25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Көрші ақысы қандай?

Көрші ақысы қандай?

Мақалалар
Жарнама

Тыныш әрі бақытты өмір сүру үшін айналамыздағы адамдармен жақсы мәміледе болу шарт. Исламның да басты миссиясы адам баласының екі дүниеде бақытты болуын қамтамасыз ету.

Ол үшін ең алдымен әрбір адам өзінің отбасынан бастап көршілерімен, ауылдастарымен, отандастарымен, тіпті барлық адам баласымен жақсы қарым-қатынаста болуы қажет. Бұл әлеуметтік тыныштықтың, әділеттіліктің, қауіпсіздіктің ең басты шарттарының бірі. Әрі адам баласы әлеуметтік жан. Жалғыз басына өмір сүру ол үшін азап. Ал, қазіргі қалалық өмір адамдар арасындағы байланыстың азаюын тіпті ушықтырып отыр.

Алла Тағала Құранда өзіне серік қоспауды бұйырған аятында жақын және алыс көршілермен ізгі байланыста болуды тапсырады. Тіпті көршіні кәпір, мұсылман деп бөлмейді. (Ниса сүресі, 4/36) Сондықтан да мүфәссірлер мұсылман болмаған көршілермен де жақсы қатынаста болу керек деп түсіндірген (Куртуби, 4/184). Осыдан болар халқымыз «Көрші ақысы – Тәңір ақысы!» дейді.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да: «Жәбірейл маған көршіні тапсырғаны соншалық, көршіні көршіге мұрагер қыла ма деп ойладым», - дейді. (Бұхари, Әдеп, 28; Мүслим, Бирр, 140; Тирмизи, Бирр, 28)

Тағы бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уаллаһи мүмин болмайды (үш рет) дейді. «Кім, уа Алланың Елшісі дегенде: «Көршісіне зияны тиген адам» (Тирмизи, Ахкам,18; Мүснәд, 1/235) деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш түрлі көрші бар: Үш ақысы бар көрші, екі ақысы бар көрші, бір ақысы бар көрші. Туысың саналатын мұсылман көршіңнің, көршілік ақысы, мұсылмандық ақысы және көршілік ақысы бар. Туыс емес мұсылман көршіңнің, мұсылмандық ақысы және көршілік ақысы бар. Ал мұсылман емес көршіңнің көршілік ақысы бар» (Құртуби, 5/184) дейді. Олай болса, бәрінің де көршілік ақысы бар деген сөз. Қазақ халқы «Үй алма, көрші ал!» дегенде де көршінің адам өміріндегі орнын білдірсе керек.

Ал көршілердің арасында да бірінің ақысы екіншісінен артықтары бар, олар: «Есігі ең жақын көрші жақсылық жасауға басқасынан бұрын лайық» (Бұхари, Әдеп, 32). Ал көршілердің ақысы жайлы нақты баяндалған хадистер де бар. Мәселен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Әбу Зәр! Көже пісіргенде суын көбірек құй. Көршіңді қара!» (Мүслим, Бирр, 142). Абдулла ибн Аббастан (р.а.) жеткен хадисте де: «Көршісі аш бола тұра өзі тоқ болып ұйықтаған адам бізден емес!» мағынасындағы хадистің де айтары салмақты.

Жалпылама алғанда көршінің қандай ақылары бар дегенге келсек, ол хадисте төмендегідей тізбектеледі:

- «Қарыз сұрағанда беру,

- көмек сұрағанда қол ұшын созу,

- мұқтаж болса жәрдемдесу,

- науқас болса көңілін сұрау,

- өмірден өтсе жаназасына қатысу,

- бір табысқа қол жеткізсе бірге қуану, оны құттықтау,

- басына қиыншылық келсе, қиыншылығын бөлісу,

- көңіл айту,

- қазанның иісімен оның мазасын алмау,

- пісірген тамағыңнан беру,

- үйінің төбесіне шықпау,

- оның рұқсатынсыз самал желді бөгемеу,

- жеміс-жидек алсаң одан да беру, бөлісу, болмаса оның үйіне де алу;

- балаң аулаға оның баласын қызықтыратындай бір нәрсемен шықпау. Не айтқым

келгенін түсінесіңдер ме? Көршінің ақысын Алланың аз ғана құлдары орындай алады» (Құртуби, 5/188) дейді.

Әрбір ісімен үмметіне өнеге болған Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір жолы Айша анамызға (р.а.): «Құрбан етін яхуди көршімізден бастап тарат», - дейді.

Көршілер арасындағы тағы бір маңызды хақылардың бірі «Мағұн» хақы. Мағұн хақы дегеніміз (Құранда «Мағұн» сүресі де бар), Құран тәпсіршілерінің айтуынша, күнделікті қажеттілікке пайдаланатын инеден балтаға дейінгі заттарды бөлісу. Тіпті мінетін көлік те «Мағұнға» кіреді. Алла Тағала (ж.ж.) «Мағұнды» бермегендерге лағынет айтқандығына қарағанда, көршінің пайдалану үшін уақытша сұраған нәрселерін де бермеуге болмайды.

Қорыта айтқанда, «Көршің жақсы болса ұйқың ғана тыныш» емес, мойнымызда көптеген хақысы болған адамдарға хақысын беру де мұсылманның басты міндеттерінің бірі. Алланың алдында көршіміздің ақысынан да сұралатындығымызды ескерсек, бұл мәселеде мұқият болғанымыз абзал.

Ең бастысы көршілермен тату өмір сүру – қоғамның тыныштығы. Қатты әуендерді қойып көршіні ұйықтатпау, әртүрлі жағдайларда көршілердің мазасын алу сияқты жағымсыз қылықтар қазіргі қоғамда көп кездесетін жайтқа айналды. Бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін көрші ақысын білу жеткіліксіз. Оны жүзеге асыруымыз қажет. Алла Тағала дүниеде көршілерімізге жақсы мәміледе болып, жақсы адамдармен көрші болуды, ақыретте де Пайғамбарымыз Мұхаммедпен (с.ғ.с.) көрші болуды нәсіп етсін!

Мұхит Көпжасар,

«Нұр Астана» мешітінің азаншысы

Бөлісу: