25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Тәубе еткен адам – күнә жасамаған адаммен тең...

Иман келтіру

Жер бетінде жеті миллиард адам бар десек, әрқайсысының әртүрлі деңгейде (кішігірім, үлкен) жасаған күнәлары бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде: «Егер сендер күнә істемесеңдер, Алла сендерді жоқ етіп, күнә істейтін әрі оған тәубе ететін қауымды жарататын еді» (Муслим, 2747) деген болатын.

Иә, күнә жасаған жүректен Алладан кешірім сұрап, тәубеге келген жүрек жақсырақ. Аса Мейірімді Алла тәубе етушінің тәубесін әрқашан және әр уақытта қабылдайды. Сондықтан ешкім, күнәлары қандай үлкен болса да, тәубе ету мүмкіншілігін назарсыз қалдырмасын, өйткені, Алла Тағала былай деді: «Әй, Менің өздеріне зұлымдық жасаған құлдарым, Алланың мейірімінен күдер үзбеңдер! Шын мәнінде, Алла күнәларды толығымен кешіреді: өйткені Ол – аса Кешірімді, Мейірімді!» («Әз-Зүмар» сүресі, 53-аят). Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Күнәсы үшін тәубе еткен адам күнә жасамаған адаммен тең», – деді (Ибн Мәжаһ 4250). Сондықтан да адам Алланың мейірімінен күдер үзбеуі және күнәлары мен айыптарының көп екенін әрі олардан құтыла алмайтынын сылтауратып, мойынсұнбаушылықтары мен күналарын жалғастырып, Мейірімді Раббысын ызаландырмауы қажет.

Алладан кешірім сұрап, тәубе етуші адамның ризығы артып, дүниесіне береке бітеді әрі ол адамның перзенті болмаса, Алла оған перзент береді. Бірде Хасан әл-Басриге (оған Алла разы болсын) бір диxан келіп жерінің құнарсыз әрі өнімсіздігіне шағымданады. Сонда ол кісі «Алладан кешірім сұра» деп насиxат айтады. Келесі кісі өзінің кедейлігін айтып шағымданады. Хасан әл-Басри оған да «Алладан кешірім сұра» дейді. Үшінші кісі өзінің перзентсіз екенін айтып шағым түсіреді. Сонда ғалым оған да: «Алладан кешірім сұра» дейді де артынан «Нұx» сүресінің мына аяттарын оқиды: «...Өздеріңнің Раббыңнан кешірім тілеңдер, өйткені Ол – көп Кешіруші (Ғаффар). Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жібереді, сендерді мал-мүліктермен және перзенттермен қолдайды...» («Нұx» сүресі,10-12-аяттар). (Фатх аль-Бари).

ummet.kz

Бөлісу: