Әр адамның бойында бір бекітілген жыны болады. Оны «Қарин» деп атайды. «Қарин» - жолдас, жақын, ілескен, қабаттасқан, сыбайлас деген мағыналарға саяды. Құранда : «Оның сыбайласы (шайтан) былай дейді: "Раббым! Оны, мен аздырмадым. Өзі де ұзақ адасуда еді" – деген аят бар. Осы аятта шайтанға «қарин» сөзі қолданған.
Қариннің қызметі адамды адастыру, азғырып жаман жолға түсіру. Яғни, оның адамға әсері – азғыруында болып табылады. Хадиске назар аударар болсақ, Абдулла ибн Мәсъудттан жеткен бір риуаятта ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына:
- Әрбір адамға жыннан бір жолдас (қарин) бекітіліп қойылған, - дейді. Сонда сахабалар:
- Сізге де бекітілген бе, уа Алла Елшісі? - деп сұрайды.
- Маған да бекітілген. Бірақ, Алла Тағала оған қарсы жәрдем етті, ол мұсылман болды (әсләмә). Маған тек жақсылықты бұйырып тұрады», - деп жауап берді[1]. (Хадистің арапша мәтініндегі «әсләмә» сөзін, «әсләму» деп оқығандар бар. Ол кезде мағынасы: «Оның азғыруынан дін аманмын» болмақ.).
Бір күні Айша анамыз Пайғамбарымызды қызғанады. Осыны сезген Алла елшісі:
- Айша, саған не болды қызғанып? – деп сұрайды.
- Неге қызғанбайын? Мен сияқты әйелдің, сіз сияқты еркекті қызғанбауы мүмкін ба?!
- Шайтаның келген екен ғой?! – дейді
- Менің шайтаным бар ма?
- Иә.
- Әр адамда бола ма?
- Иә.
- Сізде де ма, уа Алла Елшісі?
- Иә. Бірақ Алла Тағала оған қарсы маған жәрдем етті. Ол, маған бойұсынды (немесе мұсылман болды, оның азғыруынан дін аманмын), - деп жауап берді Пайғамбарымыз[2].
Қазақ тіліндегі «жыныма тиме», «жыным келіп тұр» деген сөз тіркестері, «ашуыма тиме», «ашуым келіп тұр» дегенді білдірсе де оның астарында: «ішімдегі жынымның азғыруына себепші болма» дегендік жатыр. Өйткені, ашу да шайтанның азғыруынан тұтанады. Сондықтан да, Пайғамбарымыз ашуланған адамға «әғузуді» айтуды кеңес еткен.
Қандай болғанда да, аталмыш сөз тіркестері о баста Пайғамбарымыздың хадистерінен әсерленіп туындаған десек қателеспеспіз.
Қорытынды:
Адамның жақсылыққа ұмтылдыратын бір періштесі және жамандыққа итермелейтін шайтаны болады. Періштесі жақсылыққа жетелеп, игі ойлар салады. Хақты растауға шақырады. Шайтан жаман ойлар салып, әркелгі теріс істерді істеуге итермелейді. «Ендеше кімде-кімнің жүрегінде жақсылықтың нышаны сезілсе, оны Алладан деп білсін де Оған шүкіршілік етсін – дейді Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)– ал, жамандықтың нышаны сезілсе малғұн шайтаннан Аллаға сыйынсын (әғузу билләһи минаш шайтанир ражим десін)»[3]
[1] Сахих Муслим.
[2] Сахих Муслим – 5040 хадис.
[3] Тирмизи -№2988 хадис.
дереккөз: Абдусамат Қасым
islam.kz