Достарыңызды жиі-жиі іздеңіздер. Өйткені, көптен бері аяқ баспаған жолдарды тікен басып кетеді.
Достықты бастау оңай. Оны әрі қарай жалғастыру қиын. Сондықтан, дос болып қалу дос болудан анағұрлым қиын. Өйткені, достық ілгерілеген сайын көңілдер тез бұзылуға бейім келеді. Сондықтан да, жиі зиярат ету, сыйлықтар тарту ету арқылы достықты жаңалап отыру қажет. Шынайы достық қиын сәттерде, қол ұшын беру қажет болған жағдайларда белгілі болады. Қиямет күні, яғни, Алланың көлеңкесінен басқа ешқандай көлеңке болмайтын күні арштың көлеңкесін паналайтын жеті топ адамның бірі де Алла разылығы үшін бір-бірімен дос болғандар.
Достарыңды көбейт! Өйткені, керуеннің халқы қаншалықты көп болса, жол торауылындағы қарақшылардың күші соншалықты азаяды.
Адам баласы өзгелерге көмек қолын созуға, оларға қамқор болуға бейім жаратылған. Сондықтан, қоғамдасып өмір сүреді. Жалғыз өмір сүру оған әлсіздік, бақытсыздық әкеледі. Өйткені, жалғыздық тек Аллаға ғана тән. Құлдардың бастарына келетін қатерлерге қарсы өздерін қорғай алуларының жалғыз жолы – салиқалы мүміндерден құралған топтың арасынан орын алу. Өйткені, Алла Тағала жүректі қорғау үшін «Шыншылдармен бірге болыңдар» («Тәубе» сүресі, 119-аят) деп әмір еткен. Бұл ақиқат халық арасында былайша мақалға айналған: «Отарынан айрылған қой қасқырға жем болады». Бұл адам баласының жалғыз қалған кезде қауіп-қатерге анағұрлым көп тап болатынын аңғартады.
Құс тек өз тобымен ғана бірге ұшады.
Адам баласы өз иманы мен өз амалына сай келетін, өзіне ұқсас адамдардың арасында тыныштық табады. Іздегеніне қол жеткізеді. Өзінің әлеміне жат адамдармен бір жерде өмір сүру адасушылыққа себеп болады. Құстардың да өз тобымен ұшуы табиғи бейімділіктің көрінісі болса керек.
Жақсы досы бар адамға айнаның қажеті жоқ.
Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Мүмін – мүміннің айнасы» деген. Мұның мағынасы достық сезімімен қараған кісіден өзіңнің шағылысыңды көресің деген сөз. Негізінде, адам баласы жаратылысынан эгоист болғандықтан, өзіне ұқсағандарды жақсы көреді. Сүйіспеншілік қаншалықты күшті болса, ұқсастық та соншалықты күшті болады.
материал «Адам деген жұмбақ әлем» кітабынан алынды,
ummet.kz