03
Жексенбі,
Қараша

һижри

Шын ниетпен жасалған тәубе таудай күнәні жояды

Шын ниетпен жасалған тәубе таудай күнәні жояды

Иман келтіру

Аса Рақымды, Мейрімді Алланың атымен бастаймын. Исалам дінінің білімді ғұламалары әрбір жасалған күнәға тәубе келтіру керектігін айтқан. Ата-бабамыз бұл туралы: «Шын ниетпен қылған тәубе таудай күнәні жояды» - деді.

«Тәубе»  — Құран кәрімнің тоғызыншы  сүресі.  Бұл сөз — Тәубе  сүресі арқылы қазақ халқының бойына сіңді деуге болады.  Тәубе сөзін, қазақтар «Тәу бә»,«Тоба, о тоба» депте келтіре береді.

Қасиетті Құранның «Зүмәр» сүресінің 53 аятында:

قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَى أَنفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِن رَّحْمَةِ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ

الذُّنُوبَ جَمِيعًا إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ

«(Уә, Мұхаммед! Оларға Менің мына сөзімді жеткіз): «Уә, күнәға батып, өз-өздеріне жамандық жасауда шектен шыққан һәм өздеріне берілген түрлі нығметтер, сезімдер мен қабілеттерді орынды пайдаланбай зая қылған құлдарым! Алла Тағаланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер! Өйткені Алла барлық күнәларды кешіреді. Шүбәсіз, Ол – Ғафур (құлдарының күнәларды қаншалықты ауыр болса да тәубелеріне келген жағдайда өте кешірмейді), Рахим (ерекше мейрімді)!»

Иманды кісі Алла Тағаланың кешірімінен үмітін үзген болса, ол төмендегі құдси хадисті есте алсын: «Бәрінен Ұлық Алла былай дейді: «Уә, адам баласы, әлбетте, Маған жалбарып, дұға ұылуыңды тоқтатқанға және Менен үмітіңді үзгенге шейін қалай жасағаныңа қарамай кешіремін! Уә, адам баласы, егер сен аспандағы бұлттарға жететіндей күнә жасап, одан кейін Менен кешірім сұрайтын болсаң, Мен сені кешірем! Уә, адам баласы, егер Маған аспандағы бұлттарға жететін және жер бетін толтыратын күнәлармен келсең де, Маған серік қосып басқа ешкімге сиынбаған болсаң, әлбетте, мен бұл күнәларыңның бәрін құшағына алған кешірімімді берем!»

Өзінің күнә істегенін білген адам Жаратқаннан үміт етіп, тәубеге келіп, Алла Тағаладан шын ниетімен кешірім сұрауы керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі  болсын): «Күнәсына тәубе қылған кісі күнәсіз адам сияқты», – деген.

Бірақ, егер біз Алла Тағала біздің күнәмізді кешіреді екен деп күнде үлкенді-кішілі күнәларды істеуден тыйылмасақ, оның азабы да ауыр болады. Алла Тағала мұндай пендесінің тәубесін қабыл етпейді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі  болсын), миғражда Алла Тағаламен тілдескенде Жаратушы Иеміз:

– Иә, Мұхаммад, маған лайықты не сый-сияпат әкелдің? – дейді. Сонда Алланың елшісі:

– Я, Алла, Саған ненің лайықты екенін біле алмадым, – деді, – Бүкіл жаратылыс пен қазынаның иесі бір Өзіңсің. Мен Саған тек үмбетімнің күнәсін алып келдім. Олардың күнәларының кешірілуін Сенен сұраймын, – деп жылап дұға етті.

Алла тағала:

– Ей, Мұхаммед, үмбетіңнің күнәларын кешірдім, үмбетіңе шапағат етуіңді нәсіп еттім, – деді.

Шайтан кісілерді «тәубе келтіріп, күнәдан бас тарту өте ауыр» деп сендіруге әрекет жасайды. Тәубе келтіру кісіден түзу жолдан шықпауды, Алла Тағалаға толық мойынсұнуды және үкімдерін мүлтіксіз орындауды талап қылады. Түзу жолдан шықпай жүру оңай емес. Сонымен бірге бұл түзу жолдан шығып кетіп, тәубе келтіргісі келмегендерге жаман көрінудің себепшісі болып қалады. Шайтан пендеге: «Өзіңді мұндай қиыншылықтарға душар қылып не қыласың? Достарың сені түсінбей, жасаған істеріңді дұрыс көрмей қалса, олардан да айырыласың? Оның үстіне сенің тәубе келтіргеніңе ешкім сенбейді. Олар сені мазақтап, «Қараңдар бұған, анық күнәһар, енді мешітке барып, намаз оқып қалыпты!» - деп айтады» деп сыбырлайды. Ал күнәсі көп кісілерді шайтан: «Алла тәубеңді қабыл алмайды» деп сендіріп, үміттерін үзуге әрекет жасайды. «Алла сендей күнәсі көп адамдардың тәубесін қабыл алмайды. Елестеші, осыншама күнәңмен сені қайтіп кешірсін?!» - дейді ол. Сөйтіп оның әрбір жасаған күнәсін еске түсіреді.

Құран Кәрімде: «Алланың қабылдаймын деп уәде еткен тәубесі – жамандықты білместікпен істеп алып, одан соң көп ұзамай (өлмей тұрып) түзелген адамның тәубесі. Алла олардың тәубесін қабыл етеді. Ол барлығын біліп тұрады, әрі хикметпен іс істейді. Тірлігінде жамандық жасаудан тыйылмай, өлер шаққа келгенде енді тәубе етемін деушілердің тәубесі және кәпір қалпында өлгендердің тәубелері қабыл болмайды. Оларға ауыр азап дайындалған», – делінген («Ниса» сүресі, 17-18-аяттар).

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі  болсын): «Ей, адамдар, Алла тағалаға тәубе етіңіздер және Одан кешірім тілеңіздер. Мен күніне жүз рет тәубе етемін», – деген.

Иә, әрбір пенде қарны тойса, «тәубе, тәубе» деп ернін жыбырлатып қояды, бірақ осы сөздер шынайы жүректен шығып жатса ғой шіркін. Сол Алланың құлдары осы шақта тұрып, өткен шағына ойша есеп берсе, өткен күнәларына тәубе қылып, дұға етсе, ақыреті үшін оның пайдасы зор болар еді.

Жаратушы Иеміздің әрдайым қаһарынан бұрын, рахымы бірінші жүретіні белгілі. Бұл дүниеде Алла тағаланың рахымы болмаса, адамзатта мейір, шапағат қайдан болсын?!

Әйкерім Қайратқызы,

«Нұр-Астана» мешітінің ұстазы

Бөлісу: