02
Сенбі,
Қараша

һижри

  Имандылықтың денсаулыққа әсері

  Имандылықтың денсаулыққа әсері

Иман келтіру

Тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу денгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызы көрсеткіштерінің бірі. Тазалықтың адам өміріндегі орны мен мәні жоғары болғандықтан, оны әспеттеу әрі соған ұмтылу әрбір мұсылманның міндеті.

Осыған қатысты Алла Тағала «Мәйдә» сүресінің 5-аятында:

«مَا يُرِيدُ اللَّهُ لِيَجْعَلَ عَلَيْكُم مِّنْ حَرَجٍ وَلَـٰكِن يُرِيدُ لِيُطَهِّرَكُمْ وَلِيُتِمَّ نِعْمَتَهُ عَلَيْكُمْ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ»

«Ей, мүминдер! Аллаһ Тағала сендерге ауыртпалық қаламайды. Ол сендерді таза болуларыңды және шүкіршілік етулерің үшін сендерге нығметтерін тамамдауын қалайды»- десе, Алла Елшісі (с.ғ.с): «Тазалық – иманның жартысынан» - деп айтқан. Ислам дінімен біте қайнасқан, осы діннің ұстанымен тіршілік етіп ҚМДБ-ның насихат еткен дәстүрлі дінімізде өмірлерінде арқау еткен дана қазақ халқы: «Бірінші байлық – денсаулық, денсаулық кепілі – тазалық»- деген. Тазалықтың адам баласы үшін күнделікті алатын орны мен мәнісі жоғары болғандықтан, еш шүбәсіз орындап, оған тырысып, ұмтылу мұсылманға тән сипат.

Кез-келген елдің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Ал біздің болашақтағы бағытымыз – салауатты өмір салты. Пайғамбарымыз денсаулық жайлы келген көптеген хадистерінің бірі: «Ауырмай тұрып денсаулығынды бағала» - дегені. Дана қазақ: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіріп, олардың өз денсаулығына деген жауапкершілікті қалыптастыруы баршаның борышы.

Денсаулық – адам жаны мен тәнінің амандығы. Дені сау адам өзі үшін де, ол өмір сүріп жатқан қоғам үшін де керек. Қоғамадағы не бір жұмысты да сол денсаулық иесі ғана атқара алады. Адам бұл өмірде мәңгілік емес. Сол берілген аз ғұмырды дұрыс пайдалана білмесең, ғұмырың текке өтті дей бер. Деніміз сау болмаса, ауру меңдеп, қалжыратса, шалқыған байлықтан, ақшадан не пайда?! Осыдан біз ненің бірінші байлық екенін аңғарамыз.

Денсаулықтың қадірін, әдетте, адам ауырғанда ғана білетіні өкінішті-ақ. Денсаулықтың мықты болуы адамның өзіне де байланысты. Алла Тағала кәріліктен басқа кеселдің бәріне де шипа ем жаратқан деген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Дұға – ғибадаттың ең маңызды бөлігі» деген.  Өйткені дұға ғана пендені Жаратушымен байланыстыра алады. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 102-аятында: «تَضَعُوا أَسْلِحَتَكُمْ ۖ وَخُذُوا حِذْرَكُمْ», «Олар сақтық шараларын қамтамасыз етіп, қарулансын», - деген.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)  хадистерінде сырқатқа шипа сенім арқылы Алладан  болатынын айтқан. Шындығында, адам денесі Алланың нығмет қылып берген мүлкі және аманаты. Сондықтан ағзамыздың әр мүшесіне аса үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз абзал. Бұл жөнінде Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 58-аятында:

« إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكُمْ أَن تُؤَدُّوا الْأَمَانَاتِ إِلَىٰ أَهْلِهَا» «Негізінен Алла сендерге аманаттарыңды өз лайық орнына тапсыруларыңды әмір етті», – делінген. Ендеше осы аманатымызды аман-есен сақтағанға не жетсін.

Құран аяттарының денсаулыққа тигізер әсері ерекше. Белгілі бір аяттарды күніне екі мезгіл тыңдаудан адамның көңіл күйі жақсарады, есте сақтау кабілеті артып, жаңадан басталып келе жатқан ауруларға қарсы тұру иммунитеті күшейеді. Аяттардың тағы бір маңызы – жүйке жүйесін тыныштандыру арқылы қоршаған адамдармен араласуда тепе-тендік күйге, ал табиғатпен үнемі және екі жаққа тиімді қатынасқа көше бастайды. Қасиетті Құран Кәрімді басшылыққа алған адам өзінің өмірлік ұстанымдарымен, салиқалы, сындарлы мінезімен жұмыс орнындағы, отбасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алу немесе одан шығу жолдарын терең меңгереді, орны толмас өкінішке әкелетін жайттардан алыс болып, жан-жағына мейірімділік таратады. Қоршаған ортаның денсаулыққа әсері бірер сағатқа созылған шаршампаздық симптомдарынан басталып, катерлі ауруға дейін әкеліп соғуы мүмкін. Ал қасиетті кітап сүрелері қоршаған ортада адамның қонақ екенін санаға сіңіру арқылы ортамен байланысты қалыптастырып, қоршаған ортаның тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Құран шипа ретінде түскен. Алла  Тағала: «Біз Құранда шипа болатын аяттарды түсірдік» деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім Құраннан шипа таппаса, оған басқа ем жоқ» деп өсиет қалдырды.

Құран Кәрімде шипалық қасиеттері бар бірнеше аяттар бар. «Жүніс» сүресінің 57-ші, «Тәубе» сүресінің 14-ші, «Нахл» сүресінің 69-шы, «Исра» сүресінің 82-ші, «Шуара» сүресінің 80-ші, «Фуссилат» сүресінің 44-аяттары Құранның шипалық көзі екендігін көрсетеді. Мысалы «Әл-Исра» сүресінің 82-аятында:

و ننزل من القرآن ما هو شفاء و رحمه للمؤمنين

«Мүміндерге рақымы,  шипасы бар Құранды түсіреміз. Залымдардың шеккен зияны арта түседі» делінген.

Алла  Тағала бәрімізге ынтымақ, ынсап беріп, бір Ислам діні ошағы аумағына жиналып, парасатты өмір салты мен шапағатты қоғам құруға күш-қуат берсін!

Қарлығаш Қажымәлікқызы,

«Нұр Астана» мешітінің ұстазы


Бөлісу: