29
Жексенбі,
Желтоқсан

һижри

Ахмет Иүгінеки және «Ақиқат сыйы»

Ахмет Иүгінеки және «Ақиқат сыйы»

Дәстүр даналығы
Жарнама

XІІ ғасырда түркі халықтарының рухани мәдениетінің қазығы болған Түркістан маңында Иүгінек деген қыстақта дүниеге келген Ахмет Иүгінеки - араб, парсы тілін игерген, өз кезінің білімді адамы саналған. Ата-бабадан қалған қазынаға «Атабетул-хақайық», яғни «Ақиқат сыйы» атты гауһардай шығармасымен өз үлесін қосқан ақын дастанының өн бойында мұсылмандықтың асыл қасиеттерін халыққа уағыздайды.

Адам сабырмен қиындықтарға төзіп, әділетті ту етіп, өз еңбегімен күн көріп, тіліне сақ болып, басқаны орынсыз тілдемей, айналасындағылармен тату-тәтті ғұмыр кешкені абзал. Себебі, мынау шолақ дүниеде адамдар бір-біріне қонақ, сол үшін өткінші өмірін дүниеқоңызданбай, құлқынның емес, Жаратушының құлы болып өткізгені жөн. Міне, осындай тақырыптарды өз шығармасында уағыздаған ақын Алла Елшісінің (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) «Дін дегеніміз – насихат» деген дәстүрін ұстанып, халқына имандылық өмір салтын көркем тілмен насихаттап, өзінің мұсылмандық борышын атқарған.

Осы кезеңнің басқа да ақындары сияқты Иүгінеки де жыр-шумақтарын хадистермен безендіріп әрі осы хадистерді шығармасында қолдану арқылы өзінің діни білгірлігін танытқан. Ақынның шығармасын парақтағанымызда отызға жуық хадис қолданғанын көрдік. Алайда бұл жерде біздің назарымызға ілікпей қалған хадистер де болуы ықтимал. Енді осы шығармада қолданылған ха- дистерге мысал келтіре кетейік:

  1. «Білімді ізде, жалықпа, хақ Расул айтқан: «Білімді Қытайда болса да іздеңіз», – деп» (Хадис: «Білімді Қытайда болса да іздеңіз»).
  2. «Қолдардың ең құттысы берген қол». (Хадис: «Жоғарғы қол төменгі қолдан жақсы. Жоғарғы қол – берген қол, төменгі қол – алған қол»)
  3. «Ұлымын деп менменсінбе, Тәңірі ғана тек ұлы, «Ұлылық менде, сіз оны иеленбеңіз», – деген Ол». (Хадис: «АллаҺ былай деген: «Кибрия (тәкаппарлық) менің ридам (шапаным), ұлылық менің изарым (жейдем). Кім менімен осы жайында таласқысы келсе, оны тозаққа тастаймын»)
  4. «Өзің үшін ойлағандарыңды мұсылман үшін де ойла». (Хадис: «Өзің үшін қалағаныңды басқа адамдар үшін де қала»)
  5. «Әй, дос, үлкендерге құрмет көрсет». (Хадис: «Кішілерімізге мейірім, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген бізден емес»)
  6. «Ислам ғаріп еді, қайтадан ғаріп болды». (Хадис: «Ислам ғаріп болып басталды, басталған кезіндегідей ғаріп болып қайта оралады»)
  7. «Басыңа бір бәле келсе, одан құтылатын күнді сабырмен күт». (Хадис: «Бәледен құтылатын күнді сабырмен күту – ғибадат»)
  8. «Тіл сақталса, өзің сақталған боласың, Расул: «Адамды етбетінен отқа құлататын – тіл», – деген». (Хадис: «Адамдарды етбетінен немесе мұрындарымен жер сүзгізіп отқа тастайтын тілде- рінен басқа не бар?»)
  9. «Сараңдық дәрімен емделмейтін ауру». (Хадис: «Сараңдықтан да жаман ауру бар ма?»)
  10. «Сыртқы әсемдігін көріп сен дүниеге, Көңіліңмен байлану, біліп қой, қателердің басы ол». (Хадис: «Дүниеге байлану – барлық қателердің басы»)

Алла Елшісінің (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) хадистерін оқырман қауымға осылайша жеткізе білген ақын олардың қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде ғұрып болып қалыптасуына атсалысып, тарихта халқымызбен бірге жасасып келе жатқан дәстүрлердің дәнегін сол кезеңдерде-ақ еге білген. Халқымыз шын мәнінде сараңдықты емделмейтін ауру деп, одан қашқан, тіліне абай болып, үлкендерге құрмет, кішілерге мейіріммен қарап, біреудің басына іс түскенде «берген қол алған қолдан қайырлы» деп бір-біріне жәрдемдесуден қашпай, басқа келген қиыншылықтарға төтеп беріп, ұлттығы мен ұлылығын осындай дәстүрлер арқылы сақтап қалғаны ақиқат.

Материал «Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: