05
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Әрбір күнәһарда болашақ бар, әрбір салиқалыда өткен шақ бар

Әрбір күнәһарда болашақ бар, әрбір салиқалыда өткен шақ бар

Иман келтіру

Әрбір күнәһарда болашақ бар, дәл сол секілді әрбір салиқалыда өткен шақ бар. Бұлай болуы да заңдылық. Ең бастысы, Алладан үміт үзбеуіміз керек және жасаған үлкенді-кішілі күнәлі істеріміз үшін уақытында Алладан кешірім сұрап, тәубе еткеніміз абзалырақ.

Жер бетінде жеті миллиард адам бар десек, әрқайсысының әртүрлі деңгейде (кішігірім, үлкен) жасаған күнәлары бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде: «Егер сендер күнә істемесеңдер, Алла сендерді жоқ етіп, күнә істейтін әрі оған тәубе ететін қауымды жарататын еді» (Муслим, 2747) деген болатын. Иә, күнә жасаған жүректен Алладан кешірім сұрап, тәубеге келген жүрек жақсырақ.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Барлық Адам атаның балалары қателесуші» деп айтылғандай адам баласы қателесуші, бірақ тәубе етуші де болу керек. Өйткені Атамыз Адам (ғ.с.) өз қателігін мойындады, тәубе етіп, Алладан кешірім сұрады. Алайда Оны азғырған шайтан тәубе еткен жоқ, қателігін мойындамады, тәкаппар болды. Сол сияқты адам баласы өткеніне өкініп, тәубе етсе, Адам (ғ.с.) атасына ұқсағаны, ал тәубе етпесе, шайтанға ұқсап, тәкаппар болғаны.

Тәубе ету адам баласының жаратылысында бар қасиет. Олай дейтініміз әу баста Адам (ғ.с.) Алланың сынағына тап болып, тыйым салынған жемісті жеп қойған қателігі үшін тәубе етті. Алла Тағала оның тәубесін қабыл алды. Жоғарыда атап өткеніміздей адам баласы нәпсі мен шайтанның жетегіне еріп қателесуі әбден мүмкін. Алайда жасаған қатесін жуып-шаятын тәубе деген сабынды қолдануы тиіс. Бұл пенде үшін таптырмайтын мүмкіндік.

Алла елшісі (с.ғ.с) келесі хадисінде: «Адам баласының бәрі қателік жасайды. Солардың ішіндегі ең жақсылары жасаған қателіктері үшін тәубе ететіндері», – деген (Ибн Мәжа, Зуһд 30).

Құранда: «Ол  құлдарының тәубесін қабыл етеді де, күнәларын кешіреді. Әрі не істегеніңді біледі», – деп баян еткен («Шура» сүресі, 25-аят). Сіздің адамдарға жасаған жақсылығыңызды да, зұлымдықтарыңызды да Алла Тағала біледі. Біз қандай сөз айтсақ та, қандай (дұрыс, бұрыс) амал жасасақ та, ертең Оның алдында сұраламыз. Ешнәрсе сұраусыз қалмайды. Алайда, жасаған күнәларыңыз үшін дер кезінде тәубеңізге келіп, Алла Тағаладан кешірім сұрай біліңіз, көбірек Аллаға тәубе етіңіз. Біз күн сайын Алладан бір емес, мың рет кешірім тілеуге мәжбүрміз.

ummet.kz

Бөлісу: