18
Дүйсенбі,
Қараша

һижри

ИЫҰ саммитінде Мьянма мұсылмандары мәселесінің қорытынды есебі қабылданды

http://www.akorda.kz

Жаһан
Жарнама

Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінде Мьянмадағы рохинджа мұсылмандары мәселесі бойынша қорытынды есеп қабылданды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған барша мұсылман мемлекеттерін Мьянмадағы «адамзат драмасын» реттеуге үндеген болатын. «Мьянмадағы бауырларымыз қиын жағдайға тап болды. Олар өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр, жан-жаққа босып кетті. Біз осы бір әділетсіздікті бірге тоқтатуымыз қажет. Бангладеш пен Мьянма үкіметтерімен келісе отырып, ол жердегі «адамзат драмасын» шешуіміз керек. Себебі Бангладешке қашып барған мұсылмандар да көмекке зәру. Біз оларға көмектесуге дайын екенімізді жеткіздік. Енді, барлық мұсылман мемлекеттері бірігіп, ол жақтағы бауырларымызға қол ұшын созуы  қажет» деді Ердоған.

 – Түрік тарапының бастамасымен Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар саммиті шеңберінде Мьянмадағы рохинджа мұсылмандары мәселесі бойынша мемлекет және үкімет басшылары отырысы төрағасының қорытынды есебі әзірленді. Қарсылық болмаса, осы есепті қабылдаймыз, - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Саммитке қатысушы мемлекеттер Мьянма Үкіметін БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мониторингтік миссиясын қабылдауға шақырды. Бұл миссия анықталған фактілерге қатысты тыңғылықты әрі тәуелсіз тексеру жүргізуі тиіс. Сонымен қатар есепте Мьянмадағы Рохинджа мұсылмандарына азаматтық берудегі проблемаларды тез арада шешу үшін осы елдің билігіне қажетті қадамдарды бастауға шақыратын үндеу жасалған. Бұл тұрғыда өз үйлерін тастап кеткен босқындарды үйлеріне қайтаруға қатысты тиісті шараларды қабылдау ескерілген. Мұнымен қоса, отырысқа қатысушылар Мьянма Үкіметін елде бейбітшілік пен келісімді қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға, Ракхайн штатында гуманитарлық ахуалды ушықтырмау бағытында нақты қадамдарды іске асыруға шақырды. 

Өз кезегінде Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Саммит барысында қаралған мәселелер құжат жүзінде ескерілгеніне алғысын айта келе, осы ауқымды жиынды ұйымдастырушы Қазақстанға ризашылығын білдірді.

Еске сала кетейік, бұл саммитті өткізу бастамасын 2016 жылы Ыстанбұлда ИЫҰ Саммиті барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын. Биылғы шара «Ислам әлеміндегі ғылым, технология, инновация және жаңғыру» тақырыбына арналды. Оған 56 мемлекет, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдар қатысты. Мұсылман мемлекеттері басшыларының  1969 жылғы 25 қыркүйекте Рабатта өткен конференциясында негізі қаланған Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) - ең ірі және ықпалды үкіметтік әрі халықаралық мұсылман ұйымы. Қазіргі уақытта ол  шамамен 1,5 миллиард адамды қамтитын 57 елдің басын біріктіріп отыр.

ummet.kz

Бөлісу: