оқу;
  • Таң намазының екі ракағат сүннетін оқу (бұл екі ракағатты Пайғамбарымыз (Оған Алланың Салауаты мен сәлемі болсын) үйде оқып, сосын мешітке шыққан. Ал сіз өзіңіз таңдауыңызбен қаласаңыз үйде немесе мешітте оқуға болады;
  • Мешітке бару және шығып бара жатқан кезіңізде Пайғамбарымыздың (Оған Алланың Салауаты мен сәлемі болсын) үйреткен дұғасын оқу;
  • Мешітке кірер алдында иғтикәфқа ниет ету. Өйткені, иғтикәф аз болсын, көп болсын мешітте қалумен жүзеге асады. Сондықтан қанша мешітте болсаңыз соны иғтикәфқа ниеттеніңіз.
  • Мешітке кірерде оқылатын дұғаны оқу;
  • Мешітке кірген соң екі ракағат «Мешітке сәлем» намазын оқу және егер үйде оқымаған болсаңыз таң намазының екі ракағат сүннетін де оқу;
  • Азан мен қамат арасында уақыт болып жатса, өзіңізге және басқа да мұсылмандарға дұға қылу, өйткені азан мен қамат арасындағы дұға қабыл болады. Құран оқу, зікір айту т.б.
  • Қамат айтылғанда жүрегіңізді Аллаға арнаңыз, ниетіңізді жаңартыңыз және таң намазына періштелер куәлік ететінін есіңізге түсіріңіз. Намазды ықыласпен оқыңыз және шамаңыз келгенше оқылатын аяттарды түсінуге тырысыңыз.
  • Парыздан кейін тұрып кетпеңіз, отырып намаздан кейін оқылатын зікірлерді оқып дұға қылыңыз, өйткені мұның сауабы өте үлкен.
  • Егер имам намаздан кейін дәріс өткізсе, оған қатысыңыз. Себебі ол қысқа болса да, періштелер қатысатын ғылыми мәжіліске жатады.

3. Таң намазынан күн шыққанға дейінгі уақыт Бұл уақытта мына амалдар жасалғаны абзал:

1. Таңғы зікірлерді жасау.

2. Әртүрлі дұғалар оқу;

3. Құран оқу, тыңдау;

4. Жаратылысқа ой жүгірту;

5. Білім алу, сабақ қайталау т.б.

4. Күн шыққаннан кейінгі кезең (жұмыс (сабақ) уақыты)

Бұл кезең дұха намазын оқығаннан кейін басталады. Әркімнің жұмыс, сабақ уақытына байланысты. Егер жұмысыңыз кеш басталса, бір сәт ұйықтап демалуға болады.

Егер уақыт болмаса онда Аллаға тәуекел етіп жұмысыңызға барыңыз. Жұмыста (оқуда) болған кезіңізде мына амалдарды істегеніңіз жөн:

  • жұмысыңызға (оқуға) уақытында барып, уақытында қайту. Оразаны жалқаулыққа сылтау қылмау керек. Өйткені Рамазан күрес /жихад/, құлшылық ету, амал ету айы, жалқаулықты үйрететін ай емес;
  • жұмысыңызды (оқуды) дұрыс, толық атқару. Өйткені Алла адал істі жақсы көреді;
  • жұмыс кезінде (оқуда) ешкімге зиян тигізбеңіз, ренжітпеңіз, сіз ораза ұстап жүргеніңізді ұмытпаңыз. Жұмысты (оқуды) ғибадат жасауыңызға кедергі деп ойламаңыз, керісінше ниетіңізді жаңартып, адал еңбек ету – құлшылық, тіпті Алла жолында күрес болып есептеледі;
  • парыз намаздарды жіберіп алудан сақ болыңыз, шама келсе, мешітте болмаса өз уақытында оқуға тырысыңыз, әрине мешіт абзал.

5. Бесін мен екінті арасындағы (жұмыстан кейінгі) уақыт

Бұл уақытта ұйықтап дем алуға тырысу керек. Өйткені, түнде тарауих оқуға және басқада маңызды істерді атқаруға күш жинау қажет және бұл Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті: «Қайлула жасаңдар (яғни, түсте бір сәт мызғып алу). Шынында шайтандар бұл кезде ұйықтамайды» деген.

Ескерту: Әрине кейбір адамдардың жұмысы екінті намазынан кейін немесе ақшам кезінде бір-ақ бітеді. Сондықтанда басында айтқанымыздай бұл жоспар тек үлгі ретінде ұсынылады. Әркім өз уақытына лайықтап жасап алуына болады. Маңыздысы – жоспардағы айтылған ісамалдарды қамту.

6. Екінтіден ақшамға дейінгі уақыт

Бұл уақытты отбасымызға арнаған жөн:

  • отбасының барлық мүшелері жинала отырып, Құран оқу және шариғатымызды үйрену, дұға жасау және бұл іске балаларымызды да араластыру;
  • қиссалар, риуаяттар, хадистер айту, сондай-ақ балаларға кішігірім жарыстар ұйымдастыру;
  • Отбасында имани орта қалыптастыру қажет. Әрине мұндай отырыстардың балаларды тәрбиелеуде оң әсері мол. Сондай-ақ ерлі-зайыптар арасындағы байланысты күшейтіп, олардың араларында болған кейбір қайшылықтарды жоюға да әсері шексіз.

7. Ақшамнан құптанға дейінгі уақыт

Бұл уақытта ауыз ашылады, қуаныш уақыты. Пайғамбарымыздың Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде айтылған: «Ораза ұстаушының екі қуанышы болады. Біреуі ауыз ашқанда біреуі Қиямет күні Раббысына кездескенде».

Бұл кезде Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан ауызашар дұғасын айтып, ауыз ашамыз. Кейбір адамдар тамаққа қызығып, ақшам намазына мешітке баруды ұмытады. Әрине бұл сүннетке сай емес. Сондықтан да, ер адамдар ауызды мешітте ашып намазды оқып келіп, кейін тамаққа отырғаны абзал болады.

8. Құптан мен тарауих намаздарының уақыты

Бұл уақытта мына амалдарға мән берген дұрыс:

  • үйіңізге жақын мешітті таңдау, өйткені, онда танитын адамдарыңыз болады, олармен байланысыңызды күшейтуге, қал-жағдай сұрасуға, бауырмашылықты арттыруға үлкен мүмкіндік болады. Әрине Хатым түсіретін мешіт болса, нұр үстіне нұр болады;
  • мешітке жалғыз бармай, таныстарыңызды, туыстарыңызды шақырыңыз;
  • намазды хушуғпен (ықыласпен) оқып, аяттардың мағыналарына ой жүгіртіңіз.

9. Тарауихтен кейін ұйқыға дейінгі уақыт

Бұл уақытта мына амалдарға назар аударған жөн:

  • мүмкіндігінше ерте ұйықтауға тырысу;
  • студент болса сабақтарын қайталау;
  • Құран оқуын толықтыру, егер қалып қойған зікір немесе кез келген жоспардағы істері болса соларды аяқтау;
  • үйдің қажеттіліктерін өтеу т.б. пайдалы істерді істеу.

10. Ұйқы уақыты

Бұл кезеңге мән беру өте маңызды. Себебі жоғарыдағы амалдарды жақсы орындау үшін адамға күш-қуат қажет. Егер ниетті жөндесек ұйқымызды да құлшылыққа айналдыруға болады. Ол үшін:

  • Ұйықтау мен құлшылық жасауға күш жинауды ниет ету;
  • Ұйықтаудың әдептерін ұстану (дәретпен ұйықтау, оң жаққа қарап жату, ұйықтар алдында айтылатын дұғаларды оқу.

материал «Оразаға қатысты 200 сұрақ» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: