16
Сенбі,
Қараша

һижри

Ізгілер не себепті бағалы киінген?

Ізгілер не себепті бағалы киінген?

Ислам тарихы

Аталмыш сахабалардан бөлек, үлкен ауқатқа ие ғалым-ғұламаларымыз да жетерлік. Мәзһәбымыздың көшбасшысы имам Әбу Ханифадан бастап, имам әл-Бұхари, имам Мәлік және тағы да басқа ұлы ғалымдарымызды айтуға болады.

Ғалымдарымыз өздерінің ауқаттарына сәйкес ең қымбат, ең бағалы киімдерді киген. Бұлай сәнді әрі бағалы киінуде тұрған еш ағаттық жоқ. Сахаба Абдулла ибн Аббас (Алла оған разы болсын) өзінің бір сөзінде былай дейді: «Қалаған тамағыңды же, қалаған киіміңді ки. Бірақ ысырап пен тәкәппарлық сені адастырып қоймасын», - дейді.

Атақты тәпсір ғалымының майталманы Имам Фәхр әд-Дин әр-Рази өзінің тәпсірінде: «Уа, Адам баласы! Әрбір құлшылық орнында сәнденіңдер» аятын былайша тәпсірлеген: «Алланың осы бұйрығы зейнеттеніп, сәнденудің бүкіл түрін қамтиды. Яғни, мешітке барарда тазалану, әтірлену, жақсы көлікпен бару, ең әдемі деген киімдерді киіп бару. Егер ер адамға алтын, жібек бұйымдар харам болмағанында осылардың қатарына ол екеуі де еніп кетер еді», - дейді.

Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын) өзінің бір сөзінде: «Ер адамның еркектігінің бір көрінісі – киімінің кіршіксіз болуы», - дейді.

Анас ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Таза киім, сұлу болмыс, көтеріңкі еңсе – Пайғамбарлықтың қырықтан бірі», - дейді.

Имам әш-Шариғи (Алла оны рахымына алсын) былай дейді: «Кімде-кім киімін ұқыпты әрі жарасымды кисе, уайымы азаяды. Ал кімде-кім әрдайым жақсы әтірленіп жүретін болса, ақылы артады».

Имам Мәлик: «Қарапайымдылық – киген киімде емес, бәлки, тақуалық пен дінде», - дейді. Әрі ол әртүрлі киім кигенді жақсы көретін болған. Тіпті риуаяттарда оның жұма күні бүкіл сәнді киімін киіп, аяқ киіміне дейін сәнденіп алатыны айтылған. Имам Мәликтің шәкірті Бишр әл-Хафи оның киімі жайлы мынадай деректі жеткізген: «Бір күні ұстазыма жолыққан уақытта бес жүз дихрамға жуық бағадағы шапан киіп отырғанын байқадым. Ол әрдайым аппақ киімдерді кигенді жақсы көретін».

Ал мәзһабымыздың көшбасшысы имам Әбу Ханифаның ілімділігінен бөлек, өте бай әрі жомарттығымен танылғаны баршамызға мәлім. Оның жұма күнгі киген киімдері мыңдаған дихрам шамасында болған. Имам Хатиб әл-Бағдади өзінің «Тарих» кітабында Әбу Ханифа жайлы мынадай оқиғаны жеткізеді: «Әбу Ханифа (Алла оны рахымына алсын) дәріс барысында бір шәкіртінің өте ескі киім киіп отырғанын көреді. Содан соң барлық шәкірті дәрістен шыққан соң, әлгі шәкіртке кілемнің астындағы 1000 дихрамды беріп, үстіне жаңа киімдер сатып алып, жағдайын ретке келтіріп алуын бұйырады. Әлгі шәкірті олай жасай алмайтынын айтқан уақытта Әбу Ханифа: «Ей, пәленше! «Алла құлына берген нығметтерді оның үстінен көрініп тұрғанын жақсы көреді» деген хадис саған жетпеді ме?!», - деп, жауап берген.

Қорытындылай келе, ізгілердің бағалы киінудегі бір себебі – Алланың нығметін үстерінен көрінгенін қалағандары.

материал «Ризық кілттері» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: