26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намазда «Фатихадан» бұрын «бисмилланы» оқу керек пе, жоқ па?

Намазда «Фатихадан» бұрын «бисмилланы» оқу керек пе, жоқ па?

Намаз

Ибн Абдулла ибн Муғаффал былай дейді: «Мен намазда «бисмиллаһир-рахманир-рахимді» жария оқыдым. Мұны естіген әкем: «Балам, бұл – бидғат. Бидғаттан сақ бол! Мен Расулалланың (с.а.с.) сахабаларының қайсыбірін кездестірсем, олардың бәрінің бидғатты жек көргендей басқа нәрсені жек көрмейтінін көрдім». Әкем сөзінің жалғастырып былай деді: «Мен Расулалланың (с.а.с.), әзірет Әбу Бәкірдің, Омардың және Османның артында тұрып намаз оқыдым. Олардың ешқайсысының мұны (бисмилланы) жария етіп оқығанын естіген жоқпын. Оны сен де оқыма. Тек қана «Әл-хәмду лилләһи раббил-аләмин» деп айт», – деді».

1. «Намазды бастағанда «Фатихадан» бұрын «бисмилланы» оқу керек пе, жоқ па?» деген мәселе риуаяттар тұрғысынан даулы тақырыптың бірі. Кейбір риуаяттар «оқылады» десе, риуаяттардың екінші бөлігі «оқылмайды», – дейді. Әрине, біз мұнда бұл мәселе жайындағы талас-тартысты айтпаймыз. ибн Аббастың хадисінде (№2527) көрсетілгеніндей, кейбір риуаяттар ардақты Пайғамбардың «бисмилләні» оқығанын қуаттаса, содан кейінгі екі риуаят оны үзілді-кесілді жоққа шығарады. Бұл мәселе жайындағы риуаяттар осы жерде келтіргендермен ғана шектелмейді. Айта кету керек, Расулалланың (с.а.с.) және аты аталған сахабалардың «бисмилләны» жария оқымауы олардың іштей оқыған болуына кедергі келтірмейді.

Көптеген Ислам ғалымдары осы мәселеге тоқталып, былай талдаған: «Ақиқатында, Расулалла (с.а.с.) және одан көргенін қайталаған сахабалар қырағат жария оқылатын ақшам, құптан және таң намаздарында «бисмилләны» жүйелі түрде әрдайым жария оқымаған. Егер оқыған болса, риуаяттарда қайшылық болмас еді. Қайшылық болғанына қарағанда, оның көп оқымағаны анық. Алайда жария оқымағаны үшін оны іштей оқымады деп айтуға болмайды...»

«Бисмилләні» «Фатиха» сүресінің алғашқы аяты деп есептеген ғалымдар бұл хадисті басшылыққа алғанда, Расулалла (с.а.с.) «бисмилләні» міндетті түрде оқыған, алайда іштей оқығандығы үшін басқалар естімеген деп санайды.

Ханафилер осылай деген. Ахмад ибн Ханбал, Сәури, Исхақ ибн Рахуия сияқты басқа да сәләф алыптары осылай үкім берген. Олардың айтуынша, әр рәкатта «Фатихадан» бұрын «бисмиллә» айтылады.

Шәфиғи мәзһабында «бисмиллә» «Фатиханың» бірі аяты болып есептеледі, сондықтан оқылуы заңдылық. «Фатиха» іштей оқылатын жерде іштей, жария оқылатын жерде жария оқылады. Шәфиғилерден келген тағы бір риуаят бойынша, «бисмиллә» – әр сүренің бірінші аяты, басқа риуаят бойынша, басқа сүрелердің емес, тек «Фатиха» сүресінің бірінші аяты.

Имам Мәлик парыз намаздарында «бисмиллә» мүлде айтылмайды деген. Оның айтуынша, нәпіл намаздарда қалаған адам айтып, қалаған адам айтпайды. Табари де осылай үкім берген.

Хазимнің де пікірі назардан тыс қалмайды. Оның пікірінше, «бисмиллә» жария оқылады деп баяндайтын хадистер сахих болса да мансұқ. Өйткені Сағид ибн Жубәйрдің мына мурсәл риуаяты  бар: «Расулалла (с.а.с.) Меккеде «бисмилләні» жария оқыды. Сонда Мусәйләмә әр-Рахман есімді пұтқа табынатын Меккелік кісі: «Мұхаммед Ямәманың құдайына сиынды», – деді. Содан кейін Расулалла «бисмилләні» іштей оқи бастады. Ол өмірден озғанға дейін бисмилләні жария оқымады». Хадисті мурсәл деп оны амал етуден сырт қалдырғысы келгендерге: «Әділетті халифалардың тәжірибесімен (қолданысымен) қуатталған. Өйткені олар Расулалланың соңғы халін бәрінен жақсы білетін адамдар...», – деп жауап берген.

2. Орайы келгенде айта кеткен жөн, кейбір ғалымдар «бисмиллә» Құранның бір аяты емес, «Нәмл» сүресінің бір бөлігі деп қабылдаған. Осы көзқарасты құптаған Тахауи «Егер ол Құранның («Фатиха» сүресінің) бір аяты болғанда, Расулалла оны міндетті түрде намазда «Фатиха» сүресімен бірге жария оқыр еді» деген. Оның ойынша, «бисмиллә» Құрандағы «Нәмл» сүресінің бір бөлігі ғана, оның сол жерде оқылуы – уәжіп. Бұдан басқа сүрелердің басында қойылуы оның сол жердегі аят екенін көрсетпейді. Алғаш уахи түскен кезде Жәбірейіл періште Алла елшісіне (с.а.с.): «Оқы!» деп бұйырады. Расулалла (с.а.с.) оған: «Мен оқи алмаймын», – деп жауап береді. Бұл талапқа осы жауапты үш рет қайталағаннан кейін алғашқы уахи: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен (оқы)!» – деп басталып түскен. Бұл жерде «бисмиллә» жоқ. Егер бұл сүренің басында әлі күнге дейін бар болған «бисмиллә» уахи болса, Расулаллаға (с.а.с.) алғашқы аят ретінде «бисмиллә» түсер еді, сондықтан «бисмиллә» уахи емес.

Бұл пікірде Тахауи жалғыз емес. Әузағи, ибн әл-Мубәрак, Дәуіт Заһири, Ахмад ибн Ханбал да осыған ұқсас пікірлер айтқан.

Енді тәжірибеге келетін болсақ, бұл мәселе жайында «Ғылымхал» кітптарында былай делінген:

  • Парыз немесе нәпіл намаздардың алғашқы рәкатында «Фатихадан бұрын «Әғузу, бисмиллә» оқу – сүннет.
  • Содан кейінгі рәкаттарда да «Фатихадан» бұрын бисмилләні оқу – сүннет.
  • «Фатихадан» кейін оқылатын сүрлердің басында «бисмиллә» оқылмайды. Имам Мұхаммедтің тұжырымына қарағанда, іштей оқылатын намаздарда зәм (қысқа) сүренің алдында «бисмиллә» айтылады.

материал «Сүннет энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: