Ешқандай қайтарымын күтпестен шынайы жақсылық істеу – адамдыққа лайық ең асыл қасиет. Алайда, бұны түсіне бермейтіндер халдерінше жорамал жасап, ақиқаттан алыс тұжырымдар шығарып жатады.
Тіпті кейбіреулердің: «Алла Тағала өзін таныту мен сүйдіру үшін әлемді жаратып, бізге намаз оқуды бұйыруға сонша мұқтаж болатыны несі?» – дегендей қисынсыз сұрақтар қоятыны бар. Солар айналасына ойлана көз тастап, саналы түрде ден қойса, сансыз сұрақтарына жауап табары шүбәсіз. Әттең, таяз бойлап, қисық ойлап қор болады ғой...
Мәселен, күнді алайық: күні бойы жарқырап, адамдарға нұрын шашып тұрғаны үшін ақы сұрай ма? Немесе қара жер – адамдарды көтеріп тұрғаны үшін бір нәрсе талап ете ме? Қарапайым лимон ағашы С витаминіне бай лимондарды бізге тарту ете отырып, ақысына не сұрайды? Келтіре берсек, мұндай мысалдар жеткілікті...
Мінеки, осы жаратылыстар адамның еш нәрсесіне мұқтаж емес қой. Олай болса, он сегіз мың ғаламның Жаратушысы Алланы біздің ғибадатымызға мұқтаж деуді ақылсыздық демеске амал кем. Бір мейірімді дәрігер кедей халықты тегін емдесе: «Бұл дәрігердің бұлай істеуі неге керек болды екен? Оған сонша не қажет?» – деп ешкімнің сұрамасы анық. Өйткені дәрігер үшін оның еш қажеттілігі жоқ, тек өзінің мейірімділігінен, жанашырлығынан істеп отырғаны тайға таңба басқандай белгілі. Сол секілді бір дәрігер ауру адамға берген дәрілерін қоймай ішкізсе, әлгі аурудың «Осы дәрілерді маған ішкізбесе, бірдеңесі кете ме екен? Оған не үшін қажет?» – деуі де кішкентай баланың әңгімесі. Сол сияқты Алланың осынау әлемді біз үшін жаратуының, адамдарға ғибадат етуді бұйыруының түбінде де Оның орасан зор Рақымдылығы мен Мейірімділігі жатыр. Яғни, жоғарыдағы мысалдағыдай дәріні ішу ауруға қандай пайдалы болса, ғибадат ету адам үшін сондай пайдалы. Бұл ақиқатты және бір мысалмен аша түсейік: Бір сәтке ана құрсағындағы сәбидің ақыл, санасы бар деп елестетіп көрейік. Тар құрсақтың ішінде жатқан ол: «Осы мына көз, мұрын, қол дегендер не үшін керек?» – деп ойлауы мүмкін. Оған біреу: «Бұлар саған басқа бір әлемде керек болады. Көздеріңмен таңғажайып әлемді тамашалайсың, мұрныңмен неше түрлі жұпар иістерді сезесің» – десе, сәби бұған сенбеуі мүмкін. Құлағын да, аяғын да, азығын кіндігі арқылы алғандықтан аузын да жарамсыз деп табуы мүмкін. Ал, рақымы мол Алла, сәби қанша керексіз десе де, оған қажетті барлық мүшелерімен дүниеге көзін аштырады.
Бұл өмірде бізді сынаққа салып, өлгеннен кейін баратын ақырет әлемінде жүзіміз жарқын болуы үшін не істеп, не қою керек екенін Ұлы Жаратушы пайғамбары мен Құраны арқылы білдірген. Бұл сынақ кезінде, құрсақтағы сәби сияқты ақылсыздыққа салынбай, намаз, ораза, зекет, қажылық сияқты ғибадаттар мен парыздарды орындасақ, ақыретте солардың жемісін жей аламыз. Олай етпесек, ақыреттегі біздің жағдайымыз бұл өмірге аяқ-қолсыз, мұрынсыз, ауызсыз келген сәбидің жағдайындай болатынын түсінуіміз
керек. Әр бұйрықтан бас тарту – күнә екенін ескерсек, бұл дүниеден ғибадат-құлшылықсыз өткен адам, ақыретке
күнәларын арқалап бармақ. Мұндай сапардың барып тірелер жері – тек тозақ болмақ. Олай болса, ақыл-есі орнында, саналы адамның істері – санай берсе бітпес ырысын аямаған мейірімі мол
Жаратушысының ақыретте де сондай ілтипатына бөлену үшін оның әмірлеріне мойынсұнып, тыйымдарынан бас тарту екені түсінікті ғой дей келе бір ғалымның ғибратты да мағыналы сөзіне назар аударайық:
«Алла Тағала сенің ғибадатың түгілі, тіпті еш нәрсеге де мұқтаж емес.
Керісінше, сен ғибадатқа мұқтажсың, өйткені, рухани науқассың.
Ал ғибадат болса– рухани дерттің дауасы»...
материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды
ummet.kz