27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Ораза бұзылғанда әрі қаза, әрі кәффарат қажет болатын жағдайлар

Ораза бұзылғанда әрі қаза, әрі кәффарат қажет болатын жағдайлар

Ораза

Рамазан айында себепсізден-себепсіз біле тұра ішіп-жесе немесе жыныстық қатынас жасаса әрі сол күннің қазасын, әрі кәффаратын өтеу қажет.

Али (р.а.): «Кәффарат тек қана ішіп-жеу мен жыныстық қатынас нәтижесінде болады», – деген.

Асқазанға қорек болатын нәрселерді ішіп-жеу яки дәрі-дәрмек қолдану;

Аузына түскен жаңбыр, бұршақ және қар суын біле тұра жұту;

Тістің арасында қалып қойған ноқаттан кішкентай нәрсені, ауыздан шығарып қайта жеген жағдайда ораза бұзылады, қазасын өтейді бірақ кәффарат қажет емес. Тістің арасында қалып кеткен сусам (кунжут) немесе бидай секілді көлемі кішкентай нәрсені жұту оразаны бұзбайды. Алайда шайналып, дәмі тамаққа сезілмей кетсе де оразаға зияны жоқ. Бірақ тістің арасында қалмаған, сырттан қабылдап жұтқан жағдайда ораза бұзылып әрі қаза, әрі кәффарат қажет етеді. Жалпы бұл жайлы Әзірет Али риуаят еткен мынадай хадис бар: «Ораза кіргеннен ғана бұзылады, шыққаннан емес». Яғни әдейілеп ішіп-жеуден бұзылған ораза үшін кәффарат әрі қаза қажет болады.

Темекі, анаша, апиын секілді адамды ақылынан адастыратын нәрселерді пайдалану;

Жұбайының немесе сүйіктісінің сілекейін жұту;

Ғайбат айтып, біреуді өсектеген соң оразам бұзылды ғой деп ойлап, аузын ашса, қаза әрі кәффарат өтеуі міндет болады. Негізінде, ғайбат жасау оразаны бұзбайды, тек сауабын кемітеді. Ғайбаттың оразаны бұзбайтындығы жайлы мұсылман ғалымдар бір ауыздан келіскен. Егер діндар біреу қателесіп пәтуа беріп, соның көзқарасына сеніп тамақ жесе, кәффарат емес қаза ғана өтеледі. Себебі мәлімет дұрыс жетпеді.

Жыныстық қатынаста болу. Аузы берік екенін біле тұра жыныстық қатынас жасаған еркек пен әйел сол күннің қазасы мен кәффарат оразасын ұстайды. Мәни келсе де, келмесе де бәрібір. Оған рамазан айында әйелімен жыныстық қатынас жасап қойған бір бәдәуиге кәффарат қажет екендігіне жоғарыда айтылған хадис дәлел. Кәффаратын өтегенде, екі ай бойы үзбей ораза ұстайды. Егер оған да шамасы жетпесе, алпыс кедейді тамақтандыруы керек. Осыған дәлел ретінде Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Рамазан айында күндіз оразасын бұзған адам зиһар жасаған секілді кәффарат өтеуі қажет» – деген хадисі де келтіріледі.

Егер күйеуі әйелін зорлап, әйелімен жыныстық қатынас жасаса, әйел сол күннің қазасын ғана өтейді. Ал күйеуі әрі қаза әрі кәффарат өтейді.

Қорытындылай келгенде, өз қалауымен біле тұра ішіп-жеу мен жыныстық қатынас жасаудың тысында ораза бұзылған жағдайда тек қана қаза қажет. Ал әдейілеп ішіп-жесе, жыныстық қатынаста болса оразаның қазасы мен алпыс күндік кәффарат өтеулері міндет.

материал «Ораза – теңдессіз құлшылық» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: