18
Дүйсенбі,
Қараша

һижри

Алла Тағаладан кешірім сұраудың жемістері

Алла Тағаладан кешірім сұраудың жемістері

Иман келтіру

Алла Тағалаға жалбарынушы адам Кешіруші, Мейірбан, Бай, Жомарт, Білуші, Жұмсақ және Рақымды Алладан пана іздеп жүргенін сезінеді.

Сол арқылы оның жүрегі орнығады, қуаныш сезінеді, абыржуы мен уайым- қайғысы кетеді, Алла Тағаланың мейірімділігі мен қамқорлығына шаттанады, жан-дүниесі болашаққа деген сенімге толады және үміт үзу, торығу сезімінен арылады. Әл-Музани: «Пайғамбар (с.а.с.): «Расында, менің (көңілім бөлініп) жүрегім алаңдайды және мен Алладан күніне жүз мәрте кешірім өтінемін», – деді», – деген («Мужадәлә» сүресі, 6-аят).

Қатада: «Шын мәнінде, бұл Құран сендердің ауруларыңды және сендер үшін дәрі-дәрмекті көрсетеді. Сендердің ауруларың – күнәларың, ал сендер үшін дәрі-дәрмек, ол – кешірім өтінулерің», – деген.

Айша (Алла оған разы болсын): «Кім өз кітабынан кешірім өтінгені туралы (жазуды) көп тапса, сол игілікке бөленді дей беріңіз», – деген.

Әбу Минһал: «Қабірінде жатқан пендеге ол үшін көп кешірім өтінуден жақсы көрші жоқ», – деген.

Тағы бір ғалым: «Расында, күнәкардың жылау мен кешірім сұраудан басқа таянышы жоқ, сондықтан кім өз күнәлары туралы уайым жесе, жиі-жиі кешірім өтінсін», – депті.

Кешірім өтінудің бір нәтижесі, ол адамның тілі басқа сөздерді айтудан тыйылады, нәтижесінде оның жан-дүниесі кішіпейілділікке, мейірімділікке, кешірімділікке бейімделеді. Хузайфа (Алла оған разы болсын): «(Бір күні) мен: «Уа, Алланың елшісі! Расында, менің тілім кейде тым ащы болып кетеді, нәтижесінде, бұдан менің отбасым жапа шегеді» дедім. Пайғамбар (с.а.с.): «Ей, Хузайфа! Сен Алладан кешірімді аз өтінесің, ал мен, расында, күніне Алладан жүз мәрте кешірім өтінемін және Оған тәубе келтіремін», – деді», – деген.

Басқалар «олар күнәні аз істейді» деп ойлайтын адамдардың кешірім өтінулері

Өз күнәларына аса сақтық жасайтын адам күнәні мүлдем аз жасайтын немесе күнә жасамайтын адамнан өзі үшін оның Алла Тағаладан кешірім сұрауын өтінуі мүмкін. Мысалы, Омар (Алла оған разы болсын) өз балаларына: «Расында, сендер күнә істеген жоқсыңдар», – деп олардан өзінің күнәларын кешіру туралы Алла Тағаладан өтінулерін сұранған.

Ал Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) Құран үйренуші балаларға: «Уа, Алла! Әбу Һурайраны кешіре гөр!» деп айтыңдар», – деп үйретіп, олардың дұғасынан соң «Әмин» дейді екен.

Күнәларды Алла Тағала ғана кешіреді деп есептеп, Ол туралы тек жақсы ойлау керек

Кешірім өтінуші пенде Алла Тағала оның күнәларын кешіретініне толық сенген халде міндетті түрде Одан жақсылық күтуі тиіс. Қудси хадистердің бірінде Пайғамбар (с.а.с.): «Алла Тағала: «Пендем Мен туралы қалай ойласа, Мен сондаймын. Ендеше Мен туралы қалағанын ойласын», – дептайтты», – деген.

Бұл хадистің басқа риуаятында Пайғамбар (с.а.с.): «Алла туралы жақсылықтан басқа ешнәрсе ойламаңдар», – деген.

Пенденің кешірімге лайық болуының аса маңызды себептерінің бірі – ол күнә жасағанда күнәларын өз Тәңірінен басқа біреу кешіреді деген үміттен аулақ болуы және күнәларын тек қана Алла Тағаланың кешіретінін немесе сол күнәлар үшін тек қана Алла Тағала жазалайтынын білуі. Мұсылман, мүміндер туралы Алла Тағала: «Және қашан олар арсыздық істесе не өздеріне зұлымдық қылса, Алланы естеріне алып, күнәларының кешірілуін тілейді. Күнәларды Алладан басқа кім кешіреді?!»– деген.

Абдуллаһ ибн Амр (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «(Бір күні) Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Уа, Алланың елшісі! Маған намаз кезінде Аллаға жалбарынатын дұға үйретші», – деді. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Уа, Алла! Расында, мен өз жаныма көп зұлымдық істедім, күнәларымды Сенен басқа Кешіруші жоқ! Өз жарылқауыңмен мені кешіре гөр және маған рақым ет! Расында Сен аса Кешірімшіл, өте Рақымдысың (Аллаһумма, инни заламту нәфси зулман кәсиран, уә лә йәғфируз-зунуба иллә Әнтә, фәғфир ли мағфиратән мин ъиндикә, уәрхамни, иннәкә Әнтәл-Ғафурур-Рахим!)» – деп айт», – деді», – деген.

Алла Тағаладан тек жақсылық күту міндетті іс, әсіресе, адамның өмірі соңына жақындаған тұста және Алла Тағаламен кездесуге жақын қалған кезде бәрінен де Алла Тағаланың кешіріміне деген үміті басым болуы қажет.

материал «Әл-Уафи» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: