Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ауырып жатқан ансарлық сахаба әйел Умму Сәйибтің көңілін сұрауға барады.
Барғанда оның абыржыған, мазасыз кейпін көріп:
– Умму Сәйиб! Не боп қалды, аһілеп-үһілеп қалыпсың ғой? - дейді.
– Қызуым шығып жатыр. Алла артын қайырлы етсін!
– Қызуды (яғни, ауруды) сөгіп айыптамаңдар, Умму Сәйиб! Ол көріктің болатты шыңдап тазартқанындай адамды да күнә-қателіктерден тазалайды! - дейді Пайғамбарымыз (с.ғ.с).
Алла мына үш себепті адамға ауру беріп сынайды екен. Олар:
1. Күнә-қателіктерін кешіріп, өшіру үшін.
2. Өзінен бет бұрып, алыстап кеткен пендесінің көңілін Өзіне қайыру үшін.
3. Ақыреттік дәрежесін асқақтату үшін.
Шынында да, адам ауырған соң сабырдан кейін тек сабасына түсіп, тәубе етіп, шүкіршілік жасаудан артық аса алмайды. Ерекше Мейірімді болған Раббымыз сені азаптап не істесін? Сынақтан, ауру-сырқаудан ғибрат алу керек. Шүкіршілік жасап, истиғфарды көп айтудың пайдасы – мол.
Сахаба Хаким ибн Хизамның әпкесі Умму Ула сырқаттанып қалады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оның көңілін сұрауға барып:
– Қуана бер, Умму Ула! От күмісті тазартқандай мұсыл- манның ауруы да оны күнә-қателіктен тазартады, - деді.
Барлық істе Аллаға тәуекел ет те, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтқанына илан. Сеніммен барлық нәрсе қайырлы болады. Нығметке шүкір еткендей сынаққа сабыр ету де – сауап.
Шариғат бойынша табаныңа кірген шөңкеден бастап басыңа жеткен уайым-қайғыға дейін барлық қиындық күнә-қателік өтемі болады. Отбасыңа әкеп берген адал асың – садақа. Ауырғанда ыңырсығаның – тәсбихтың сауабымен тең, әр ауырсыну күнәға кәффарат болады.
Алла – Рахымды. Оның рахымдылығы тіпті ауырған кезде де айқын бола береді.
материал Аслан Орақбайдың «Компас» кітабынан алынды,
ummet.kz