28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Ахмет Йасауи және «Хикметтер»

Ахмет Йасауи және «Хикметтер»

Дәстүр даналығы
Жарнама

 Қазақ халқының жүрегінде пайғамбарға деген сүйіспеншіліктің бүр жаруына атсалысқан ғұламалардың бірі – Ахмет Йасауи бабамыз.

«Диуани хикметінде» Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) кеңінен таныстырған ол ардақты Пайғамбардың отбасын, оның сәби кезінен бастап бүкіл өмірбаянын, үйленуін, уахи алуын, Исламды жаюын, осы жолда көрген қиыншылықтарын, Хақ жолындағы күресін, миғражға шыққанын, аш-жалаңаштарды киіндіргенін, жетімдерге қамқор болғанын, қиналғандарға қол ұшын бергенін, бұл өмірде жолын таппай адасып жүрген жандарға тура жолды көрсеткенін, күндіз-түні ғибадат еткенін және өзінің жолымен жүретіндерге ақыретте шапағат ететінін адам жанына нұр себелейтін әсем өлең жолдарымен жырлаған.

Он сегіз мың ғаламға даңқы шыққан Мұхаммед,

Отыз үш мың сахабаға басшы болған Мұхаммед.

Жалаңаштар мен аштарға қанағат болған Мұхаммед,

Кемтарлық көрген үмбетке шапағат болған Мұхаммед.

Түнде жатып көз ілмей, тілейтұғын Мұхаммед,

Ғаріп пенен жетімге құрмет қылған Мұхаммед.

Жолдан азған күнәһарға қамқор болған Мұхаммед,

Күні түссе, әркімге пана болған Мұхаммед, – деген ақын шығармасының өн бойында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әртүрлі сипаттарын атай отырып, халықтың оны жете тануына жол салған.

Ахмет Йасауи өз шығармасында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мынандай сипаттарын ашқан: Нур- ы Худа (Алланың нұры), дост-ы Худа (Алланың досы), дүруд-ы Худа (Алланың дұғасы, мақтауы, сәлемі), уирд-і Худа (Алланың зікірі), сәйидул- мурсәлин (пайғамбарлардың мырзасы), хатәмул-әнбия (пайғамбарлардың соңғысы), рахмәтән лил-аләмин (әлемдерге рақым), фахр-ы аләм (әлемнің мақтанышы), туба-и кабе кәусәйн (каб кәусәйн туба ағашы), қамер- і бағ-ы кәунәйн (кәунәйн бақшасының айы), Һади әл- мудиллин (адасқандарға жол көрсетушісі), муқаддәм- і әнбия (пайғамбарлардың алдыңғысы), хабиб-ы Халық (Жаратушының сүйіктісі), хуласа-и халайық (жаратылғандардың негізі), асыл-ы усуд-ы аләм (әлемнің асылы). Ақын өзі Пайғамбарымыздың сүннетін берік ұстанып, оқушыларына да соны үгіттеген.

Енді шығармасында қолданған хадистердің кейбіреулеріне мысал келтірейік:

  1. «Сүннет емес – кәпір де болса берсе азап».

Хадис: «Кім де кім бір зиммиға (мұсылман елінде тұратын өзге дін өкілдері) қиыншылық көрсететін болса, мен ол адамның дұшпанымын. Ал мен кімнің дұшпаны болсам, онымен ақырет күні жеке есептесемін».1

  1. «Расул: «Дүние – опасыз (түпнұсқада жифа, аудармасы: өлексе. ав.)», – деді, қойдым міне». Хадис: «Дүние – өлексе, оны қалайтындар – иттер».2
  2. Түпнұсқада: «Ал-хаиа минал-иман» (аудармасы: Ұят – иманнан, ав.) деб Расул айтди. Аудармада: «Ұят барда иман бар», – Расул айтты. Хадис: «Ұят – иманның бір бөлшегі».3
  3. «Кәззаптар – үмбетім емес», – деді Расул сізге. Хадис: «Бізді алдаған бізден емес (яғни, иманды- лардан емес)».4
  4. «Жалғаншыға жаннат жоқ, олда-білла». Хадис: «Жалғаншы жаннатқа кірмейді».5
  5. «Маута Қабла ан тамутаға» амал қылғыл, Бұл хадисті есіме алып тұрмын міне.

Хадис: «Өлместен бұрын өліңіз».6

  1. «Зұлымдар дозақ ішінде күйіп-жанғай, Иманы бар қалыс болып, қайта шыққай».

 Хадис: «Жүрегінде зәредей иманы болған адам тозақтан қайтып шығады».7

  1. Бұл дүниені момындарға зындан қылар. Хадис: «Бұл дүние кәпірлер үшін – жаннат, мұсылмандар үшін – зындан».8
  2. «Заманақыр болғанда ақыл кеткей, Адамзат бірін-бірі түтіп жегей». Хадис: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақырзаман жақындағанда білім жоғалып, жер бетін азғындық басады. Адамдарды сараңдық билеп, олардың арасында толқу көбейеді»,− дейді. Сонда сахабалар: «Толқу көбейеді дегеніңіздің мағынасы не?» – деп сұрағанда, «Адамдардың бірін-бірі өлтіруі», – деп жауап береді.9
  3. «Өзін білгені Хақты білгені, Құдайдан қорқып, ынсапқа келгені». Хадис: «Кім өзін таныса, Аллаһты да таниды».10

Сонымен қатар, Ахмет Йасауи осы шығармасында бұқара халықты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тура жолына бастап, соған шақырады:

Үмбет болсаң, Мұстапаға ерер болғыл,

Айтқандарын жан-тәніңмен сен де алғыл...

Сүндеттерін бекем тұтып, үмбет болғыл,

Күндіз-түні мадақ айтып, ұлпат бол.

Жоғарыда сөз болған еңбектерді зерделегенде қазақ хандығы құрылмай тұрып, қазақ даласында өмір сүрген халықтың осы секілді хадистерді қолданғанын, қолданып қана қоймай, тіршілігінің тірегіне, өмірінің өзегіне айналдырғанын аңғарамыз. Халқымыздың бойына сіңген жанашырлық, шын байлықты көңіл байлығы деп түсіну, бір-бірін мұсылман бауырым деп білу, ағайынмен тату өмір сүру, олар алыстаса да көңілін табуға тырысу, кешірімді болу, сабырлықты мұсылманға жарасар сипат деп мойындау, басқа бәле тілден екенін біліп, аз сөйлеп, көп тыңдау, дүниеге берілу – қателіктің бастауы деп сақтану, кәпір де болса ешбір жанға азап бермеу, «өлімнен ұят күшті» деп ар-намысын сақтау, жас жеткіншектерді ибалылыққа тәрбиелеу сияқты қасиеттер сол заманда- ақ кемелдене түскен. Бұл – олардың Алла Тағаланы Жаратушы ием деп мойынсұнып, Пайғамбарға ұқсап бағуының жарқын көрінісі еді.

 Материал «Хадис-ғұрпымыз, сүннет-салтымыз» деген кітаптан алынды.

Ummet.kz


 

1 Суюти Жәләлуддин б. Абдуррахман, әл-Жамиус-сағир фи әхадисил-бәшир уан-нәзир, II, 135-б, (I-II том), Мысыр, 1321.

2 Дәйләми, әл-Фирдәус, I, 142-б.

3 Бухари, Иман, 3; Муслим, Иман, 57.

4 Әбу Дәуд, Бую,50.

5 Хадис ансиклопедиси, XVII, 275-б.

6 Ажлуни, Кәшфул-Хафа, II, 291-б. (А. Йасауи бұл сөзді хадис деп бергенімен, кейбір мұсылман ғалымдар оның әлсіз хадис екенін айтады.)

7 Тирмизи, Сифату жаһаннам, 10.

8 Муслим, Зухд, 3; Тирмизи, Зухд, 16.

9 Муслим,Фитән, 5143.

10 Әбу Нуайм Ахмад б. Абдуллаһ әл-Исбахани, Хилятул-Әулия уа табақатул-асфия; X, 208-б, (I-X том), Мысыр, 1932.

Бөлісу: