25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Үндестік (эссе)

Үндестік (эссе)

Мақалалар
Жарнама

Тәтті түстерім мен балаң ойларыма куә болған мақпал түндер. Әжем мен анамның құшағында, мейірім мен парасат лебі қатар ескен аспанның астында өткен қайран балалық. Келмеске кеткен жылдардың тұңғиығына батқан бал күндерім. Көңілімнен кетпек емес. Есейген шағым. Қаталдық пен әділетсіздіктен жаным түршіккен кез. Жете ұғынып, ақылмен алқымдаған жүрек таңдауым. Бала көңілін көндіре алмаған әке пікірі. Ел мұңы. Халық қамы. Өлең!.. Поэзия!.. Өзге әлем, бөлек дүние. Алғаш сұлуға сұқтанған сәтім. Өміріме махаббат ұғымын әкелген ару. Көркем көрік, балғын бейне... Бүгін бәрі ой елегінен өтуде. Шабыттанған шақтар... Тың бастамаға бойымды бұрған соны ойлар. Көкірегімді қиялға көмген асқақ арман. Өткеннің еншісінде қалғандай бәрі. Ал қазір... қапалымын. Тағдыр тәлкегіне салған сайын жан да қажыр-қайратынан айырыла бастайды-ау... «Елім» деп әуре-сарсаңға салынып жүргеніммен қоса, қасымнан өзіме қымбат жандардың алшақтауы жүректі ауыртты. Бұл күнде көкірегім толған шер...

Осындай ауыр ойлармен отырған ақын қолына қаламы мен сия сауытын алып, жазу үстеліне келді. Бетінде талай қайғының табы тұрған парақтар арасынан кіршіксіз таза бетті алып, алдына қойды. Әлдене жазғысы келді. Ойланды... Кітаптарының жанында ұзақ күрсінді. Жазуға бет бұрды. Шерін, зарын...

Тосын дауыстан денесі селт етті. Киіз үйдің ашық тұрған сықырлауығынан әріге көз тастап еді, қарбаласқан қалың қауымды көрді. Сірә, жақында орын алатын жиынға жинақталып жатса керек. Қолына не іліксе де көтере кетіп, бар шаруаны атқарып жүрген баяғы кедей-кепшік... Жасалған жұмысқа төбеден төне қарап, бәрін бір ізге салып тұрған бай бәйбішесі. Кедейдің ала көзімен ата қараудан басқа шарасы жоқ.

Шабыт үстіндегі ойды сай-салаға ыдыратып жіберген көпшіліктің даурыққан дауысы екен. Көңілі жайланды. Бұл ақынның ғұмыр бойы көрген көрінісі. Сезіміне селкеу түсірген жағымсыз жағдай. Осы жайт адырлы-қырлы өңірдің, бойға серпіліс сыйлайтын сұлу табиғаттың көркін бұзғандай...

Ақын өзінен өңгені ұмытып, қағазға қайта үңілді. Сөйлесе, аузына Алла ілігіп, жазса, қолы қолына жұқпай қаламды зыр жүгіртетін пенде бұл жолы ақ парақты көк сияға толтыра алмады. Қаламын қоя салып, маңдайына жазылған, соңғы кездері басына қара бұлттай үйірілген қайғы жайлы ойлады. Бала кезіндегідей жұмырланған жота мен қияға, қыраттарға жол тартып, арқасын кеңге салып, аунағысы-ақ келді. Өміріндегі өткінші елеске айналған күндер есіне түскен. «Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды» деп жанарын ойға малған. Солғын тартқан реңі шаңырақ әрісіндегі көшкен бұлтқа қадала қалыпты.

...Атыраптың басына қайғы үйіріліп, Кеңқоныс күңіренген. Бар қасірет бір әулеттің басына орнай қалғандай кезегімен соққан ауыр мұң. Жылап-сықтаған қыз-келіншектер. Уайым есеңгіреткен ер азаматтар. Бұның бәріне шалқар шабыт өзінен бастау алған Шыңғыстау шыңдары куә. Басын бұлт қаптаған. Өмірін ақиқатты аңсап, «қазағым» деумен өткізген Ұлы кеуде Абай дүниеден өтіпті...

Ол жеті жаста еді... Әжесіне ілесе кіріп, кемел ақыл иесі, асыл ағасымен қоштасып шықты. Ес біліп қалған баланың жанарына түйдек-түйдек жас іркілген. Қатарласа кіріп жатқан қоштасушыларға тіксіне қараған. Анталаған адамдардың азалы дауыстарынан шошынып қалған. Бұл Абайдың алдын көрген ұл. Бойында қимастық бар. Абай жатқан жақтан көзін тайдырмай тұруға дәті бармай, қалың нөпірге араласып кетті. Бұйраттарға сырын ағытқан Абай кетіп бара жатқандай меңіреу даладан көзін алмай өкси берді... өкси берді...

Уақыт сырғыды...

- «Балам», - деді Әуез. – «Адам бойындағы аталған екі қасиет Ақыл, Қайратты жүрекке бағындыру керек» деген Абай атаң. «Жарықтық, біліп айтса керек. Бұны өсиет деп қабылда. Өміріңнің серігі қыл». Ол үнсіз. Осыған дейін де атасының аузынан Абайдың талай өлеңін жаттап алған. Немен айналысса да, қайда жүрсе де ойында - Абай. Сондай кездерде бойын бұрын соңды болмаған сезім билейді. Қиялы қарыштап, ойы аспандағандай болады. Алғаш арумен жанын жақын қылған да Абайдың «Желсіз түнде жарық айы». Алтыбақан... Әсем ән... Ол үшін Абай - үлкен мектеп. Сол мектепке енген сайын, өзін есігінен әрі ассаң, мол кеңістікке кезіктіретін «Қоңыр әулие» үңгіріне кіргендей сезінеді. Қадамды баса түссе, құпияға көкірегі қанатындай. Бойласаң, ене бересің. Түпсіз...

Абай арқылы құлашын кеңге жайды. Кәкітайдың машақатын көтере жүріп, талай шығынға батып, көп зардап көріп бастыртқан ағасының кітабын аударыстырады да отырады. Қай жиынға барса да, Абайды айтпай қалған жері жоқ. Өлеңдерін нақышына келтіріп, қоңыр дауысын толқымалы сазға салып, оқып та береді. Жанына жақын, өмірде арқасүйер жандары дүние салып, қос бауырын құшағына қысып, көз жасын сығып отырғанда жүрегіне жігер берген Абайдың «Қайғы көрсең қарсы тұр, құлай берме» деген сөзі еді. Осыны Абай өзі кеп айтып кеткендей күйге бөленген Мұхтар есін лезде жиып алған-ды.

«Халықтың бақытты болуы - ғылым мен өнерге байланысты». Күні-түні қайталайды. Қайда жүрсе де, ғылым мен өнерге кезігуді қалайды. «Ойында жоқ бірінің, Салтыков пен Толстой...» Толғанды... Уақытын кітап оқуға арнады. Өзге ел ақындарын Абай аудармалары арқылы танып қана қоймай, өз ізденісімен тұғыры биік талай тұлғамен танысты. Ел арасында шындықты айта алмай шарқ ұрып, аузына құм құйылғандардың маңдайдағы сорын көргенде, ақынның «Кеселді боп бітеді, Жақсыға біткен жақындар» дегені ойына келетін. Абай ағам осы жайтты көріп, біліп, айтып тұрған жоқ па екен деп алақ-жұлақ жан-жағына қарайтын. Ақынның мұңын ұқты. Ол да қазақ елін қараңғылықтан жарыққа суырып алғысы келді. Елінің жылдар жылжыса да жартас сынды міз бақпай жатқанын көзі көргенмен, үміт үзген жоқ. Себебі «Үміт үзбек - қайратсыздық» дейтін.

Ұстаз тапсырмасы бойынша дайындаған ең алғашқы «Дауыл» шығармасымен де ертеңінен үміт күттірген-ді. Уақыт өте келе «Еңлік- Кебек» пьесасы жазылған қолжазбасын Мекайілге апарып беріп, қандай баға берер екен деп көңілі жайсызданғанда, «Лас атаулыны су тазартса, сол суды көңіл тазартады» деді... Көңілден артық төреші жоқ. Бастысы өзім сенімдімін ғой деп өз-өзіне басу айтты. Ол пьеса жалпақ жұртқа ұнап, алғаш сахналанғанда да өзін Абай қолдағанын іштей сезінген. Әртүрлі жерде әртүрлі адаммен пікірлес болып, бәрін жете түсінген. Қай қияға жол тартса да, Абай екі елі ажырамаған. Сөзі, өсиеті барар жеріне бағыт-бағдар беріп тұрғандай. Көп ойына алып, күндіз-түні өлеңін қайталағаннан ба, кейде далада жалғыз серуендегенде Абай бейнесі көзіне елестейтін. Қолында кітабы бар, желбегей жамылған киімі желмен желпілдегендей болады. Абайдың он жылдығына орай өткізілген кештегі баяндамаға да, ел арасында өлеңмен сөз таластырып, айтысқа түскен ақындардың Абайды айтқандарына да көңілі толмайтын. «Абайды бұлай айтпайды» деп назын білдіретін.

Өздігінен ізденгеніне біраз уақыт өткен. Атасынан, ел адамдарынан естіген естеліктерді жадында сақтайтын. Қабаттаса үйілген ойлар тасып, төгіліп жататын. Бір-бірімен қармасқан сол ойлар жазу үстеліне келгенде сейіліп кетіп, соқа басы сопайып, жалғыз өзі ғана қалатын. Алайда еңсесін түсірмеді. «Абай туралы жазылу керек. Жазамын», - деп шешті. «Мыңмен жалғыз, соқтықпалы соқпақсыз жерде» алысқан ақынның даңғыл жолын таңдады. Арман мен қиял жетегіне ерді. Таң қылаңдатқан шақта далаға шығып кететін. Ондағы ойы - Абаймен сырласа түсу. Сылдыр-сылдыр су ағып, сыңғыр-сыңғыр дыбыс келетін құлағына. Судың кіршіксіз тазалығы бойындағы мөлдір мұңды қозғайтын. Бұл Абайдың кіндік қаны тамған Қасқабұлақ еді. Тастан тасқа соғылған бұлақ суы Мұхтардың пікірін жуып өтетін. Орам ойлары қалқи жүзіп, келмеске кетіп бара жатқандай болатын. Бұлақ басындағы арпалыстан алыстап, жырақтағы дөң басына ұзақ көз тастап отыратын. Бұл кезде өздігінен кесіп-пішкен Абай жайлы жазатынын бастап та кеткен. Осылай серуендеу арқылы жазу үстеліне соны ойлар әкеліп, тоқтамастан жазып жататын. Өлке табиғаты ерекше әсер қалдыратын.

«Еңлік- Кебек» пьесасын жазарда да оқиға желісі өрілген жерлерге ұзақ қарап өткен. Алагеуімде түнгі жұмысын аяқтай сала, атына мініп, жүріп кеткен-ді. Ақынның мәңгілікке жамбасы тиген жері Жидебайға барып, бейіт басында ұзақ отырып, үлкен жүректің кішкене төбешік боп жатқанына сене алмаған. Бұның бұл жүрісі күзетші қарияның үрейін тудырған. Күзетшінің: «Ескерткіш тұрғызу керек!» дегеніне «Ескерткіш тұрғызылады»,- деп жауап қатып, өз жөніне кете беріпті...

Өзінің жатқа білетін жырларымен қоса, басқа да өлеңдерді жинақтау жолында маңдайын терге малған-ды. Себебі кей өлеңнің ел арасында айтылып жүрген нұсқасы мен қолжазбадағы нұсқасында өзгеріс болатын. Абай өлеңдерін көшіріп алған Мүрсейітке іштей разы боп отыратын. Көзіне ақын ұлынан айырылған Шыңғыстау құлазып тұрғандай көрінетін. Ақ шарбы бұлттар ғана маңдайындағы сорын бүркегендей ме, қалай?.. Жаймен аққан Ертіс те тұнығына талай мұңды тығындап қойғандай әсер беретін. Шың-құздардың, жазық, шоқылардың әрқайсысында бір сыр бардай... Ақшоқыны аралағанда Абай өлеңдері көкейінде сайрай жөнелетін. Өрелі өсиет, өлмес өлеңдердің талайы осы жерде туған екен. «Татьяна сөзі» де осында аударылған. Мұхтар атыраптың осынша киелілігіне таңдана қарап, үнсіз қалатын.

Бұл кезде Абай жайлы аз жазбаған. Солай болғанмен де, көңілі көншімейді. Көкейіндегі ой әлі дамыл таппағандай. Абай аулын аралайтын. Кеңқоныс... Бұл ақынның ыстық демі суынып, өмірмен қош айтысқан жері. Талай жүрекке мұң боп орнаған өңір. «Ой, бауырымдаған» жандардың өксігіне куә болған өлке. Мұхтардың бала кезі есіне түскен. Жеті жаста. Әже жетегінде. Жылап еңіреген дауыстар естілгендей болғанмен, тез басылып, көз алдына көне естеліктер келді. Абай өмірінің соңғы күндері, соңғы сағаттары өткен жер... Бала кезі. Бір байланыс бардай...

Кеңқоныстан әкелген әсерімен жазу үстеліне ұзақ отырды. Күнге күн жалғасып, түнмен түн ауысты. Дамылсыз жазу. Ойында Абай! Қолында қалам! Жүректе Ақыл мен Қайрат! Әуелде атасы айтқан Абай өсиеті... Өміріне серік қылыпты. Жазғандарына қараған сайын бойын күрсініс билейді. Сыртқа көз салса, өңірдің тамаша табиғаты... Мұхтар сан күнді тынымсыз өткеріп, күздің суығына мұңын жалғап, жаз түндерінде Жидебай аспанындағы шоқтанған жұлдыздарды кезіп, көктемгі күнін Тоғжан мен Абай кездескен Түйеөркеште өткізіп, қар жауып, қаһар төгіп, ақтүтек боран борап тұрған қыстың қытымыр күнінде, аңызақ аязды ақпан айында, ар мен намыстың биік тұлғасы саналған, кемеңгер ойшыл, ақыл мен терең ой мекендеген мектеп бола білген, қайда жүрсе де қасынан табылған, «Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп өмірдегі шындықты айтып кеткен ақын Абай жайлы жазуының соңғы нүктесін қойды.

Абайдың балалығынан бастау алып, өсіп, жетіліп, ел мұңын, шерін айтқан кезін қамтып, өмірінің ақырғы сәтімен бір-ақ тұйықталды. Әуелде Жидебай жазығында Абай бейітінің күзетшісіне айтқан ескерткішін мәрмәр, я балбал тастардан емес, кіл маржанын тізіп, көркем сөзбен тұрғызды. Иә... Жаңбыр жыл бойы жауса да, құлауды білмейтін мәңгілік мұра жасады. Жазушы ойға алған туындысын аяқтағанына сенбей, соңғы қойған нүктесіне қарап, ауыр күрсінген...

...Үстелімде «Абай жолы» романының төрт томдығы мен Абайдың әр жылдары шыққан өлең кітаптары. Төрт томдықты аударыстырып шықтым. Тек зор дарын мен өнеге ғып айта жүрер өмірге куә болғам жоқ, қазақ елін, жерін көрдім. Даналыққа ғана көзім жетіп тоқтай қалғам жоқ, қазақ деген елдің салт-дәстүрін, басынан кешкен базынасы мен назын көрдім. Үндестікті сезіндім. Ол - қазақ халқын қараңғылықтан жарыққа өрлету жолындағы рухани үндестік. Абай қараңғы түнек арасында тұрып, жарықтағы жарқылға ұмтылып жазған өлеңдері мен қара сөздері арқылы халықты надандықтан құтқарсам деді. Ал Мұхтар хакім Абайды ұлықтау арқылы елін шыңға өрлеткісі келді. Абайды өмірдегі серігі етіп, бізге талай туынды сыйлады. Арманмен алысқа самғағандар... Себебі «Арманы үлкен адамның өзі де үлкен». Проза мен поэзиядағы, өнер мен білімдегі, руханият пен мәдениеттегі қос алып. Асқар тау. Қойнауы тұнған қазына. Шыңдарында үш асыл: Ақыл, Қайрат, Жүрек.

Шыңына телміріп өтермін. Көкірек - арман, көңілімде - алаң. Аппақ үмітімді өлмес өсиетпен көмкерейін, арман-жүрекке құшағыңды ашшы, Ұлы ақын, Ұлы жазушы...

Марлен Ғилымхан,

БҚО, Орал қаласы.

Бөлісу: