24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қазақ баласы америкалық миллиардердің грантын жеңіп алды

Жаһан
Жарнама

Стивен Шварцман – америкалық миллиардер. Оның есімі əлемнің ең беделді 100 адамының тізіміне де енген («Times» журналы, 2007 жыл). Сол қаржыгер Шварцман 2013 жылы «Schwarzman Scholars» атты шəкіртақы дайындайтынын, сол жоба үшін өз қаражатынан 100 миллион доллар бөлетінін хабарлаған болатын. Міне, сол Шварцманның алғашқы грант иегерлері жақында анықталды. Дүниежүзі бойынша 3 мыңнан аса үміткер білімімен бақ сынасты. Оның тек жүзі ғана іріктеліп шықты.

Грант жеңімпаздары қатарында қазақ баласы да бар. Ол – Əлібек Нұркеш. Əлібек – бүгінде Назарбаев университетінің 4-курс студенті. Экономика жəне халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқиды. Алматы облысы, Панфилов ауданы, Жаркент қаласындағы Ш.Уəлиханов атындағы орта мектептің түлегі. «Алтын белгі» иегері. Мектептен соң бір жыл Қазақ-Британ техникалық университетінде оқыған. Ал 2011 жылы Назарбаев университетіне оқуға ауысқан. Əлібектің əзірге білім жолы осындай. Ал осынау қарапайым ауыл баласы сонау Лондонға дейін барып, əлем мықтыларын қалай мойындатты?

- Назарбаев университетіне түсу үшін ағылшын тілін жетік меңгеруің керек. Өйткені, сабақтың бəрі тек ағылшынша өтеді. Сол үшін талапкердің ағылшын тіліне жетіктігін жан-жақты тексереді. Ағылшын тіліндегі сөздік қорыңнан бастап, ойыңды еркін жаза білу, сөйлей алу, тыңдағаныңды түсінуіңе дейін мəн беріледі. Бұл университетке дайындалу үшін күнделікті екі сағатымды бөліп, өз бетімше дайындалдым. IELTS тестінен 9 ұпайдан кемінде 6,6 ұпай жинау талап етілді. Одан бөлек пəндік емтихандар тағы бар. Бұл талаптың бəрі университет сайтында анық жазылған. Жалпы, Назарбаев университетіне оқуға түскілерің келсе, мектеп жасынан ағылшын тілін жетік білуге талпыныңдар, балалар…

 - Енді Шварцман гранты туралы айтып берсеңіз…

- Иə, мен Шварцман грантының алғашқы иегерлерінің бірімін. Биылғы жылдың жазынан бастап, Қытайдың Бейжің қаласындағы Цин-хуа университетіне магистратураға оқуға барамын. Бұл оқу гранты америкалық филантроп (қайырымдылық жасаушы – Қ.Д.) Стивен Шварцманның ұйымдастыруымен дүниеге келген. Бұл грантқа тапсыру жолдары өзге гранттарға қарағанда өзгерек. Себебі, тек өз мамандығың мен ағылшын тілін жетік білуің аздық етеді. Осы уақытқа дейінгі барлық жетістігің мен нəтижеңе де баса көңіл бөлінеді. Алғашқы айналымда төрт эссе жаздық. Біреуінде дəл қазіргі əлемде болып жатқан бір оқиғаға тоқталып, соған өз ойың мен шешу жолдарына ұсыныс-ойыңды жазасың.

Екінші эсседе өміріңде болған қандай да бір көшбасшылық оқиғаны əңгімелейсің. Яғни, талапкердің көшбасшылық қасиеті де ескеріледі деген сөз. Үшіншісінде талапкер бұл грантқа не мақсатпен тапсырып жатқаны жөнінде мотивациялық эссе жазады. Болашақта қандай жоспарлары бар, соған тоқталады. Төртіншісінде еркін тақырыпта жазасың.

Талапкерлер үшін екінші айналым Лондонда ұйымдастырылды. Ол жерде дүниежүзіне беделді кəсіпкерлер мен саясаткерлер алдында сынақ тапсырдық. Олар бізден жүзбе-жүз отырып, 40 минуттық сұхбат алды. Сұхбат барысында мамандығыма қатысты жəне психологиялық сұрақтар қойылды. Бұл гранттың мақсаты – əлемдік деңгейдегі көшбасшыларды дайындау. Осылайша, бір жыл Қытайда оқып, ары қарай Лондонда тағы бір оқу орнында біліміңді жетілдіруге мүмкіндік беріледі.

 - Лондонда сұхбаттасқан азаматтардың аттарын атап өтейікші, олар кімдер?

- Сұхбат алушылар қатарында Исландия президенті Оуловюр Рагнар Гримссон, Британияның Морган Стэнли (Morgan Stanley) жəне Барклиз (Barclays) банктерінің төрағасы болған Дэвид Уолкер, Катар университетінің басшылары жəне Стивен Шварцманның өзі болды. Олардан бөлек өзге де бақылаушылар қатысты.

- Грантқа үміткерлер қатары көп болған шығар?

- Бұл грантқа дүниежүзінен 3 мыңнан аса талапкер тапсырған екен. Оның тек 300-і Лондонға сұхбатқа шақырылды. Соңында тек 110 студент грант иегері атанды. Оның 50 шақтысы АҚШ-тан, 25-і Қытайдан, қалған 30 шақтысы əлемнің өзге елдерінен. Бірі – мен. Менімен бірге өзге де қазақстандықтар тапсырған болатын. Бірақ, анық саны қанша екенін білмеймін.

- Сынақта қандай көшбасшылық əрекеттеріңізді баяндадыңыз?

- Мен бірнеше жыл бойы AIESEC халықаралық жастар ұйымының Астана қаласы бойынша жетекшісі болдым. Осы ұйымның негізінде көптеген жастарға, студенттерге арналған жобалар жасадық. Көшбасшылық қабілет туралы осы тəжірибемді баяндадым.

- Шварцман гранты иегерлері тек Қытайдың Цин-хуа университетіне жолдама алады ғой?

- Иə, солай. Яғни, бұл грантты таңдау арқылы Қытайда оқуды таңдадым. Əлемнің экономикалық алпауытына айналған Қытай елін түсіну, онымен байланыс орната білу кез келген болашақ көшбасшыға керек деп ойлаймын. Бұл Цинхуа университеті Қытайдың ең беделді үш университетінің қатарына кіреді. Қытай елінің соңғы екі басшысы – осы университеттің түлектері.

- Білуімізше, Шварцман гранты биыл алғаш рет беріліп отыр. Алғашқы грант жеңімпаздары арасында өзіңіз де барсыз. Оқу барысында оларға қойылатын талаптар қандай болады екен? Шварцман мырзамен жеке сөйлесе алдыңыздар ма, қандай əсер қалдырды?

- Иə, бұл грант биыл алғаш рет беріліп отыр. Бұдан кейінгі жылдары 200 гранттан беріледі екен. Ал оқу барысындағы талаптарды білмедім, олар ең бастысы талапкерлердің білім мүмкіндігіне мəн берген болатын. Ал Шварцман мырза студенттермен жеке-жеке де кездесті. Жасы жетпіске жақындаған кісі ғой, жан-жақты білімді екенін байқадық. Əлемнің ең бай, беделді адамдарының бірі болса да, өзін өте қарапайым ұстайды. Сөйлеу мəнері де жағымды.

 - Ағылшын тілін қай кезден бастап оқи бастадыңыз?

Мен ауыл мектебінде оқыдым. Мектеп кезінде қосымша ешқандай тіл үйрену курстарына барған емеспін. Өз бетімше оқып, дайындалдым. Анам – ағылшын тілі пəнінің мұғалімі. Содан кейін де болар, кішкен- тайымнан осы тілді оқуға ерекше қызықтым.

-  Өмірлік арман-мақсаттарыңыз қандай, Əлібек?

- Маған жасыл энергия, жаңартылатын энергия туралы оқыған ұнайды. Болашақта өзімді сол саладан көргім келеді. Меніңше, келешектің ең үлкен проблемасының бірі – энергия тапшылығы. Осы мəселенің шешімін табудың басы-қасында жүрсем деген ойым бар.

- Дəл қазір оқу бағдарламасынан тыс қандай қосымша кітаптар оқып жүрсіз?

- Дəл қазір Əкім Таразидің «Көк аспанда қырағы көз бар» деген кітабын оқып жатырмын.

 

Дереккөз: Nur.kz

Бөлісу: