Тағдырға иман келтіру мәселесінде мұсылман баласы үшін екі нәрсе ауадай қажет: боған іске өкінбеу және болашақ үшін уайымдамау. Ал, тағдырға сенудің пайдалары мынадай:
1. Тағдырға иман келтірген, сенген адам кез келген істі бастамас бұрын Аллаға тәуекел етеді, себебі, әрекетін жасап жатқан өзі болғанымен, соның барлығын нәсіп етіп, Басқарып тұрған Алла екенін, нәтижесін де Ол беретінін біледі.
2. Пенде барлық нәрсенің Алланың қалауы бойынша орындалатынын білгенде жүрегі тынышталып, жаны жай табады.
3. Егер бір қалағанына қолы жетсе, өз-өзіне таңырқамайды, масайрамайды. Өйткені, жетістік дегеніміз – сол істі жүзеге асыруға көмектесіп, жақсы нәтижеге жетуге мүмкіндік берген Алланың мейірімі ғана. Осыны түсінген адам өз-өзіне мәз болмай, Аллаға шүкіршілік айтады.
4. Егер қалағанына қолы жетпей қалса, ойдағысы болмай қалса не өзіне ұнамайтын бір жағдайға ұрынса, ол үшін уайымның соңынан сарылып кетпейді. Себебі, барлық нәрсе Алланың тағдырымен, қалауымен болатынын, кез келген сәтте өзгере алатынын біледі.
ummet.kz