25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жат ағымның аңдығаны не?

Жат ағымның аңдығаны не?

Мақалалар
Жарнама

«Байлық, байлық емес, бірлік байлық» деп «бірлікті» ту еткен тәуелсіз елміз. Тарихымызды таразыласақ, шынайы көңілмен босағамызды аттаған әрбір бейтанысты құшақ жая қарсы алатын тектілікке иеміз. Оның үстіне жақсы ниетпен келгенге опасыздық жасаған жеріміз жоқ.

Қанымызда бар осындай құндылықтар тәуелсіз Қазақстанды саясат сахнасында үлкен абыройға бөледі. Қазір елімізді әлем демократиялық дамушы мемлекет ретінде таниды. Танып қана қойған жоқ, Ұлы Дала елін төрткүл  тарап түгел құрметтейді. Осының барлығы ел бірлігінің жемісі.

Қай уақытта болмасын бейбітшілік пен тыныштықты  сақтаудың мәні зор. Бір үзім нан үшін босқынға айналған елдердің өмірінен сабақ алсақ, ел тыныштығы мен тәуелсіздігімізден құнды байлық жоқ екеніне көзіміз жете түседі. Бүгінде әлем экономикалық қана емес, рухани дағдарысқа да ұшыраған. Діни дүрдараздықтар мен ұлтаралық жанжалдар дөңгеленген дүниені әлі де жағадан алып тұр. Сондықтан төзімділік пен өзара сенімді нығайтып, адамзатқа ізгілікті насихаттау қажет.

Енді дін мәселесіне келер болсақ дінсіз адам кездескенімен, діни сенімдері жоқ қандай да бір қауым немесе қоғам болған емес. Себебі дін – рухани мәдениеттің қайнар көзі. Мәдениеттердің бір-біріне деген игі әсері, өзара тоғысуы және имандылық пен парасаттылық, тектілік пен зиялылық арқылы мәдениеттер байып өркендейді. Осы арқылы адамзат өркениеттерінің өзара үйлесімі қалыптасады. Атақты философ Анри Бергсон дін жайында: «Өткен тарихта және заманымызда ғылымды, пәлсапаны білмейтін қоғамды кездестіруге болады. Бірақ, дінсіз қоғам болмайды» деген екен.

Елімізде қандай да бір ресми немесе міндетті діннің жоқтығын  Қазақстандағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың басты сипаттамасы ретінде анықтауға болады. Бұл еліміздің ар-ождан және діни сенім бостандығын мойындайтындығы мен қамтамасыз ететіндігін, азаматтардың өз еркімен және қандай да бір мәжбүрлеусіз дінге қатынасын анықтай алатынын немесе өзін қандай да бір дінмен байланыстырмай және белгілі бір діни институттарға жүгінбей-ақ өмір сүре алатындығын білдіреді.

Мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынасты ұйымдастырудың осындай тәсілі елімізде мәдени және дүниетанымдық саналуандылық пен плюрализмнің орнығуына жағдай жасап отырған заманауи көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстанның үйлесімді даму мақсатына толыққанды сәйкес келеді.

Қазіргі таңда қоғамды алаңдатып, «мәселе» туындатып отырған жат ағымдар аз  емес. Кейбір келеңсіз істер қоғамдық мәселелерді өршітіп отыр. Бөліну де, өзге дінге ену де, жат ағымға тұсалғандар  да таңсық ұғым болып тұрған жоқ! Халық ішінде үрей тудырып, сананы тұмшалауға күш салып жатқан деструктивті діни ағымдар көбінесе жастар арасында белең алуы ойланарлық жәйт. Сондықтан, діни ағымның артынан ерген жастарымызбен кешенді түрде үздіксіз жұмыс жүргізу керек. Қазіргі жат ағымдардың соңында кеткен бауырларымыз адасушылықта. Олардың дені бүгінгісін ғана ойлап, ақиқаттан шеттегендер.

Жалпы қоғамда діни-экстремистік идеологияға қарсы түсінік қалыптастыруды, дінге қызығушылық танытатын тұрғындардың сауатын көтеруді күн тәртібінен түсіруге болмайды. Әсіресе тұрғындардың дін саласындағы мәселелерге қатысты сауатын арттыру, ақпараттандыру және түсіндіру, сондай-ақ, дәстүрлі рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ұлттық бірегейлік пен тұтастығымызды нығайту қажет. Радикалды идеялардың таралуының алдын алу және азаматтардың бойында жат діни идеяларға төтеп бере алатын иммунитет қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар әлі де атқарылуы тиіс.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Сендерге бірге болу – міндет», - деу арқылы  дүниеден өтерінде үмметін бөлінуден барынша сақтандырған екен. Радикалдардың шырғалаңына түскен қаракөздеріміз рухани әрі психологиялық көмекке мұқтаж болғандықтан, алдымен олардың діни сауаттылығын, зайырлы кәсіби білімін жетілдіріп, патриоттық әрі ұлттық санасын жандандыруға көңіл бөлген жөн.

Мұндай ұлттық мүддеге қарсы күрес әлі де жүргізілетін болса, онда елдің қанға сіңген қазақы құндылықтарының тамырына балта шабылары сөзсіз. Елдің қасиеті мен жердің қадірі қашанда биік тұрады. Қандай да бір ұлттың ерекшелігі жойылатын болса, жері мен байлығы тістегеннің аузында кетпесіне кім кепіл!?

Бүгінгі жастарды жаман әрекеттерден арашалау үшін мемлекет тарапынан барынша күш жұмсалып жатыр. Біз де арам ниеттілерден сезіктенгендіктен қарлығаштың қанатымен су сепкендей басайық деген ниеттеміз. Тек жастарымыз жат ағымдардың тұзағына түспесін!.

Дінтанушы-сарапшы Тұрар Әбуов

Бөлісу: