03
Жексенбі,
Қараша

һижри

Жеңілістер мен сәтсіздіктерге кім кінәлі?

Жеңілістер мен сәтсіздіктерге кім кінәлі?

Иман келтіру

Жеңісі мен жеңілісі, қайғысы мен қуанышы қатар жүретін бұл өмірде біз, адам баласы сәтсіздіктердің себебін өзімізден іздемей, өзгелерге кінә артуға шебер жаратылыспыз. Жеңілуден, жеңілісті мойындау қашанда қиын.

 Себебі, кінәні өзгеден іздеу, өзіңнің мініңді көріп, мойындаудан әлдеқайда жеңіл.

Сіздің жеңілісіңіздің басты себебі – Сіз және күнәларыңыз!

«Дос жылатып айтады» емес пе? Ауыр сөздер үшін алдын-ала кешірім сұрамақпыз. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, анығында ісіңіздің оңға баспауына, айналаңыздағылармен ренжісуіңізге өзіңіз бен күнәларыңыздан өзге айыпты жоқ.

«Расында, құл жасаған күнәменен ризық-несібеден махрұм етіледі» деген хадис бар. (Мажа, Ахмад). Яғни күнделікті несібемізден қағылуымыздың басты себебі – өзгелер емес, өзіміз жіберген қателіктер.

Күнәлардың зиян тигізетіні сөзсіз. Және удың өз дәрежесіне қарай денеге зияны болатыны сияқты күнәнің да жүрекке тигізетін зияны бар. Бұл дүние немесе ақыретте болсын, адамдарға жолығатын жамандық пен аурулардың көбісінің себебі – осы күнәлар емес пе?!

Ойланшы, Адам ата мен Хауа анамызды жәннаттан шығарған не нәрсе? Сондай бір ләззаттар мен нығметтердің, қуаныштар мен рақаттардың жайы болған жәннаттан, уайым-қайғы мен қиыншылық, сынақтардың жайы болған бұл дүниеге оларды не нәрсе түсірген еді?

Ал, Ібілістің Алланың рақметінен алыстатылып, лағнетке ұшырап, оның ішкі-сыртқы дүниесінің қорқынышты да, ұсқынсыз бейнеге айналып, аспан иеліктерінен қуылуына не нәрсе себеп болған еді?!

Және кешегі Нұх Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) қауымының ешбір құтқарушы таба алмай, топан су астында қалып өліммен қауышуларына не нәрсе себеп болған еді?!

Ал, үстілерінен жеті түн, сегіз күн тұрған жойқын желден жойылып кеткен Ғад елінің сондай үрейлі азапқа душар болуларының себебі неде?!

Ащы дауыстан кеуделеріндегі жүректері тоқтап өлген Самуд елінің жойылуына не себеп?!

Періштелер жоғары аспанға көтеріп, кейін оны аударып жермен жексен етілген Лұт қауымының азабы неден?!

Төбелеріне қорқынышты бұлт шоғырланып, сол бұлттан үстеріне от жауып қырылған Шұғайып қауымының қасіреті қайдан?!

 Кеше «Мен құдаймын» деген Перғауынды, оның жойқын әскерін теңіз астына шөктірген не нәрсе еді?!

Және кітап түсірілген қауымның бастарынан бірнеше азаптарды өткізіп, тіпті кейбір тайпаларының маймылға, шошқаға айналуларының салдары неде?!

 Иә, Нұх пайғамбардан кейін қаншалаған қауымдар өтті? Олардың қаншасы азаптарға душар болды? Не себептен? Әлбетте бәрі күнәнің себебінен!

Күнә күшейе келе адамның жүрегінен сол күнәға деген жеккөрушілікті жояды. Соның салдарынан ол адам үшін «харам» деген түсінік жойылып, әдеттегі істердің қатарынан болып қалады. Пенденің ол күнәні жасаудан жаны ешбір түршікпейтін халге жетеді. Тіпті елдің көзінен де, сөзінен де ұялуды қояды. Ақырында күнәнің құлына айналғандар үшін күнә көңіл көтерудің құралы мен жалған ләззат табудың жолына айналады.

Жасаған күнә өзімен бірге келесі күнәні ілестіріп ала жүреді. Бір күнә бірнеше күнәнің туындауына себепкер болуы мүмкін. Саңылау тапқан судың ақырында сарқырап төгілетіні сияқты, күнә да бір пенде біреуін халал етсе қалғандары соңынан қаптап келе қалады. Ақырында күнәнің егесі ол күнәлардан құтылудың жолы мен ажыраудың қамын таба алмай қалады. Ілгеріде өткен ғалымдар:

«Күнәнің жазасы соңынан келетін тағы бір күнә, ал жақсылықтың сыйы соңынан келетін тағы бір жақсылық» деп қорытқан.

Егер де сіз, кез келген жағдайда өзгеден мін іздемей, өзіңізге сыни көзбен қарап, қателіктеріңізді түзетіп отырсаңыз күнәдан да аулақ боласыз, әрі жетістіктерге де кедергісіз жетесіз.

ummet.kz

Бөлісу: