Кеше Астанада өткен Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінде мұсылман әлеміндегі қауіп-қатерге тосқауыл қою жолдары талқыланды.
Исламофобиямен ғылым арқылы күресу қажет дейді ИЫҰ Бас хатшысы Юсеф бен Ахмад әл-Осеймин. «Ағымдағы жағдай мұсылман әлемі алдына сын-қатерлер төндіруде. Қазіргі уақытта біз шынайы қауіптің алдында тұрмыз. Себебі терроризм, экстремизм, исламофобия өршіп келеді. Бұған қоса, біздің елдерімізде жұмыссыздық, сауатсыздық пен кедейшілік сынды проблемалар да бар. Біз бұлармен күресуіміз қажет әрі бұл күресте ғылым мен технологияларды қолдануға тиіспіз. Біз қоғамымызға сәйкесінше білім беруіміз керек» деді ол.
Юсеф бен Ахмад әл-Осейминнің айтуынша, ИЫҰ тамаша жетістіктерге қол жеткізген жас ғалымдар үшін медицина, инженерия және ақпараттық технологиялар саласында кешенді бағдарлама әзірлеумен айналысып жатыр.
Ал, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған бүгінде мұсылман мемлекеттері білім мен ғылымға көп көңіл бөлмейтінін айтты. Соның салдарынан озық ойлы ғалымдар Батысқа кетіп жатыр, дейді ол. Ал ақпараттық технологиялар саласындағы сауатсыздық барша мұсылман әлеміне қауіп төндіріп отыр.
– Кезінде Ислам әлемі білім, ғылым мен инновациялардың орталығы болды. Артынан соның барлығы екінші орынға түсіп кетті. Сол кезде тоқырау заманы басталды. Қазіргі кезде әлемдегі мұсылман халқының 55 пайызы сауатсыз. Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттерде білім беру саласына жалпы ішкі өнімнің 5,2 пайызы жұмсалады. Ал мұсылман елдерінде аталған көрсеткіш 1 пайызға да жетпейді. Біздің маңдай алды ғалымдарымыз болса, Батысқа кетіп, сол жақта қызмет етіп жүр, - деді Реджеп Тайып Ердоған.
ummet.kz