26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жалқау тек жатар, ырысы да қашар

Мақалалар
Жарнама

Жалқаулық тұтастай бір ұлттың көш соңында қалуына алып келетін қасиет. Жалқау тек жатар, ырысы да қашар демекші бұл кедейлікке ұшырататын бірден бір мінез.

Сонымен қатар, қоғамда ұрлық пен қылмыстың дендеп кетуіне де еріншектік септігін тигізеді. Жалқаулық жабысқан адам жұмысқа деген ынтасы өте төмен боп келеді. Сонымен қатар, жұмыстан құлшылықты сылтауратып қашса, ғибадатты ынтамен орындауда да жұмысын айтып сытылып қашуға әрекет етеді. Соңында, тұрлаусыздық пен тұрақсыздық әдетіне айналады. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте былай делінген: «Сендер ұйқыда жатқанда шайтан желкеңе үш түйін байлайды. Әрқайсысын түйіп: түнұзақ жата тұр дейді. Ұйқысынан оянып Алланы зікір етсе, бір түйіні шешіледі. Дәрет алатын болса, тағы бір түйіні шешіледі. Ал, намаз оқыса тағы бір түйіні шешіледі. Осылайша белсенді және жаны жай тауып тұрады. Ал тұрмаса жаны жаман боп жалқау боп жүреді[1]». Міне, бұл хадисте жалқаулықтың бір себебі әрі одан құтылудың жолы көрсетілген.

Күн бойына жемісті еңбек ету үшін және тың жүрудің әдісі – таңмен бірге оянып, құлшылық етуден басталатыны айтылуда. Құлшылыққа құлшынысы жоқ, енжар һәм екіжүзді кісі Құран Кәрімде:

وَإِذَا قَامُوا إِلَى الصَّلاةِ قَامُوا كُسَالَى يُرَاءُونَ النَّاسَ وَلا يَذْكُرُونَ اللَّهَ إِلاَّ قَلِيلاً

«...Қашан олар намазға тұрса, жалқауланып тұрады. Адамдарға көрсету үшін оқып, олар Алланы өте аз еске алады[2]», - деп көрсетілген.

Жалқау кісі бір ұжымның тізгінін ұстаған адам болса, оның зияны тағы да ұлғая түсері анық. Үйінде жатыпішердің бір отбасыға зияны тисе, мекеме басшысының жалқаулығы тұтастай ұжымға залалды болмақ. Сахаба Әнас (р.а.) риуаят етеді: «Ақиқатында, Алла Тағала басшы болған әрбір адамнан өз қарамағындағы кісілер жағдайынан есеп алады. Тіпті, ер кісіден отбасы жағдайынан да сұралады».[3]

Еңбек етуге ынтасыздығын «жұмыс жоқ» деген сылтаумен ақтайтын адам не істеу керек? Ер жігітке жеті өнер де аз дегендей, кез келген жұмыстан тартынбаңыз. Еңбекқор болыңыз. Еңбек ер азаматты абыройлы етеді. Жұмыссыз жатқаннан, есік алдына шығып, отын жарып, көрші қолаңға көмектескен әлдеқайда пайдалы. Табысы мол жұмысты күтіп жатқаннан жаман нәрсе жоқ. Бұл сағымға алданға шөлдеген адамның кейпіне келеді.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің бірің қолына арқан алып, бір бума отынды арқалап, оны сатып, сол арқылы Алла Тағала оның абыройын сақтауы адамдардан қол жайып сұрап, олардың біреуі берсе, біреуі бермейтін күйге тап болуынан әлдеқайда жақсы[4]», - деген. Еңбектің наны тәтті. Бүгін азын-аулақ табыс табарсыз, алайда маңдай термен тапқан аз табыстың өзінде мол берекет бар. Еңбек пен талап ер азаматты мұратына жеткізеді. Бастысы, ешуақытта әрекетсіз жатпаңыз.

Мұсылман – жүрегі таза, асқақ мінез иесі. Ар-намысын биік ұстайды. Жұртқа масыл болуды ешуақытта құп көрмейді. Жалқаулық, еріншектік деген жаман қасиеттен жиренеді. Жәбірейіл періште әз-Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Мұхаммед! Мұсылманның қасиеті – түнгі құлшылығында, ал үстемдігі адам баласына мұқтаж болмауында[5]», - деген екен.

Жалқаулық адамды қоғамда ең жаман кісіге айналдыратын дерттердің бірі. Адамға жабысқан бұл індеттен құтылуға болады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, Алла! Саған әлсіздік пен жалқаулықтан сақта деп пана сұраймын...[6]», - деген дұғаны айтуды үйреткен. Бұл ең басты және алғашқы қадам. Осы дұғаны тұрақты айтумен қатар, жұмыс тауып еңбек етуге кірісу керек. Нәтижесінде, тілмен айтқан дұғасын іс-әрекетімен қуаттап, Алла Тағала ол тілекті қабыл етуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, жалқаулық адамның жағдайын өзгертіп, тұрмысын түземейтіндігін түсіну қажет.

Ербол Мәмбетов

"Нұр Астана" мешітінің наиб имамы


[1] Бұхари, Муслим

[2] Ниса сүресі, 142-аят

[3] Насаи, Ибн Хиббан

[4] Бұхари

[5] Хаким

[6] Бұхари, Муслим

Бөлісу: