27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Өміріміздің барлығын құлшылықпен өткізуіміз мүмкін бе?

Өміріміздің барлығын құлшылықпен өткізуіміз мүмкін бе?

Иман келтіру

Егер сізге біреу ұзақ жыл бойы үзбей жақсылық жасап, барлық қажетіңізді өтеп тұрса, сізді бір сәтке де жалғыз қалдырмай, үнемі жаныңыздан табылса, не істер едіңіз? Оны да риза ететін бір нәрсені жасағыңыз келер еді, солай ма?

Ал Алланың бергені, мейірімі, қамқорлығы одан да артық емес пе? Ол бізді жоқтан бар етіп жаратты. Алла адамды тек қана ішсін, жесін, ұйықтасын, қыдырсын деп жаратқан жоқ. Адамның жаратылудағы мақсаты – Алланың бұйырғандарын орындап, тыйғандарынан тыйылу. Мұның бәрі де «құлшылық, ғибадат, ізгі амал» деп аталады. Бұл туралы Алла Тағала «Зәрият» сүресінің 56-аятында: "Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етуден басқа нәрсе үшін жаратпадым, яғни Өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым", - деген.

Құлшылық түрлері 3-ке бөлінеді:

1️. Денемен (іс-әрекетпен) жасалатын құлшылықтар;

2️. Тілмен (сөздермен) жасалатын құлшылықтар;

3️.Жүрекпен (сезімдермен) атқарылатын құлшылықтар.

Денемен жасалатын құлшылыққа намаз, ораза, зекет, қажылық, садақа, Құран оқу, ата- анаға, үлкенге құрмет, мұқтажға көмек, кішіге ізет, хайуандарға көмектесу, тал егу, жолдан зиянды заттарды алып тастау, тазалану, ұқыпты киіну, уағыз тыңдау т.б. жатса,

Тілмен жасалатын құлшылыққа: кәлима, зікір сөздер, жақсы сөздер, ғайбат, өсек, жаман сөзден Алладан қорқып тыйылу, сәлемдесу, сүрелерді жаттау, қайталау т.б. жатады.

Ал жүрекпен жасалатын құлшылыққа Алланы бәрінен артық жақсы көру, Алладан бәрінен артық қорқу, Алладан ғана жәрдем күту, құтқарады, қажетімді өтейді, ризық береді, бала береді деп сену, үміттену, Аллаға тапсыру т.б. жатады.

Міне, мұның бәрі – Алла бізге бұйырған, Өзі жақсы көретін құлшылықтар. Осы құлшылықтармен біз сауап жинаймыз, сол

сауабымызға сай мәңгілік рахат, ешбір тыйым-бұйрықсыз еркін, жайлы өмірмен қауышамыз. Бұларды Алладан басқа ешкімге арнауға болмайды. Олай етсек, Алланың ашуына ұшыраймыз. Қиын сәтте жәрдем күтіп, арқа сүйеуге, істерді тапсыруға, қалауымды бер деп үміт етуге – тек қана бір Алла лайықты. Оған басқа ешкімнің күші жетпейді.

Шындығында, сауап тапқысы келген адам үшін игілікке апаратын жол өте көп екен. Алла Тағала Құранда бұл туралы: «Қайырдан не істесеңдер де, күдіксіз Алла оны біледі» («Бақара» сүресі, 215-аят),  «Сонда кім заттың ең кішкентай бөлшегінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді» («Зілзала» сүресі, 7-аят) - дейді.

Демек, адамның шариғаттың шеңберінен шықпаған әрбір ісі, әрбір күні ол үшін құлшылық, сауап табудың мүмкіндігі екен. Құлына өмірдің әрбір сәтін құлшылыққа айналдыруға мүмкіндік берген мейірімді, жомарт, кең Жаратушымызға сансыз көп шүкірліктер болсын!

ummet.kz

Бөлісу: