25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Исламдағы еңбекқорлық

Исламдағы еңбекқорлық

Мақалалар
Жарнама

Ислам діні – негізінен мұсылмандардың дүние және ақырет үшін адал кәсіп етуін талап етеді. Құдіреті күшті Жаратқан Иеміз жер бетіндегі нығметтердің барлығын адам баласының қызығына арнаған.

Ол туралы тіпті Құран Кәрімде:

وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ وَحَمَلْنَاهُمْ فِي الْبَرِّ وَالْبَحْرِ وَرَزَقْنَاهُم مِّنَ الطَّيِّبَاتِ وَفَضَّلْنَاهُمْ عَلَىٰ كَثِيرٍ مِّمَّنْ خَلَقْنَا تَفْضِيلًا

«Біз адамның ұлдарын құрметті орынға қойдық, оларды құрғақта және теңізде өмір сүретін еттік, оларды жақсылыққа кенелттік және оларды Өзіміз жаратқан барлық тіршілік иелерінен жоғары қойдық» (Исра 17:70) деп айтылған.

Ал, енді Алла Тағала құрметті орынға қойған адам баласына бұл дүниенің нығметтерін пайдаланудың жалғыз жолы – дұға ету мен еңбектенуі. Яғни, егінші еккенін орып, ризығын көреді.

Жалпы, шариғат бойынша, адал кәсіп етудің өзі дұғаның бір түрі. Алла Тағала кәсіп етудің маңыздылығын Құран Кәрімде бізге былай деп білдірген:

وَأَن لَّيْسَ لِلْإِنسَانِ إِلَّا مَا سَعَىٰ وَأَنَّ سَعْيَهُ سَوْفَ يُرَىٰ ثُمَّ يُجْزَاهُ الْجَزَاءَ الْأَوْفَىٰ وَأَنَّ إِلَىٰ رَبِّكَ الْمُنتَهَىٰ

«Адамзат тек еңбегіне қарай табысқа жетеді. Сөз жоқ, еңбегінің нәтижесін жедел көреді. Кейін оған еткен еңбегінің бодауы толық беріледі. Күдіксіз соңғы баратын жерің Раббың» (Нәжім 53:39-42).

Сонымен қатар Алла Тағала жер бетіндегі барлық тіршілік атаулыны біз үшін жаратқанын Құран Кәрімде былай баяндайды:

الَّذِي جَعَلَ لَكُمُ الْأَرْضَ فِرَاشًا وَالسَّمَاءَ بِنَاءً وَأَنزَلَ مِنَ السَّمَاءِ مَاءً فَأَخْرَجَ بِهِ مِنَ الثَّمَرَاتِ رِزْقًا لَّكُمْ ۖ فَلَا تَجْعَلُوا لِلَّهِ أَندَادًا وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ

«Ол сондай, Алла сендерге жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратты. Әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендер үшін әртүрлі өсімдіктен ризық шығарды» (Бақара, 2:22);

وَسَخَّرَ لَكُم مَّا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الْأَرْضِ جَمِيعًا مِّنْهُ ۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَآيَاتٍ لِّقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ

«Алла көктерде және жерде не болса, соның барлығын өз тарапынан бір нығмет етіп сендерге бағындырды. Әлбетте, мұнда түсінген ел үшін белгілер бар» (Жасия 45:13).

Ал, енді осы Құран Кәрімде айтылған Раббымыздың нығметтерін адам баласы тек қана еңбегімен пайдалана алады. Мұсылмандар үшін адал кәсіптің өте маңызды екендігін Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Адал кәсіп ету – әр мұсылманға парыз», «Адал табыс табуға шыққан адам жиһадта жүрген кісі тәрізді», – дейді.

Ендеше пенде маңдай тер, табанақысымен тапқан табысынан артық несібеге тек қана Алланың қалауымен кенелуі мүмкін. Онда да қылған құлшылығы, сұраған дұғасының ақысына ойламаған жерден ризық табады. Ал, бірақ кəсібінің еңбегінің жемісін жейтіні даусыз.

Алла Елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Дәуіт Пайғамбар (а.с) да өзі еңбектеніп, тапқан табыспен күнелтетін», – деп адамның өз еңбегімен табыс тауып, отбасының күнкөрісін қамтамасыз ететіндерге ілтипат жасайды.

Өзінің сахабаларын да еңбек етіп, адал жолмен табыс табуға, күнкөрісін адал жолмен қамтамасыз етуге үндеп отыратын. Бірде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Сағыд ибн Муазбен (р.а.) қол алысып амандасып тұрып, қолдарының күстеніп кеткенін байқайды. Себебін сұрағанда, ардақты сахаба отбасын адал еңбегімен асырау үшін еңбектеніп жүргенін айтады. Бұл жауапқа Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Міне, Алла Тағала осындай қолды жақсы көреді», – деп, досының күстенген қолына ілтипат көрсетеді.

Біздің дана бабаларымыздың пайымдауынша, дүниеде адамзат баласы айрықша қадір тұтатын төрт нәрсе бар. Олар: адамның ерікті, азат болуы, еңбекпен тер төгіп тапқан мал – мүлкінің өз игіліне айналуы, әр адамның туып – өскен, ата – бабаларынан мұра болып қалған өз Отанының, ғасырлар бойы аманат болып келе жатқан дінінің болуы.

Қасиетті Ислам діні де адамдардың азаттықта бақытты өмір сүруін, адал еңбекпен тапқан ырысын нәсіп еткенін, Отаны, діні болғанын қалап, оған құрметпен қарайды.

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай атамыз айтпай ма: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлы боласың», – деп. Дана халқымызда «Кедейлік кетсін десең, еңбек ет, Молшылық жетсін десең, еңбек ет», – деген.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Құлшылық он бөліктен, ол он бөліктің тоғызы халал рызық-несібе табудан тұрады», – деп, харам – халалға өте мұқият болудың маңыздылығына назар аудартады. Басқа да көптеген хадистерінде сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) табыс табу үшін ақ адал маңдай термен еңбектенуді жақтап, үмбетін адал табыс табуға ынталандырады.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) даналыққа тұнған хадистерінің бірінде «Кейбір күнәларға намаз да, ораза да, қажылық та кәффәрат (өтем) бола алмайды. Ондай күнәлар тек маңдай термен табыс табу үшін еңбектенгенде ғана кешіріліп, тазаруы мүмкін», – деген еді. Енді бірде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Еңбек етуден қолдары күстенген, шаршап-шалдығып ұйқыға кететін адам кешірімге бөленіп, күнәларынан арылады», – деп, еңбекқорларды сүйіншілейді.

Дана халқымызда «Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді», – деген сөз бекер емес. Адал еңбектің арқасында әр адам өз бақытын табады. Өзіне ғана тиесілі, өзіне ғана лайық жолмен жүріп, тірлік жасайды. Адамдық қасиеттердің бірі – еңбекқорлық екенін насихаттау мақсатында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Алла Тағалаға «Жалқаулықтан сақта», – деп дұға еткен екен.

Әнас ибн Мәлік (р.а) жеткізген бір хадисінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Уа, Аллам! Мен Сенен уайымнан, қайғыдан, шарасыздықтан, жалқаулықтан, қорқақтықтан, сараңдықтан, қабырғаны қайыстыратын көп қарыздан және дұшпанға таба болудан сақтауыңды тілеймін», – деп дұға жасайтын. Алла Тағала әрбір адамзаттың адал термен тапқан нәпақасының берекесін беріп, сүйікті құлдарының қатарында болуды нәсіп етсін.

Нариман ИСЕНОВ,

 «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы.

Бөлісу: