25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дұғасына бөленген жаужүрек әйел сахаба

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дұғасына бөленген жаужүрек әйел сахаба

Ислам жұлдыздары

Мәдиналық мұсылмандар Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) және иман еткен басқа да мұсылмандарға құшағын айқара ашып, оларды өздерінің бауырына басқанша тағатсызданды. Ислам тарихында «екінші Ақаба серті» деп аталған келісім кезінде Мәдинадан Меккеге Алла Расулын өз жерлеріне шақырып, оған көмектесуге серт берген жетпіс бес кісі бар еді.

Олардың арасында екі әйел болатын. Солардың бірі – Несібе деп танылған Үмму Умара. Үмму Умара – Пайғамбарымыздың Мәдинаға мұғалім етіп жіберген парасатты сахабасы Мусғаб ибн Умәйрдің себепкерлігімен мұсылман болған, иманы берік әйел сахаба. Ол Алла мен Расулының (с.ғ.с.) жолында шыбын жанын пида етуге әзір болатын.

Қанқұйлы Ұхұт ұрысында Пайғамбарымызға берген сертінде тұрып, әйел басымен шайқасқа қатысып, теңдессіз ерлік көрсетті. Жаужүрек Несібе бұл шайқасқа күйеуі және екі баласымен бірге қатысты. Шайқастың басында мұсылмандардың күші басым болғанмен, Алла Расулының әмірін ұмытып орындарын тастап кеткен оқ атқыштардың қателіктерінен мұсылмандар ауыр шығынға ұшырады. Осы тұста Алла Расулының (с.ғ.с.) маңындағы сахабалардың біразы шейіт болып, оның айналасында өте аз адамның қалғанын көрген бұл қаһарман әйел Алла Елшісіне бір зиян келмесін деп, өзі қорғауға ұмтылды. Алла Елшісін өлтіруге жанталасқан мүшріктерден Алла Расулын шамасы жеткенінше қорғауға тырысты. Пайғамбарымыз «Ұхұт күнінде оңыма да, солыма да қарағанымда Үмму Уммараның өліспей-беріспей шайқасып жатқанын көрдім» деп оның ерлігін дәріптеген. Осы шайқаста баласы жараланды. Ол баласының қолын дереу таңып, оған: «Балапаным, кәне, Алла Расулының (с.ғ.с.) алдында шайқасып, оны дұшпаннан қорға», – деп өз баласын Алла Расулының (с.ғ.с.) жолында шайқасуға жұмсады. Несібенің өзі де бұл шайқаста қатты жарақат алған еді.

Ұрыс кезінде азулы мүшрік Ибн Камия Пайғамбарымыздың жүзін жарақаттап, екі тісін сындырды. Пайғамбарымыздың қан жауып кеткен жүзін көргенде жауыз мүшріктің жанын жаһаннамға жөнелтуге асыққан Умму Умара оған қылышын сермейді. Алайда екі қабат сауыт киіп алған дұшпанына бұл шыбын шаққан құрлы да болмайды. Ибн Камия ұрыста тұрысты білмейтін Несібенің иығын семсерімен сойып түседі. Басқа сахабалар ержүрек әйелге жәрдемге үлгеріп, жанын аман алып қалады. Оның жарақат алғанын көрген Алла Расулы Абдуллаһқа: «Анаңның жарақатын таң», – деді. Шыбын жанын шүберекке түйіп шайқасқан бұл отбасына «Алла сендердің отбасыларыңа мейірім-шапағатын жаудырсын!» деп дұға етті. Мұны естіген Үмму Умара шабыттана түсіп: «Уа, Расулулла! Алладан Жәннатта бізді өзіңмен көрші етсін деп тілек тіле»,– дейді. Бұл бақытты, жаужүрек әйелдің көңілін қалдырмай, алақанын көкке қаратып, ол : «Уа, Алла, бұларды жәннатта маған қоңсы әрі жолдас ет», – дейді.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл дұғасын естіген Умму Умараның төбесі көкке жетіп: «Бұдан кейін басыма қандай қиындық келсе де көтеріп алуға мен әзірмін» – деп Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігін жеткізді. Осы кескілескен шайқаста қаһарман Үмму Умара он үш жерінен жарақат алды. Иығынан алған жарақаты жыл бойы жанын қинап әрең жазылған еді. Үмму Умара Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тұсында Ұхұт соғысынан басқа Хайбар және Хунәйн ұрыстарына да қатысты.

Хазірет Үмму Умара жаужүректігімен қатар жақсы жар, аяулы ана да еді. Ол бары мен базарын Ислам жолында жұмсап, балаларын да солай тәрбиелеп өсірді. Оның ұлы Хабиб Аммауандан Мәдинаға қайтар жолда өзін пайғамбар деп жариялап жүрген жалғаншы Мусәйләмаға кезігеді. Мусәйлама Хабибтен: «Сен Мұхаммедтің пайғамбар екендігін растайсың ба?», – дегенде, ол мақұлдап оң жауап қатады. Мусәйлама: «Менің де Алла расулы екеніме куәлік етесің бе?», – дегенде, Хабиб тіксініп: «Ешқашан да мұны айтпаспын», – дейді. Өзіне жақпаған бұл жауаптан Мусәйлама оның бір қолын шауып түсіреді. Сұрағын қайталап қойғанда, қаһарман әйелдің ұлы Хабиб «жоқ» деген жауабынан тайынбайды. Мусәйлама оның екінші қолын да шауып түсірді. Қылышын төндіріп қиындық көрсетсе де, иманы берік Хабиб алаяқ Мусәйламаны мойындамады. Ашуға булыққан Мусәйлама Хабибті өлтірді.

Қайғылы хабарды естіген анасы баласының шейіт болғанын сезіп, өзін жұбату арқылы сабыр шақырды. Алайда оны күйзелтіп жанын жегідей жеген бір мәселе бар еді. Ол жалғаншы Мусәйламаның тірі жүруі болатын. Жаужүрек Үмму Умара: «Егер мұсылмандар бұл залымға қарсы қол жинап аттанар болса, қылышымды асынып мен де солармен бірге шығармын», – деп бұл тілегінің орындалуын, ұлының кегін қайтаруды сабырсыздана күтті. Ақырында көптен күткен күн де келіп жетті. Халифа Әбу Бәкір бүлікшіл, жалғаншы Мусәйламаға қарсы әскер жасақтады. Бұл әскерге өзінің екінші ұлы Абдуллаһпен бірге Үмму Умара да қосылды. Йәмәмада қаңқұйлы шайқас болып, Несібе ханым бұл ұрыста да үлкен ерлік көрсетіп, бірнеше жерінен жарақат алды. Ақырында мұсылмандар жеңіп, Мусәйламаның жаны жәһаннамға кетті. Оның өлгенін естіген Үмму Умара қуаныштан сәждеге жығылып, Аллаға шүкіршілік етті.

Мұсылман әскері Мәдинаға жеңіспен оралғаннан кейін Әбу Бәкір қаһарман әйелдің жағдайын сұрау үшін арнайы үйіне барды. Ол халифа болып тұрған кезінде бұл даңқты әйелге әрдайым құрмет көрсетіп өтті. Алла Елшісін жанынан да жақсы көріп, ол үшін шыбын жанын аямаған, Жәннатқа баратындығымен сүйіншіленген Үмму Умараның қашан және қай жерде қайтыс болғандығы жайлы нақты мәлімет жоқ[1].

Материал «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] А. Халил Жум’а, Ниса’у мубашшарату бил-жанна, Бейрут, 1990, 1: 124; Сахабилер ансиклопедиси, т.2, 831-834.

Бөлісу: