Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Барлық мақтаулар әлемнің Жаратушысы Алла Тағалаға тән. Алланың сәлемі мен игілігі оның пайғамбарына болсын!
Періштелерге сену – иман шарттарының басты қағидаларының бірі. Себебі, періштеге иман – алдымен уахиге, пайғамбардың хақ пайғамбар екендігіне, пайғамбардың әкелген кітабына, оның жеткізген діни үкімі мен тыйымдарына сену деген сөз.
Ал, періштеге сенбеу – осы айтылғандардың бәрін қабыл етпеумен тең. Бүкіл діни үкімдер періште арқылы пайғамбарларға жеткізілгендіктен, періштелерге иман Алла Тағалаға иманнан кейінгі кезекте өте маңызды рөлге ие. Құран періштелерге иман етудің парыз екендігін білдіреді және періштелердің бар екендігі мен олардың нендей мақлұл екендігін білдіреді және періштелердің бар екендігін де айтып өтеді. Періштелерге иман етудің парыздығы мына аяттарда білдірілген: «Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүминдер де барлығы Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді» («Бақара», 285).
«Кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе... міне солар шыншылдар, әрі солар тақуалар» («Бақара», 177).
Хазіреті Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде де бұл тақырып кеңінен қамтылып, иман негіздері анық түрде көрсетілген. Яғни, Жәбірейіл періште Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адам бейнесінде келіп: «Ислам не? Иман не? Ихсан не? Қиямет қашан болады?», - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Иман дегеніміз – Аллаға, періштелеріне кітаптарына пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алладан екендігіне сену» екендігін айтады.
Періштелерге иман келтіру – Алла Тағала мен Оның елшісінің әмірі болғандықтан қандай да бір періштені қабыл етпеу не қарсы шығу шариғат үкімі бойынша күпірлік болып саналады. Құран Кәрімде бұл мәселеде айқын белгілер бар: «Кім Аллаға, періштелеріне, елшілеріне сондай-ақ Жәбірейіл, Микайлге дұшпан болса, әлбетте Алла кәпірлерге дұшпан» («Бақара», 98).
«Ал, кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне және ақырет күніне қарсы шықса, сонда тым қатты адасты» («Ниса», 136).
Хазіреті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мадинаға һижрет етіп барған соң, ондағы тұрғындарды хақ дін исламға шақырады. Ол кезде қала тұрғындарының басым бөлігі яһудилер болатын. Олар Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хақ пайғамбар екендігіне күмәнданып, оны сынаудың небір қитұрқы жолдарына көшеді. Әйтеуір болмашы бір сылтау тауып, сенбеудің жолдарын қарастырады. Сол сылтаудың бірі – періштелер мәселесіне қатысты болды. Бір күні Фәдәк тұрғындарынан бір топ яһуди Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, түрлі сұрақтар қояды. Олар көбінесе сұрақты ғибрат алу тұрғысында қоймайтын, сондықтан өздеріне жауабы белгілі сұрақтарды да жөн-жосықсыз қоя беретін. Солай бола тұра, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) яһудилердің барлық сұрақтарына асқан сабырлықпен дұрыс жауаптарын береді. Ең соңында олар: «Саған қай періште уахи әкелуде?», - деп сұрайды. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Маған Жәбірейіл уахи әкеледі», - деген жауабына яһудилер: «Жәбірейіл – біздің дұшпанымыз. Егер саған Микайл уахи әкелгенде сенің пайғамбарлығыңа сенер едік. Жәбірейіл әкелгендігі үшін саған сене алмаймыз», - деп, қарсы уәж айтып шығып кетеді.
Негізінде, біз періштелерді сезім мүшелерімізбен ажырата алмаймыз. Себебі, олар көзге көрінбейтін нұрдан жаратылған рухани жан иелері. Періштелер жайындағы мәліметтердің қайнар көзі де Құран аяттары мен Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистері ғана. Біз де өз кезегімізде аят пен хадисте айтылған мағлұматтардан ары кете алмаймыз және оларды көрінбейді һәм сезім мүшелеріміз арқылы сезілмейді екен деп оларды жоққа шығара алмаймыз.
Нұржан Тоқашев,
«Әл-Ғани» мешітінің ұстазы