19
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Қыс мезгілі – көп құлшылық етушілердің маусымы

Қыс мезгілі – көп құлшылық етушілердің маусымы

Ислам тарихы

Қыс басқа мезгілден күнінің қысқалығымен, түнінің ұзақтығымен ерекшеленеді. Уақытының әрбір минутын жемісті істермен толтырғысы келетін мұсылман адамға бұл – Раббысына жақындау үшін таптырмас мүмкіндік.

Имам Ибн Ражаб әл-Ханбали (Алла оны рақымына алсын) өзінің «Латаифу әл-мағариф» кітабында ол туралы былай дейді: «Расында қыс – мүміннің көктемі. Себебі ол құлшылық бақшасында емін-еркін кезіп, ғибадат алаңында мейлінше өрістейді. Әрі өзіне жеңіл келген амалдар бағында жүрегі тазарады. Жан-жануарлардың көктемгі бақта жайылып, денесіне ет пен күш жинайтыны секілді мүмін де қыста Алла жеңіл еткен ғибадаттармен өз дінін дұрыстай алады». Әрі басқа бір сөзінде қыстың түнгі намазы жаздың оразасымен тең келетіндігін айтады.

Кезінде сахабалар қыс мезгілі жақындағанда қуанатын болған. Мәселен, Абдулла ибн Мәсғуд (Алла оған разы болсын) қыс мезгілі жақындағанда: «Қыс мезгілі қош келді! Ол мезгілде береке жауады. Намаз үшін түні ұзақ, ораза үшін күндізі қысқа», – деп қыстың пайдалы тұсына назар аудартқан.

Әзіреті Омар болса (Алла оған разы болсын) қыс мезгіліне байланысты: «Қыс мезгілі – көп құлшылық етушілердің ғанибет маусымы», – деп сипаттама берген. Үлкен табиғиндердің бірі – Убаид ибн Умаир әл-Ләйси (Алла оны рақымына алсын) былай дейді: «Уа, Құран иелері! Құран оқуларың үшін түндерің ұзарды, ендеше оны оқыңдар. Оразаларың үшін күндерің қысқарды, ендеше ораза тұтыңдар».

Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын): «Қыс – мұсылман үшін ғажап мезгіл. Себебі оның түні түнгі намаз үшін қолайлы әрі ұзын, ал күндізі ораза тұтушы үшін жеңіл әрі қысқа».

Ғұлама әт-Тыбби (Алла оны рақымына алсын): «Қыстыгүні ораза тұту – олжа. Себебі адам қарны ашпастан және көп қиналмастан сауапқа кенеледі». Миғдад ибн Язид әл-Ғижли (Алла оны рақымына алсын) былай дейді: «Егер мына үш нәрсе – аптап ыстықта шөлдеу, қыстың ұзақ түндері және түнді Құран оқумен ояу өткізудің ләззаты болмаса, мен тіпті (бұл өмірде) болуды қаламас едім».

Оның бұл сөзі – таңқаларлық дүние емес, себебі ғибадатта ләззат бар. Кім оның дәмін татса, бәрін табады. Ал кім одан мақрұм қалса, барлығынан мақрұм қалмақ. Абдулла ибн Уаһб (Алла оны рақымына алсын) айтқандай: «Әрбір ләззатты нәрсенің бір ғана ләззаты бар, ал ғибадаттың үш ләззаты бар: ғибадатта болғандағы ләззат, оны еске алғандағы ләззат және оның сауабы берілгендегі ләззат». Алла Тағаладан бізге бірінші және екінші ләззатты нәсіп етуін және Өзіне қауышқан күні үшінші ләззаттан мақрұм қалдырмауын сұраймыз!

Муғаз ибн Жәбәл (Алла оны рақымына алсын) өлім халінде жатқан кезде көзіне жас алады. Сонда одан: «Өлімге қайғырып жылап жатырсың ба?», – деп сұралғанда ол: «Алламен ант етемін. Мен өлімге қайғырып немесе дүниелеріңді қалап жылап жатқан жоқпын. Мен аптап ыстықта шөлдеу мен қыстың түнгі намазы үшін жылап жатырмын», – дейді. Яғни аптап ыстықта ораза ұстау мен қыстың ұзақ түндерінде намаз оқудың ләззатынан айырылып қалатындығы себепті оның көзіне жас келді. Осы секілді риуаят Амир ибн Қайстан да (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі. Қыстың артықшылығына, күні ұзақ әрі түні қысқа болғаны себепті басқа мезгілден қарағанда ізгі істерді орындау оңай болғанына қарамастан, қыс – сақ болу керек болған жау. 

материал «Қыс – мұсылманның көктемі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: