26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намаз оқып жатқан адамның алдын кесіп өту күнә ма?

Намаз оқып жатқан адамның алдын кесіп өту күнә ма?

Намаз

Әбу Жуһаймнан (Алла оған разы болсын). Ол: «Алла елшісі (с.а.с.): «Намаз оқып тұрғанның алдынан өтуші өзіне (қандай күнә жүктелетінін) білгенде, өзі үшін оның алдынан өтуден қырық... күтіп тұру қайырлы екенін (түсінер еді)», – деді», – деген.

Әбу ән-Надр: «Ол қырық күн не ай, немесе жыл» деді ме, білмеймін», – деп айтқан.

Ибн Хузайма жеткізген хадисте: «...қырық күз...» (яғни қырық жыл) дегені айтылған. Ибн Хажар осыны «сахих» деп санаған.

Бұл хадис намаз оқып жатқан адамның алдынан ол сәжде жасайтын аралықта кесіп өту күнә және жазалы екенін айғақтайды. Намаз оқып тұрған адамның алдын кесіп өтетін кісі қандай күнәға душар боларын білгенде, ол намаздың аяқталуын күтіп қырық жыл тұруға да келіскен болар еді. Егер ол намаз оқып жатқанның сәжде жасайтын орнынан біршама алыс жерден өтетін болса, онда бұл хадистің мәтіні көрсеткендей күнә болмайды.

Намаз оқушы мұндай жағдайда алдына адамдардың назарын аударатын және оларды өзінің алдынан өтуден сақтандыратын «сутра» деп аталатын қандай да бір нәрсе қоюы керек. Бұл туралы Алла елшісі (с.а.с.): «Қайсыбірің адамдардан қалқалап тұратын бір нәрсеге қарап намаз оқыса және біреу оның алдынан өтпек болса, оны кері итерсін. Ал бас тартса, онымен айқассын, өйткені ол – шайтан», – деген.

Имам әл-Бұхари келтірген осы «сахих» хадис, Меккедегі әл-Харам мешіті не Мәдинадағы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мешіті болсын, бәрібір бізді намаз оқып тұрған кісінің алдын кесіп өтуден сақтандырады. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) бұл сөздерді Меккеде не Мәдинада болған кезінде айтқан. Бұған мына деректер дәлел болады:
Имам әл-Бұхари намаз оқып жатқан кісінің алдынан өтпек болған адамды өткізбей, кері итеріп тастау қажеттігі туралы тарауда Ибн Омардың Қағбада Тәшәһһуд оқып отырып алдынан кесіп өтпек болған адамды кері итеріп тастап: «Егер ол қарсыласып, онымен айқасудан басқа жол қалмаса, айқасу керек», – дегенін келтіреді.

Хафиз ибн Хажар: «Бұл жерде Қағба туралы, әдетте ол жерде адам өте көп жиналатындықтан, намаз оқып жатқан адамның алдынан кесіп өтуге болады деген ой тумас үшін арнайы айтылған», – деген. Қағбадағы осы жағдай туралы хадисті имам әл-Бұхаридің ұстазы Әбу Нұғайм өзінің «Намаз» кітабында жазған.

Сонымен, жоғарыда келтірілген «сахих» хадистерден белгілі болғандай, Меккедегі әл-Харам мешіті не Мәдинадағы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мешіті немесе басқа жерде болсын намаз оқушы алдына қалқа қойған болса, оның сәжде жасайтын жерінен өту күнә әрі жазалы болып табылады. Тек зәру жағдайларда ғана бұлай істеуге рұқсат етілуі мүмкін.

материал «Құлшылық және сенім» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: