25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбардың (ﷺ) апайы

Пайғамбардың (ﷺ) апайы

Ислам жұлдыздары

Ислам туы биікте желбіреп, мейірім шуағы адамдардың жүректерінде орнығуы үшін барын аямаған сахабалардың арасында ерлігі ерлердікінен кем болмаған даңқты сахаба әйелдер де бар еді.

Солардың бірі – есімі алтын ғасыр қаһармандарымен бірге аталған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) апайы хазірет Сафиия Әбдімүттәліпқызы. Хазірет Сафиия (р.а.) жетім қалған кішкентай бауырына анасын жоқтатпауға тырысатын. Алла Расулын (с.ғ.с.) жанындай жақсы көріп, одан қолынан келген жәрдемін аямады. Арада көп жылдар өтті. Сүйікті бауырына пайғамбарлық келген кезде еш шәк келтірместен, иман келтіріп, алғашқы мұсылмандардың алдыңғы қатарында болды. Бала кезінде Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) мейірімімен шомылдырған хазірет Сафиия бауыры өзінің Пайғамбарлығын жариялағаннан кейін оған қолдау көрсетіп, Исламның кең қанат жайып таралуы үшін жанын салды.

Тағдырдың қызық ісіне қараңыз, ол бауыры хазірет Мұхаммедке үлкен көмекші болса, ал, ағасы Әбу Ләһәб оған дұшпандық жасағандардың басы-қасында болды. Әбу Ләһәб Пайғамбарымызға және мұсылмандарға азап көрсетуден шексіз ләззат алатын. Бір күні Әбу Ләһәбтің Пайғамбарымызды жәбірлегенін естіп, төзімі сарқылған ол ағасы Әбу Ләһәбқа барып: «Бауырыңның ұлына және ол әкелген дінге көмектеспеу саған жараспайды. Кітап иелерінің (яһуди, христиан) ғалымдары Әбдүлмүттәліптің ұрпақтарынан пайғамбардың шығатынын айтады. Сол пайғамбар – бауырымыз Мұхаммед», – деп, оның жүгенсіздігін тежемек болды. Алайда ол кезде әйел адамның сөзі тыңдалушы ма еді.

Әбу Ләһәбқа асыл сөзін қор қылғанына көзі жеткен хазірет Сафиия ағасынан түңіліп қайтады. Ағасына сөзі өтпей, шамырқанған Сафиия ұлы Зүбәйрді Ислам қаһарманы етіп өсіру үшін құйтақандай кезінен темірдей тәртіпке баулып, қиындыққа төзімді етіп тәрбиеледі. Кей кездері шықпыртып сабап та алатын. Баласына жаны ашығандардың неге мұнша қатал тәрбиелейтінін сұрағанда: «Төзімді болып өсуі үшін осылай істеймін. Өйткені, ол келешекте әскерді басқарады», – деп жауап беретін. Ол тәрбиесінің жемісін де көрмей қалған жоқ. Ұлы Зүбәйр ердің ері болып өсіп, көзі тірісінде Жәннаттық болып сүйіншіленген он кісінің бірі, Исламның жанкешті қаһарманы болды.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға қоныс аударғанда ол да баласы Зүбәйр ибн Әууәммен бірге Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) артынан кетті. Осылайша Алла жолында һижрет ету даңқына ие болды. Ол Ислам тарихында «Кәпірді жер жастандырған алғашқы мұсылман әйел» атанды. Бұған себепші Хәндәқ шайқасындағы бір жағдай еді: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) егде тартып әрі денсаулығы нашар болғандықтан, Хәндәқ шайқасында балалар мен әйелдерді Хасанның қасына тастап шыққан еді. Қолына қылыш ұстай алатын барлық ерлердің майдан алаңында мұрындарына су жетпей жүргенін пайдаланып, әлдебір яһуди, қорғансыз жандарды өлтіру ниетімен әйелдер мен балалар тығылған үйге баспалап жақындайды. Мұны хазірет Сафиия байқап, қария Хассанға айтады. Хассанда дұшпанға қарсы тұралық қауқар жоқ еді. Хазірет Сафиия жауды жайғауды өз қолына алуына тура келді. Оның қолында ағаштан басқа қару да жоқ болатын. Яһудидің артынан жайлап барып қолындағы ағашымен басынан ұрады. Құлаған яһудиді жатқан жерінен тұрғызбай соққының астына алып, әп-сәтте жер құштырды.

Жасы алпысқа таяған қаһарман әйелдің соғыс алаңдарында көрсеткен ерліктері де айрықша. Ұхұт шайқасы кезінде хазірет Сафиия биіктеу бір төбеге шығып, соғыс алаңына көз тігеді. Мүшріктердің сүйікті бауырына қатер төндіруінен қорықты. Осы кезде мұсылмандардың жеңіліске ұшыраған хабарын естіп, бір орнында байыз таппай, қасына бірнеше әйелді ертіп майдан алаңына тартады. Алғаш кездескен жауынгерден Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жағдайын сұрайды. Пайғамбардың тірі екенін естіп қуанады, бірақ бауыры хазірет Хамзаның (р.а.) шейіт болғанын естиді. Бауыры Хамзаның денесін көзімен көргісі келіп іздеуге кіріседі. Мұны байқаған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Зүбәйр ибн Әууәмға: «Анаңа айт, кері қайтсын. Бауырының бұл күйдегі денесін көрмесін», – деді. Хазірет Зүбәйр анасына Пайғамбарымыздың «кері қайтсын» дегенін айтып, тоқтатқысы келді. Ал, хазірет Сафиия (р.а.) денесі не күйде болса да бауырын соңғы рет көргісі келіп: «Мен онсыз да оның тілім-тілім кескіленіп, мылжа-мылжа болғанын естіп келемін. Бауырымның қандай халде екенін көрмей, кері қайта алмаймын. Ол мұндай азапқа Алла үшін төзді. Бұдан асқан мәртебе бар ма?! Біз Алла жолында бұдан да ауыр азапқа разымыз. Сабыр сақтап, шыдаймын. Сабырымның сауабын тек Алладан күтемін», – дейді. Анасынан осындай жауап естіген баласы Зүбәйр мұндай сабырлы ананың ұлы болғаны үшін Аллаға шүкірлік етті.

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) анасының жауабын сөзбе-сөз жеткізгенде, Пайғамбарымыз: «Олай болса жібер, көрсін», – деп рұқсатын береді. Хазірет Сафиия бауыры Хамзаның (р.а.) адам танығысыз, жантүршігерлік денесінің қасына келді. Өкпесі суырылып алынған, құлақ-мұрны кесіліп, денесі әбден мылжаланған. Сабырлы Сафиия Алланың тағдырына мойынсұнып былай деді, «Уа, Аллам, біз сенің құлдарыңбыз. Сенен келдік, саған қайта ораламыз. Бауырымның күнәлары болса, кешіре гөр!». Пайғамбарымыз әпкесінің сабырлығына разы болып, періштелердің Хамзаны «Алланың және Расулының арыстаны» деп жазғанын хабарлайды.

Пайғамбарымызды өз баласындай жақсы көрген хазірет Сафиия (р.а.) Ғаламның рақым нұры (с.ғ.с.) бақилық болғаннан кейін он жылдай өмір сүріп, екінші халифа Омардың тұсында қайтыс болды. Ол бақи мазарына жерленген[1].

 Материал «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] А. Шаннауи, ниса’ус-сахаба, ауд. Т. Узун, Сахабе хаятындан таблолар, Анкара, 1991, 3:244-251; Сахабилер ансиклопедиси, 2: 792-795.

Бөлісу: