Адам баласы махаббатпен жаратылғаннан соң сол махаббатты сақтап қалу, адамдарды бауырым деп сүйіп, кез-келген жағдайда әділетті болып өту негізгі міндеттеріміздің бірі.
Хакім Абай атамыз:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті!
Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп,
Және «хақ жолы осы» деп Әділетті»,-дейді.
Мұсылман баласы Алла мен Оның Елшісін, Оған иман еткен құлдарды және де Алла сүйгенді сүюі қажет. Махаббат – әлемдегі ең қуатты күш.
Иә, Алла мен Оның Елшісін, Оған иман еткен құлдарды және де Алла сүйгенді сүю – мүміннің амалында ықылас пен ниетін арттырып, құлшылығының ихсан дәрежесіне көтерілуіне, яғни қабыл болуына бірден-бір қозғаушы күш болады.
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінің көбінде иманның ләззатын татуға себеп болатын махаббаттың маңыздылығын ерекше атап айтады. Алланы жақсы көрмеу – жақсылықта болмау екеніне ерекше екпін береді.
Жаратушыны сүймеу – құтылудан үміттің жоқтың, яғни Ібіліс малғұнның сөзі. Мұсылманның әулиелігі Аллаға деген махаббатының қаншалықты дәрежеде болғандығына байланысты. Жаратушыны барынша жақсы көрген сайын өміріміз ізгілікке толы болады.
Жаратушыға деген махаббат – жүрек пен жан азығы әрі көздің нұры. Махаббатсыз өмір көмескі тартады. Ұлы Жаратушы Құранда имансыздарды былай деп сипаттаған:
أَمْوَاتٌ غَيْرُ أَحْيَاءٍ وَمَا يَشْعُرُونَ أَيَّانَ يُبْعَثُونَ
«Олар өлі, тірі емес. Сондай-ақ қашан тірілетіндерін білмейді» («Нахл» сүресі, 21 аят).
Махаббат – рухтың сенімі, рухтың амалы, рух дәрежесі, рухтың халі. Егер махаббат болмаса, сенім де, амал да, дәрежелер де жансыз денеге ұқсап қалады.
Мүміннің махаббаты ең бірінші – ниетінің (амалда ықыласты) дұрыс болуы, екінші – іс-әрекетің сүннетке сай болуы арқылы айшықталады.
Раббысы бұйырған парызға деген махаббат Алланың әміріне бойұсынуға жетелейді әрі харамнан тыйылуға үндеп, Оның разылығын шақырады. Кім харамға барып, я болмаса парызды қалдырып күнәға батар болса, ол адамның Аллаға деген махаббаты әлсіреп, дүниеге ден қойғанын білдіреді.
Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне деген махаббат ұнамды амалдарды жасауға ынталандырады, күмәнді нәрседен сақтану сезімін оятады. Асылында кімде кім нәпсісімен күресер болса, иманның тәтті дамын сезеді. Махаббаттың бұл түрі кез-келген адамға Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жомарттық, жұмсақтық, табандылық секілді асыл қасиеттерін бойына сіңіруге тырысуына жол ашады.
Мұсылмандардың махаббаты әртүрлі деңгейде. Алайда, қандай дәрежеде болмасын, кез-келген мұсылман Аллаға деген махаббатын нығайтуға күш салуы қажет.
Алла Тағалаға деген махаббатты ұлғайту үшін ғалымдардың көпшілігі төмендегі тәсілдерді ұсынады:
1. Құранның мағынасын түсініп оқып, ой жүгірту. Егер Алламен тілдескің келсе, дұға ет. Егер Оны тыңдағың келсе, Құран оқы.
2. Алла Тағаланың «Мейірімді», «Жомарт», «Құдіретті», «Кешірімді» секілді көркем есімдеріне ой жүгірту. Оның осы секілді есімдеріне ой жүгірту Оған деген махаббаттың артуына себеп болады.
3. Берген нығыметі үшін Алланы мадақтау. Денсаулық, бала- шаға, жары үшін, аяқ- қолы мен он екі мүшенің саулығы үшін. Осының барлығына, яғни Жаратушының бізге берген нығыметіне ақылмен ой жүгірткен кезде жүрегіміздегі Аллаға деген махаббат арта түседі.
4. Алланың алдында табандылық таныту – Оның алдына қор болған халде келгеніңнің көрінісі. Сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары осылай жасаған.
Аллаға мұқтаждық танытқан сайын Оған деген махаббаттың күші артады. Ал егер өзімізге, білімімізге, күшімізге ғана сенер болсақ, бұл амалымыз біз бен Жаратушы арасында тосқауыл болады.
5. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетімен жүру. Жаратушымен жеке қалу, Құран оқып және де нәпіл ғибадаттар жасап, салихалы жандармен бірге жүру.
Аллаға деген махаббатың артуына себеп болар бұдан да өзге жолдары бар. Бірақ біз тек осылармен ғана тоқтауды жөн көрдік.
Алла Тағала баршамызды Өзінің терең махаббатына бөлеп, біздің жүректерімізді Исламмен көркемдесін!
Нариман Исенов,
«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы